Қорғаныс, туризм, жүк тасымалы: Таяу Шығыстағы шиеленістен кімдер ұтты, ұтылған кім?

Таяу Шығыстағы Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің күшеюі кейбір салалардың қаржылық көрсеткіштеріне тікелей әсер етті. Еуропалық және америкалық қорғаныс компанияларының акциялары қымбаттап, мұнай бағасының өсуімен бірге мұнай-газ компанияларының да құнды қағаздары көтерілді. Алтынның тарихи максимумға жақындауы алтын өндіруші компанияларға пайда әкелді. Керісінше, туризм мен жүк тасымалдау салаларында тәуекел артып, кейбір компаниялардың акциялары арзандап жатыр. Төменде осы жағдай әр саладағы нақты компанияларға қалай әсер еткені баяндалады.
Қорғаныс өнеркәсібі
13 маусымдағы сауда басталғаннан кейін АҚШ Қорғаныс министрлігінің негізгі мердігерлері – Lockheed Martin, General Dynamics, Northrop Grumman, L3Harris және RTX компанияларының акциялары 2,2–3,7% аралығында өсті. Еуропалық қорғаныс компаниялары да өсім көрсете бастады. Мысалы, шведтік Saab пен германиялық Rheinmetall компанияларының акциялары тиісінше 3% және 2,8%-ға қымбаттады. Тағы бір неміс компаниясы Renk Group акциялары 2,3%-ға көтерілді.
Мұнай
Brent маркалы мұнайдың жеткізу келісімшарттары жұма күні 7,5%-ға өсіп, барреліне 74,5 долларға жетті. Бұл — 2022 жылғы наурыздан бергі ең ірі күндік өсім болуы мүмкін, деп жазады The Guardian. Күндізгі саудада баға 13%-ға дейін көтерілген. Америкалық WTI маркасының фьючерстері де шамамен 7%-ға өсіп, 72,8 долларға жетті. Exxon Mobil компаниясының акциялары 1,8%-ға, ал Chevron қағаздары алғашқыда 2%-ға дейін өскенімен, кейін өсім баяулады.
Алтын
Алтынның спот бағасы 1,8%-ға өсіп, унциясы 3446,8 долларға жетті. Бұл – тарихи максимум 3500 долларға өте жақын көрсеткіш. Әлемдегі ең ірі алтын өндіруші компания Newmont акциялары 2%-ға көтерілсе, канадалық Barrick Gold акциялары 2%-дан астамға өсті.
Жүк тасымалдау
FedEx – АҚШ-тың жетекші экспресс-жүк тасымалдаушысының акциялары шамамен 1%-ға арзандады. Оның бәсекелесі United Parcel Service (UPS) те сондай шамада төмендеді. Ал дат логистикалық алыбы Maersk-тің қағаздары 5%-ға жуық көтерілді. Израильдік ZIM контейнерлік компаниясының акциялары 1%-ға, ал қытайлық COSCO қағаздары 7%-ға жуық өсті.
Криптовалюта
Криптовалюталар да бұл ахуалдан кері әсер алды. Биткоинның бағасы 2%-дан аса төмендеп, 105 мың $ шамасына түсті. Екінші ірі криптовалюта Ethereum бірден 7%-ға құлдырады. Биткоинның негізгі корпоративтік иесі Strategy компаниясы мен Coinbase Global криптобиржасының акциялары сәйкесінше 1,6% және 1,9%-ға түсті. Robinhood Markets және криптомайнингпен айналысатын MARA Holdings акциялары 1,5% және 4,3%-ға арзандады.
Туризм
Туризм саласына қатысты компаниялардың құнды қағаздары қысымға ұшырады. Инвесторлар тәуекелдің өсуі туристер ағынын тежейді деп қауіптеніп отыр. Бұған қоса, мұнай бағасының күрт көтерілуі сала кірісіне кері әсер етеді. British Airways иесі IAG, сондай-ақ EasyJet пен Deutsche Lufthansa секілді әуе компанияларының акциялары 3,5–5% аралығында арзандады. Круиздік компаниялар Carnival (–5%), Norwegian Cruise (–3,7%) және Royal Caribbean Cruises (–2,6%) да шығынға ұшырады. Қонақүй және курорт желілері де қысым көруде: Hilton Worldwide акциялары 2%, ал Marriott – 2,5%-ға арзандады. Бұған трейдерлердің Израиль шабуылдарынан кейін туристік сұраныстың азаюын ескере бастауы себеп болды.
Қор индекстері
АҚШ-тың S&P 500, Dow Jones және Nasdaq Composite секілді негізгі қор индекстері 0,7–1,5% аралығында төмендеді. Жалпы еуропалық Stoxx 600 индексі 0,8%-ға, ал Германияның DAX индексі 1,3%-ға түсті.








