Таңертеңгі негізгі жаңалықтар: мұнай қымбаттап, алтын рекордқа жақындады

Мұнай бағасы күрт өсті: Израиль мен Иран демалыс күндері өзара соққылар алмасуын жалғастырды, оның ішінде энергетикалық инфрақұрылымға да шабуылдар жасалды. Сонымен қатар, Тегеран Ормуз бұғазын жабамын деп сес көрсетті — бұл бүкіл әлемдік энергия саудасы үшін аса маңызды бағыт. Осы орайда алтын бағасы да өсіп, бір унциясы шамамен $3450-ға жетіп, рекордтық деңгейге жақындады. Валюта нарығы қауіп-қатердің күшеюіне доллардың нығаюымен жауап берді. 16 маусым таңына арналған негізгі оқиғалар шолуын ұсынамыз.
Мұнай Иран мен Израильдегі инфрақұрылымдарға соққыдан кейін қымбаттады
Bloomberg-тің жазуынша дүйсенбі күні сауда сессиясының басында мұнай фьючерстері күрт өсті. Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің артуы мұнай жеткізілімдерінде үлкен іркілістер тудыруы мүмкін деген алаңдаушылықты күшейтті. Brent маркалы мұнай 5,5%-ға өсіп, бір баррель үшін $78,3-ке жетті, бірақ кейін бұл өсімінің басым бөлігін жоғалтты.
Ирандық БАҚ хабарлауынша сенбі күні Израильдің дрондары әлемдегі ең ірі газ кен орындарының бірі — Иранның Оңтүстік Парсы кен орнын атқылады. The Jerusalem Post деректеріне сүйенсек, Израиль Теһран маңындағы ірі мұнай қоймасын да нысанаға алған. Ал The Times of Israel-дің мәліметінше Иран ракеталары Хайфадағы ірі мұнай өңдеу зауытына зақым келтірген.
Иран командирлерінің бірі Тегеран Ормуз бұғазын жабуды қарастырып жатқанын айтты. Бұл бұғаз арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20%-ы тасымалданады. Goldman Sachs сарапшыларының болжамы бойынша егер бұғаз жабылса, мұнай бағасы $100-ден асып кетуі мүмкін.
Дегенмен, кейбір сарапшылар Иранның бұл бұғазды жабуға қауқары жетпейді деп санайды. RBC Capital Markets-тің шикізат тауарлары бойынша стратегия бөлімінің жетекшісі Хелима Крофт CNBC эфирінде: «Иранға бұғазды жабу қиынға соғады, өйткені Бахрейнде АҚШ-тың Бесінші флоты орналасқан. Дегенмен олар танкерлерге шабуыл жасап немесе бұғазды миналармен жабдықтауы мүмкін», — деді.
Алтын рекордтық деңгейге жақындады
Bloomberg-тің хабарлауынша Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты инвесторлар қорғаныс активтеріне бет бұрып, алтын бағасы тарихи максимумға жақындады. Азиядағы саудада алтын 0,6%-ға өсіп, бір унциясы шамамен $3450-ға жетті. Бұл сәуір айындағы рекордтан небәрі $50 төмен.
Израиль мен Иран арасындағы әскери шиеленістің артуы геосаяси тәуекелдердің күрт өсуіне әкелді. Бұған дейінгі алтын раллиін Дональд Трамптың агрессивті тарифтік саясатына байланысты жаһандық экономиканың баяулауы туралы алаңдаушылық бастаған еді. Жыл басынан бері алтын 30%-дан астамға қымбаттады. Оның негізгі себептерінің бірі — орталық банктердің доллардан басқа активке де бет бұру ұмтылысы.
Guardian Gold Australia сарапшысы Джон Фини: «Баға рекордқа өте жақын тұр, ал кез-келген одан әрі шиеленіс өсімді жалғастырады. Қазір алтын «тыныш айлақ» ретіндегі рөлін жақсы атқарып отыр және көптеген инвесторлар АҚШ облигацияларынан металға ұзақ мерзімге ауысып жатыр», — деді.
Сингапур уақытымен таңғы 9:14-те алтынның споттық бағасы тағы 0,3%-ға өсіп, $3 441,35-ке жетті. Bloomberg Dollar Spot индексі өткен аптадағы 0,8% төмендеуден кейін 0,1%-ға көтерілді. Күміс сәл арзандады, ал платина мен палладий қымбаттады.
Доллар нығайып жатыр
Дүйсенбіде доллар негізгі әлемдік валюталарға қатысты нығайды. Reuters-тің жазуынша инвесторлар Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің аймақтық жанжалға ұласу ықтималдығына байланысты «қауіпсіз айлақ» активтеріне көбірек бет бұруда. Сонымен қатар, нарық алдағы уақытта белгілі болатын орталық банктердің шешімдерін күтуде.
Доллар 0,14%-ға өсіп, 144,3 иенаға жетті, ал еуро 0,14%-ға әлсіреп, $1,1534-ке түсті. Азиядағы ерте саудада доллар-швейцар франкі жұбы 0,81 деңгейінде қалды, ал алты негізгі валютаға қатысты доллар индексі 98,25 деңгейінде тұрақты болды.
Австралиялық және Жаңа Зеландиялық доллар секілді тәуекелге сезімтал валюталар аздаған өсім көрсетті. Brown Brothers Harriman компаниясының жаһандық нарық стратегиялары бөлімінің басшысы Вин Тин: «Доллардың қорғаныс активі ретіндегі рөлі үлкен сынақ алдында тұр. Соңғы бағам тербелістері соны көрсетеді. Егер ФРЖ жұмсақ мәлімдеме жасаса, доллар әлсіреуі мүмкін», — деді.
Жыл басынан бері АҚШ валютасы 9%-дан астамға арзандады. Бұған Трамптың сауда келісімдері бойынша дедлайнының жақындауы әсер етуде. Еуроодақ және Жапония секілді негізгі серіктестермен келіссөздер әлі аяқталған жоқ.
Апта бойы G7 саммиті аясындағы ықтимал келісімдер және бірқатар орталық банктердің ақша-несие саясаты бойынша шешімдері назарда болады. Әсіресе, сәрсенбі күнгі Федералдық резерв жүйесінің отырысы ерекше күтуде.
Santos акциялары $18,7 млрд ұсыныстан кейін 15% өсті
Австралиялық мұнай-газ компаниясы Santos-тың акциялары дүйсенбіде 15,23%-ға қымбаттады. Себебі компания Абу-Дабидің Ұлттық мұнай компаниясы (ADNOC) басқаратын консорциумнан $18,72 млрд көлеміндегі міндеттемесіз сатып алу ұсынысын алды, деп хабарлайды CNBC. Бұл 2020 жылдың сәуірінен бергі ең үлкен күндік өсім болды.
Ұсыныс ADNOC-тың инвестициялық бөлімшесі — XRG тарапынан үшінші рет берілді. Консорциум құрамына Abu Dhabi Development Holding Co және Carlyle Group секілді жаһандық инвестициялық компания кіреді. Олар Santos-тың бір акциясына $5,76 (8,89 австралиялық доллар) ұсынуда, бұл жұма күнгі жабылу бағасынан 27,73%-ға жоғары.
Santos директорлар кеңесі акция иелеріне бұл мәмілені мақұлдауды бірауыздан ұсынуға дайын екенін айтты, егер жақсырақ ұсыныс болмаса.
XRG табиғи газ, химия және төмен көміртекті энергетика салаларында белсенді ізденуде. Бұған дейін Santos Harbour Energy ұсыныстарын қабылдамаған болатын, ал Woodside Energy Group-пен бірігу бағалау айырмашылықтарына байланысты жүзеге аспады. Дегенмен компания Таяу Шығыс инвесторлары үшін тартымды нысан болып қала береді.
Бұл сатып алу консорциумға Австралиядағы екі СТГ зауыты — Gladstone LNG және Darwin LNG, сондай-ақ PNG LNG мен Papua LNG жобаларындағы үлестерді бақылауға мүмкіндік береді.
Нарықтағы жағдай
Азия-Тынық мұхиты нарықтары дүйсенбіде әртүрлі бағытта қозғалды. Инвесторлар Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің күшеюін және Қытайдағы жаңа деректерді (бөлшек сауда мен өнеркәсіп өндірісі бойынша) бағалауда, деп хабарлайды CNBC.
— Қытайдың құрлықтық CSI 300 индексі өзгеріссіз қалды, ал Гонконгтың Hang Seng индексі 0,18%-ға төмендеді.
— Жапонияның Nikkei 225 индексі 0,95%-ға, ал кең ауқымды Topix 0,56%-ға өсті.
— Оңтүстік Кореяның Kospi индексі 0,72%-ға, ал шағын капиталды Kosdaq 0,55%-ға көтерілді.
— Азиядағы таңғы сағаттарда АҚШ-тың негізгі қор индекстерінің фьючерстері сәл көтерілді. Жұма күні Wall Street-тегі барлық үш негізгі индекс күрт құлдыраған болатын. Израиль мен Иран арасындағы шабуылдар энергия бағасының өсуіне және геосаяси тұрақсыздыққа қосымша белгісіздік енгізді. Dow Jones өнеркәсіптік индексі 1,8%-ға төмендеді. S&P 500 — 1,1%-ға, ал Nasdaq Composite 1,3%-ға төмендеді.








