БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Ормуз бұғазы — мұнай тасымалындағы маңызды нүкте

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Ормуз бұғазы — мұнай тасымалындағы маңызды нүкте

Ормуз бұғазы — Парсы шығанағына кіреберістегі тар теңіз дәлізі — әлемдік мұнай саудасының төрттен бір бөлігін қамтамасыз етеді және үнемі геосаяси шиеленістің ортасында болып тұрады. Израиль мен Иран арасындағы конфликт күшейіп жатқанда, әлемдегі ең маңызды мұнай тасымал жолдарының бірі саналатын Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысына қауіп төну салдарынан нарықта алаңдаушылық күшейіп отыр. Иран бұғазды бұғаттаймыз деп бірнеше рет сес көрсетіп, сол маңнан өткен сауда кемелеріне шабуыл жасаған. Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы беріп, жоғары лауазымды әскери қызметкерлерін жойғаннан кейін, ауқымды соғыс тәуекелі күшейіп, бұл бағыттың осалдығы тағы да назарға ілікті.

Ормуз бұғазы қайда орналасқан?

Бұл теңіз жолы Парсы шығанағын Үнді мұхитымен байланыстырады: солтүстігінде — Иран, ал оңтүстігінде — Біріккен Араб Әмірліктері мен Оман орналасқан. Бұғаздың ұзындығы шамамен 161 шақырым, ал ең тар тұсындағы ені — небәрі 34 шақырым. Әр бағыттағы кеме жүретін арналардың ені бар болғаны 3 шақырымнан ғана. Тереңдігінің таяз болуы кемелерді мина үшін осал етсе, жағалауға — әсіресе Иран жағына жақын орналасуы оларды жағалық зымырандармен, патрульдік қайықтармен және тікұшақтармен шабуыл қаупіне ұшыратады, деп жазады Bloomberg.

Оның рөлі қандай?

Ормуз бұғазы жаһандық мұнай саудасы үшін аса маңызды нүкте саналады. Bloomberg есептеуінше, 2024 жылы бұл бұғаз арқылы Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, БАӘ және Ираннан тәулігіне шамамен 16,5 млн баррель шикі мұнай мен газ конденсаты тасымалданған. Сонымен қатар, бұл бағыт сұйытылған табиғи газ (СТГ) жеткізуде де негізгі рөл атқарады — әлемдік көлемнің бестен бірінен астамы, негізінен Катардан, дәл осы маршрутпен өтеді. 2025 жылы Ормуз бұғазы арқылы ай сайын 500 млн баррелден астам мұнай мен 3 мыңнан аса кеме жүрген. Мұндай жүк ағынын балама бағыттарға бұру өте қиын. 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы мәліметке сүйенсек, бұғаздан өтетін кемелердің басым бөлігі Грекия, Жапония және Қытайға тиесілі — бағыт жабылса, ең көп зардап шегетін елдер де солар болмақ. Қақтығыс ушыға түссе, АҚШ пен Израильмен байланысы бар кемелер шабуылға ұшырауы мүмкін. Алайда Қызыл теңіздегі соңғы дағдарыс мұндай байланыстарды нақты анықтау әрдайым оңай емес екенін көрсетті — бұл өзге кемелер үшін де тәуекелдерді арттыра түседі, деп жазады Lloyd's List.

Иран кеме қатынасына қашан араласқан?

Иран бірнеше жылдан бері Парсы шығанағында кемелерді тұтқындау немесе қудалауды санкциялар мен саяси жанжалдарға жауап ретінде қысым көрсету құралы ретінде қолданып келеді, деп жазады Bloomberg. Соңғы оқиғалардың қатарында — 2024 жылдың сәуірінде Израильге тиесілі MSC Aries контейнер кемесінің, 2023 жылы АҚШ-қа бет алған танкердің және 2022 жылы екі грек кемесінің ұсталу фактілері бар. Бұл әрекеттер теңіз ережелерін бұзды деген ресми айыптаулармен түсіндірілгенімен, олар Батыс елдерінің Иран мұнайын тәркілеуіне жауап ретінде қабылданды.

Иран бұғазды бұғаттады ма?

Иран ешқашан Ормуз бұғазын толықтай жапқан емес. 1980–1988 жылдар аралығындағы Иран–Ирак соғысы кезінде қос тараптың танкерлері жиі шабуыл жасап, бұл жағдай сақтандыру төлемдері мен мұнай бағасының өсуіне әкелді. 2011 жылы Иран санкцияларға жауап ретінде Ормуз бұғазын жабамыз деп сес көрсеткенімен, бұл қадамға барған жоқ. Қазіргі уақытта да трейдерлер Тегеранның мұндай әрекетке баратынына күмәнмен қарайды: себебі бұл Иранның өз экспортына да зиян келтіреді. Бұған қоса, Иранның әскери-теңіз күштері аймақтағы АҚШ пен оның одақтастарына қарағанда әлдеқайда әлсіз. MSC Aries кемесіне қатысты оқиғаға дейін Иран ӘТК басшылығы елдің бұғаздағы қозғалысты тоқтата алатынын, бірақ оған барғысы келмейтінін мәлімдеген.

Ормуз бұғазын қалай қорғауға болады?

1980-жылдары «танкер соғысы» кезінде АҚШ-тың Әскери-теңіз күштері Парсы шығанағында кемелерге ілесіп жүруді бастаған. Ал 2019 жылы АҚШ басқаратын әскери-теңіз коалициясы Парсы шығанағы суларындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған операцияны қолға алды. Бұл қадам Вашингтон мен оның одақтастары Иранды айыптаған бірқатар шабуылдардан кейін жасалған еді.

2023 жылдың соңынан бастап әскери күштердің назары Ормуз бұғазынан Қызыл теңіз бен Аден шығанағын жалғайтын маңызды бағыт — Баб-эль-Мандеб бұғазына ауысты. Иран қолдайтын йемендік хуситтердің шабуылдары бұл аймақты одан әрі осал ете түсті.

Ормуз бұғазына ең қатты тәуелді кім?

Сауд Арабиясы Ормуз бұғазы арқылы ең көп мұнай экспорттайды, алайда ол мұнайдың бір бөлігін Еуропаға Қызыл теңіз жағалауындағы терминалға дейінгі 1200 шақырымдық құбыр арқылы жеткізе алады. Бұл бағыт Ормуз бен Қызыл теңіздің оңтүстік бөлігін айналып өтеді. Біріккен Араб Әмірліктері де өз бағыттарын әртараптандырған: күніне 1,5 млн баррельге дейінгі мұнай Омандағы Фуджейра портына дейін құбыр арқылы тасымалданады, ол Ормуз бұғазының оңтүстігінде орналасқан.

Ирак толығымен Басра портынан теңіз арқылы мұнай экспорттауға тәуелді, бұл оны Ормуз бұғазының жабылуына ең осал елдердің біріне айналдырады. Кувейт, Катар және Бахрейннің де балама экспорт бағыттары жоқ. Ормуз бұғазына Иранның өзі де тәуелді, алайда 2021 жылдан бері ол Джаск қаласындағы жаңа экспорт терминалын пайдаланып келеді. 2024 жылдың соңына қарай бұл терминалдағы қоймаларда мұнай қоры біртіндеп жиналып, Иранға бұғазды айналып өтуге шектеулі мүмкіндік беріп отыр. Ормуз арқылы өтетін мұнайдың негізгі бөлігі Азия елдеріне бағытталады.

Израиль — Ормуз бұғазы бұғатталған жағдайда Таяу Шығыс өңірінде тікелей шығын көрмейтін жалғыз ел, деп жазады саудиялық Arab News таблоиды. Израильге қажетті мұнайдың барлығы Жерорта теңізі арқылы Әзербайжаннан (Баку–Тбилиси–Жейхан мұнай құбыры арқылы), АҚШ, Бразилия, Габон және Нигериядан жеткізіледі.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары