БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Таяу Шығыстағы жағдай мен ФРЖ болжамы: инвестор осы аптада нені білуі керек

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Таяу Шығыстағы жағдай мен ФРЖ болжамы: инвестор осы аптада нені білуі керек

Уолл-стриттегі бірқалыпты өсу тоқтады. Иранға жасалған Израильдің әуе соққысы мұнай бағасының өсуіне және маусым айының бірінші толық сауда аптасының соңында акция бағамдарының төмендеуіне әкелді. Нәтижесінде, S&P 500 индексі апта ішінде 0,6%-ға, Nasdaq Composite — 1%-ға, ал Dow Jones Industrial Average — 1,3%-ға төмендеді.

Осы аптада инвесторлардың назары Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуына, әсіресе Иранның жауап әрекеттеріне ауады деп жазады Yahoo Finance. Алдағы негізгі оқиғалардың бірі — АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемеге қатысты шешімі және ФРЖ мүшелерінің болашақ ставкалар бойынша болжамдарын көрсететін тоқсан сайынғы Экономикалық болжамдар жиынтығының (Summary of Economic Projections, SEP) жариялануы. Сондай-ақ, осы аптада Ұлыбритания, Швейцария, Түркия, Жапония және Қытайдың орталық банктері де пайыздық мөлшерлемелер бойынша шешімдерін шығарады.

Корпоративтік есеп беру күнтізбесі бұл аптада аса белсенді емес: тоқсандық нәтижелерін Lennar, Accenture, CarMax және Kroger жариялайды. 19 маусымда АҚШ-та Құлдарды азат ету күніне (Juneteenth) орай қор нарығы жабық болады.

16 маусым, дүйсенбі күні Қытайдың Ұлттық статистика бюросы мамыр айындағы тұрғын үй бағасы, өнеркәсіптік өндіріс және бөлшек сауда бойынша деректерді жариялады — бұл әлемдегі екінші ірі экономиканың ахуалын көрсететін көрсеткіштер. Жаңа үйлердің бағасы қатарынан 23 ай төмендеп, жылдық есепте 3,5%-ға азайды — бұл 2024 жылдың сәуірінен бергі ең баяу қарқын, деп жазады Trading Economics. Қытайдағы өнеркәсіптік өндіріс өсімі 5,8%-ға дейін баяулап, сәуірдегі 6,1%-бен салыстырғанда, нарықтың 5,9% болжамынан да төмен болды. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың қарашасынан бергі ең баяу өсім болды. Бұған Вашингтонның саудадағы қысымы әсер етіп, қытай өнімдеріне сыртқы сұраныстың азаюына әкелгенін атап өтеді басылым. Ал бөлшек сауда секторы 6,4%-ға өсіп, нарықтың 5% болжамынан асып түсті. Trading Economics мәліметінше бұл 2023 жылдың желтоқсанынан бергі ең жоғары өсім. Бұл өсімге мамырдың басындағы Еңбек күні және ай соңындағы Айдаһар қайықтарының мерекесіне байланысты мерекелік шығындардың өсуі әсер етті.

Lennar 2025 қаржы жылының екінші тоқсаны бойынша қаржылық нәтижелерін жариялайды.

17 маусым, сейсенбі күні АҚШ-тың Санақ бюросы мамыр айындағы бөлшек сауда көрсеткіштерін ұсынады. Wall Street болжамы бойынша сәуірде 0,1% өскеннен кейін, бұл көрсеткіш мамырда 0,7%-ға төмендейді деп күтеді, деп жазады Barron's Bloomberg консенсус-болжамына сілтеме жасай отырып.

Жапония банкі пайыздық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды. Нарық реттеуші мөлшерлемені 0,5% деңгейінде сақтайды деп күтеді. Сонымен қатар, инвесторлар Жапония мемлекеттік облигацияларын сатып алу қарқынының өзгерістеріне назар аударады, деп жазады The Wall Street Journal.

Jabil өткен тоқсан бойынша табыс деректерін жариялайды.

18 маусым, сәрсенбі күні АҚШ Федералдық резерв жүйесі ақша-кредит саясаты бойынша шешімін жариялайды. Wall Street пікірінше пайыздық мөлшерлеме 4,25-4,5% деңгейінде өзгеріссіз қалады. Сондай-ақ, реттеуші тоқсан сайынғы Экономикалық болжамдар жиынтығын (SEP) ұсынады. Наурыз айындағы шолуда 2025 жылдың соңына дейін мөлшерлемені екі рет 0,25 пайыздық тармаққа төмендету болжанған болатын. Инвесторлардың негізгі назары ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің баспасөз мәслихатына ауысады. Соңғы айларда Пауэлл күту позициясын ұстанып келеді. Ол бірнеше рет реттеушінің пайыздық мөлшерлемені өзгертуге асықпайтынын, шешім тек нақты деректер пайда болғанда қабылданатынын атап өткен болатын, деп еске салады Barron's.

19 маусым, бейсенбі күні АҚШ-та Құлдарды азат ету күніне орай қор нарығы жабық болады. Бұл күн Техаста 1865 жылы құлдардың азат етілгенін мерекелеу мақсатында атап өтіледі.

Англия банкі негізгі пайыздық мөлшерлемені 4,25% деңгейінде сақтайды деп күтіледі. Инвесторлар реттеуші басшыларының дауыс беру нәтижелерін және ставкалардың қашан қайта төмендеуі мүмкіндігі туралы кез келген мәлімдемелерді мұқият зерттейді, деп жазады WSJ.

Швейцария Ұлттық банкі де пайыздық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдайды. Консенсус-болжам бойынша реттеуші мөлшерлемені 25 базистік тармаққа төмендетіп, нөлге жеткізеді. Инфляцияның әлсіз көрсеткіштері мен швейцар франкының күшеюіне байланысты, банк тіпті мөлшерлемені қайтадан теріс деңгейге дейін түсіруі мүмкін, деп атап өтеді WSJ.

Сондай-ақ, Түркияның орталық банкі пайыздық мөлшерлеме бойынша шешімін жариялайды.

20 маусым, жұма күні Қытай Халық банкі кредиттер бойынша негізгі пайыздық мөлшерлемені (LPR) белгілейді. Мамырда ставка төмендеген соң, реттеуші LPR мөлшерлемесін өзгеріссіз қалдырады деп күтіледі, деп жазады WSJ. Бұл мөлшерлеме көптеген үй шаруашылықтары, корпорациялар және ипотекалық кредиттер үшін бағдар болмақ.

Accenture, CarMax және Kroger тоқсандық қаржылық есептерін жариялайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары