БастыReview
Бөлісу

Жарияланбаған соғыс: Израильдің Иранға жаппай шабуылы немен аяқталуы мүмкін?

Руслан  Сулейманов

Руслан Сулейманов

Жарияланбаған соғыс: Израильдің Иранға жаппай шабуылы немен аяқталуы мүмкін?

Израильдің Иранға қарсы тарихтағы ең ауқымды шабуылы екі ел арасындағы шиеленісті күрт күшейтті. Дегенмен, толыққанды соғыс басталды деуге әлі ерте. Израильден тағы бір соққы алған Иран билігі міндетті түрде жауап қайтарады, бірақ оның әрекеті тек символикалық шекте болуы мүмкін. Алайда бұл жағдай тек Таяу Шығысқа ғана емес, бүкіл әлемге әсер етуі ықтимал, дейді шығыстанушы Руслан Сүлейманов.

Қауіптің күшеюі

13 маусым жұма күні таңертең Израиль Иранға бірқатар әуе шабуылын жасады. Израиль тарапының мәлімдеуінше, негізгі нысана — Иранның ядролық және әскери объектілері мен жоғары әскери басшылары болған. Шабуылға шамамен 200 израильдік жойғыш ұшақ қатысып, Иран аумағындағы 100-ден астам нысанға соққы жасалды.

Алайда шабуыл мұнымен тоқтаған жоқ. Күндіз де Израиль Иранға соққыларын жалғастырды. Ал Иран жағы Израильге қарай жүзден аса дрон мен баллистикалық зымыран ұшырды.

13 маусымдағы шабуыл – Израильдің Иранға қарсы күші мен көлемі жағынан бұрын-соңды болмаған әрекеті. Бірақ бұл алғашқы шабуыл емес. Өткен жылдың көктемі мен күзі кезінде де екі ел бір-біріне соққы жасаған. Алайда ол жолы шабуылдар көбірек имидждік мақсатта жүргізілген, ал шығын көлемі анағұрлым аз еді.

Бұл жолы Израиль әскері кем дегенде алты ирандық ядролық физикті және Иран армиясының жоғары шенді өкілдерін көздеді. Қаза тапқандар арасында — Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-майор Мохаммад Багери, әуе қорғанысы штабының командирі генерал-лейтенант Голям Али Рашид, Ислам революциясы сақшылар корпусының басшысы генерал-лейтенант Хосейн Салами бар. Сонымен қатар ядролық келіссөздердің басты өкілдерінің бірі, аятолла Хаменеи кеңесшісі Али Шамхани де қаза тапты.

Қаза тапқандар арасында ИРСК-тің аэрокосмостық бағдарламасын басқарған генерал-майор Али Хаджизаде де бар. Ол баллистикалық зымыран жасау бағдарламасының негізгі тұлғаларының бірі саналатын.

Израиль бұл жолы алғаш рет Иранның ядролық нысандарын, соның ішінде Натанз қаласындағы уран байыту зауытын да соққыға алды. Бұл ақпаратты Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) растады.

Шабуыл салдарынан бейбіт тұрғындар да зардап шекті. Иран мемлекеттік БАҚ-ының соңғы мәліметінше, 78 адам қаза тауып, 329 адам жарақат алған. Бұған дейін Израиль диверсия жасаған кезде қарапайым халықтың өліміне жол бермеуге тырысатын.

Басты жеңімпаз

«Оянып келе жатқан арыстан» деп аталған бұл операцияның басты жеңімпазы — Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.

Газа секторында 20 айдан астам уақытқа созылған, бірақ нақты нәтижелерге жетпеген соғыстан кейін Нетаньяхудың саясаты ел ішінде де, шетелде де сынға ұшырай бастаған еді.

Масштабты шабуылдың алдында Кнессетте (Израиль парламенті) өзін-өзі тарату туралы заң жобасы дауысқа салынды. Бұл бастаманы оппозиция ұсынған болатын, бірақ Нетаньяхудың одақтастары оны 61 дауысқа 53 дауыспен тоқтатты.

Енді, Иранмен әрбір қақтығыс кезінде болғандай, Нетаньяхудың қарсыластары да ортақ жауға қарсы бірігуді көрсетеді. Парламенттегі оппозиция жетекшісі Яир Лапид: «Елдің қауіпсіздігіне келгенде біз — бір халықпыз, бір миссияда бірігеміз», — деді.

Сондай-ақ Еуропа елдерінің де қолдауын қайтарып алуға мүмкіндік туды. Бұған дейін Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс үшін сын айтқан Франция президенті Эммануэль Макрон: «Израильдің өзін қорғауға және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге құқығы бар», — деп мәлімдеді. Ал бірнеше апта бұрын ол Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындау қаупін төндіріп тұрған еді.

Бүкіл назар — Иранға

Израиль премьерін АҚШ президенті Дональд Трамп та қолдады. Ол Израильдің шабуылдарын «ерекше» деп бағалап, Иран билігін Вашингтонмен ядролық келісімге келуге шақырды. Әйтпесе мұндай шабуылдар жалғасатынын ескертті.

15 маусымда Оман астанасында Иран мен АҚШ арасындағы алтыншы келіссөз раунды өтеді деп күтілуде. Егер ол жүзеге асса, Иран тарапы әлдеқайда әлсіз жағдайда отыруы мүмкін.

Экономикалық дағдарыс, 40%-дан асқан инфляция және жанармай бағасының өсуіне қарсы жаппай наразылықтар Иранды бұрынғы қас жауы — АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге мәжбүр етті.

Алайда Тегеранның уран байытуын азайту мәселесіндегі қатаң позициясы Трамптың үмітін су сепкендей басты. Ол Truth Social желісінде Иранға қарсы операциядан бұрын хабардар болғанын және Иранға келісімге келу мүмкіндігін бергенін айтты. Reuters-ке берген сұхбатында Трамп: «Мен және менің командам Израильдің шабуыл жоспары бар екенін білдік. Иранға бұл жайында ескерту бердік», - деді.

Иран бұған дейін де ауыр соққыларға ұшыраған. 2020 жылы Бағдад маңында АҚШ генералы Касем Сулейманиді өлтіргеннен кейін, Иран тіпті Трамптың ұсталуына ордер беріп еді. 2024 жылы Израиль Дамасктегі Иран консулдығына шабуыл жасағанда да, Тегеран тікелей жауап қайтармады.

Әр жолы Иран билігі жауапты мұқият ойластырып, ашық соғысқа алып келмейтіндей әрекет жасайтын.

Биыл да Тегеран жаңа соғысқа жол бермеуге тырысады. Олар үшін ең бастысы — абыройды сақтап қалу және мұндай шабуылдарға жауап қайтармай отырмайтынын көрсету. Израильге қарай бағытталған дрондар мен зымырандардың массалық шабуылы — осының белгісі.

Дегенмен, Иран өз әскери басшыларынан айырылып, халықаралық беделіне ауыр соққы алды. Оның одақтастары да, былтыр Сирия мен Ливандағы жеңілістерін көріп, Тегеранның өз жетекшілерін де қорғай алмайтынын тағы байқады.

Алайда қарапайым халық арасындағы құрбандар Иран билігінің беделін ішінара күшейтуі мүмкін. Себебі соңғы кезде ел ішінде үкіметке деген қолдау азайған.

Бұдан бөлек, Али Шамханидің өлімі Иранның ядролық келіссөздердегі ұстанымын қатаңдатып жіберуі немесе мүлде тоқтатып тастауы мүмкін.

Сауд Арабиясы секілді Таяу Шығыстағы маңызды елдер шабуылды айыптап, тараптарды сабыр сақтауға шақырғанымен, жаңа қақтығыстардың алдын ала алмайды.

Ұзақ мерзімде Таяу Шығыстағы шиеленіс Газа секторындағы соғыс тоқтамайынша жалғаса бермек. Ол аймақты ХАМАС басқарады, ал ХАМАС-ты Иран қолдайды. Сондықтан бұл тек Израиль мен Иран арасындағы емес, кең ауқымды текетірестің бір көрінісі.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары