АҚШ акциялары Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты аптаны минуспен аяқтады

13 маусымда Иран Израильдің әуеден жасаған соққыларына зымыранмен жауап берді. Геосаяси белгісіздік күшейген кезде трейдерлер демалыс алдындағы саудада тәуекелі жоғары активтерден шығып, қаржысын алтын, мұнай және қорғаныс компанияларына аударды.
Толығырақ
— S&P 500 индексі жұма күні 1,1% төмендеп, 5977 тармақпен жабылды. Бұл — апталық өсімді толық жойған көрсеткіш.
— Nasdaq Composite 1,3% төмендеп, 19 407 тармаққа түсті.
— Dow Jones 1,8% азайып, 42 198 тармақ болды.
— Russell 2000 индексі бір күнде 1,85% жоғалтып, 2100 тармақпен аяқталды.
— Brent мұнайы шілде жеткізілімімен 7,7%, WTI — 7,6% қымбаттады. Бұл — қаңтардан бергі ең жоғары баға.
— COMEX-дегі алтын 1,5% өсіп, бір унциясы 3452,6 долларға жетті. Бұл кейінгі екі айдағы рекорд.
Мұнай бағасының көтерілуі қазынашылық облигацияларын құнсыздандырды, ал доллар сәл нығайды.
Шиеленіс акцияларға қалай әсер етті?
Nvidia және басқа жетекші компаниялардың акциялары қысымға түсті — инвесторлар тәуекелді активтерден бас тартты.
Авиация мен туризм саласындағы American Airlines, United және Delta орта есеппен 4%-дан көп арзандады. Түрік пен араб әуе тасымалдаушылары 7–10% жоғалтты. Қымбаттаған мұнай авиакомпанияларға қосымша жүктеме болып отыр, себебі олар кей әуе кеңістіктерін айналып ұшуға мәжбүр.
Exxon акциялары 2% өсті, ал Lockheed Martin мен RTX 3%-дан аса көтерілді.
Нарықтағы құлдырау бейсенбі кешкісін басталған Израиль шабуылынан кейін үдей түсті. Жұма күні Израиль Қорғаныс армиясы Иран зымыран жібергенін хабарлады. Иран болса, АҚШ-пен жексенбіге жоспарланған ядролық келіссөздерге қатыспайтынын мәлімдеді.
Жұмада Мичиган университетінің тұтынушылық көңіл күй индексі 60,5-ке жетті. Бұл — Dow Jones болжамынан жоғары (54) және өткен айдан 15,9% артық.
Апта ішінде АҚШ пен Қытай сауда келіссөздерінде алға жылжыды. Бірақ мұнай бағасының күрт өсуі — ФРЖ мөлшерлемесіне ықпал етуі мүмкін деген алаң туғызуда.
Апталық нәтиже: S&P 500 — 0,4%, Nasdaq — 0,6%, Dow — 1,3% төмендеді.
Сарапшылар не дейді?
Navellier & Associates-тің бас инвестициялық директоры Луи Навельенің айтуынша, егер мұнай бағасы жақын арада түспесе, бұл инфляцияға міндетті түрде әсер етеді.
Siebert Financial-дан Марк Малек: «Бұл қақтығыс нарықтағы бұрыннан бар мәселелерге жаңа қиындық қосты. Ең аз ықтимал салдар — инфляцияның өсуі» дегенді айтты. Ал Plante Moran Financial Advisors өкілі Джим Бэрд: «Мұнай бағасының тұрақты өсуі экономика үшін үлкен кедергі болуы мүмкін. Соңғы тәуліктегі оқиғалар осы тәуекелді күшейтті» деп атап өтті.
Алда не күтіп тұр?
Bloomberg жазғандай, Barclays стратегтері ФРЖ-дан «қатаң тосынсый» болуы мүмкін екенін ескертеді: инфляция болжамын өсіріп, пайыздық мөлшерлемені төмендету жоспарларын қысқартуы ықтимал.
NatAlliance Securities-тен Эндрю Бреннердің айтуынша, ФРЖ отырысынан кейінгі күні — мереке себепті АҚШ-та нарықтар жабық болады. Таяу Шығыстағы шиеленіс жағдайында келесі апта «оңай» болмайды.








