Мұнай бағасының өсуі АҚШ-та стагфляция қаупін күшейтті — Apollo

Израиль мен Иран арасындағы өзара соққылардан кейін мұнай бағасының шарықтауы АҚШ экономикасында стагфляция қаупін күшейтті — яғни, баға өсіп жатқанымен, экономикалық өсім баяулайды. Бұл туралы АҚШ-тың ірі инвестициялық компанияларының бірі Apollo Global Management ескертті. Компанияның пікірінше, Федералды резерв жүйесі (ФРЖ) қазір күрделі таңдау алдында тұр: инфляцияны тежеу үшін жоғары мөлшерлемелерді сақтау қажет пе, әлде экономиканы қолдау мақсатында ақша-несие саясатын жұмсарту керек пе
Егжей-тегжейлі
«ФРЖ моделіне сәйкес мұнай бағасының 10 долларға тұрақты өсуі АҚШ-тағы инфляцияны 0,4%-ға арттырып, ЖІӨ-ні 0,4%-ға төмендетеді. Сонымен қатар, кедендік баж салығы да инфляцияны күшейтіп, экономикалық өсімді тежейді. Иммиграцияға шектеулер де жалақы инфляциясын өсіріп, жұмыс орындарының көбеюін баяулатады. Мұнай бағасының өсуі кедендік тарифтер мен көші-қон шектеулерінен туындаған стагфляциялық соққыны ушықтыра түсуде», — дейді Apollo компаниясының бас экономисі Торстен Слок.
Оның айтуынша АҚШ-тағы стагфляция қаупінің артуы алдағы аптада өтетін ФРЖ отырысы қарсаңында орталық банк үшін айтарлықтай қиындық туғызуда. «Жоғары инфляция мөлшерлемені көтеруді талап етеді. Ал ЖІӨ өсімінің баяулауы керісінше, мөлшерлемені төмендетуді қажет етеді. Енді ФРЖ қай бағытқа басымдық береді: инфляциялық қысымды тежеуге ме, әлде экономикалық өсімнің бәсеңдеуін болдырмауға ма?» — деп жазды Слок.
ФРЖ отырысынан не күтуге болады
Уолл-стрит сарапшыларының болжамынша 18 маусымдағы отырыста ФРЖ базалық мөлшерлемені 4,25-4,5% деңгейінде өзгеріссіз қалдырады. Инвесторлар үшін басты сұрақ — мөлшерлеме қашан төмендей бастайды? The Wall Street Journal-дың жазуынша инфляцияның — тұтынушылық та, өндірушілік те — күткеннен төмен көрсеткіштері шыққаннан кейін көптеген сарапшылар мөлшерлемені төмендету циклінің ерте басталуын болжауда. LSEG деректеріне сәйкес нарықтар қазан айында мөлшерлеменің төмендеуін толық бағалап отыр, бірақ кейбір болжамдар бұл процесс қыркүйекте-ақ басталуы мүмкін екенін көрсетуде. Бұған дейін нарықтар мөлшерлеме желтоқсанға дейін төмендемейді деп күткен еді.
Басқа сарапшылар не дейді
Citi сарапшыларының пікірінше нарық мөлшерлеменің төмендеу ықтималдығын жеткілікті бағаламай отыр. Банк базалық инфляцияның баяулауы мен жұмыссыздық бойынша қайталама өтініштердің көбеюін еңбек нарығының салқындау белгісі ретінде қарастырады.
Алайда, жаңа кедендік баждар мен геосаяси тәуекелдер, әсіресе Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің ушығуы жағдайында, мөлшерлеменің төмендеуін кейінге қалдыруы мүмкін. 12 маусымдағы Allianz Research баяндамасында ФРЖ инфляция шыңына жетпей тұрып ақша-несие саясатын жұмсартуды бастамайды деп болжайды. Allianz АҚШ-тағы инфляция шыңы 2025 жылдың төртінші тоқсанына қарай күтіледі деп санайды. Ал мөлшерлеме кемінде желтоқсанға дейін өзгеріссіз қалуы мүмкін.
Жалпы жағдай
Мамыр айындағы отырыста ФРЖ басшылары экономикалық белгісіздік пен жұмыссыздық пен инфляцияның жоғарылау қаупі ақшалай-несиелік саясатта байыпты ұстанымды сақтау қажеттігін көрсетеді деген ортақ пікірге келді. Отырыстың хаттамасында стагфляция сценарийіне қатысты алаңдаушылық айтылды.
Таяу Шығыстағы соңғы оқиғалар, атап айтқанда, Израиль мен Иран арасындағы әуе шабуылдары мұнай бағасының күрт өсуіне әкелді. 13 маусымда мұнай бағасы бір күнде 7%-ға өсіп, соңғы үш жылдағы ең жоғары біркүндік өсімді көрсетті. 16 маусымда да мұнай қымбаттай түспек. Ерекше алаңдаушылық тудырып отырған мәселе — Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының бұзылу қаупі. Әлемдік мұнайдың шамамен бестен бірі осы бұғаз арқылы өтеді. Егер Иран бұғазды жауып тастаса, бұл мұнай бағасының одан әрі күрт өсуіне әкелуі мүмкін.








