БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Басты жаңалықтар: Пауэллге қысым, Coinbase рекорды, АҚШ-тың IPO-ны жеңілдету жоспары

Ангелина Клейменова

Ангелина Клейменова

Басты жаңалықтар: Пауэллге қысым, Coinbase рекорды, АҚШ-тың IPO-ны жеңілдету жоспары

АҚШ президенті Дональд Трамп Джером Пауэллге қысымды күшейтіп, ФРЖ басшылығына жаңа кандидат іздеуде. Жапония, Оңтүстік Корея және Тайваньдағы чип өндіруші компаниялардың акциялары Nvidia-ның жаңа тарихи максимумынан және АҚШ-тың сауда шектеулеріне қарамастан ЖИ-ге деген өсіп жатқан оптимизмнен кейін күрт өсті. Bernstein сарапшылары Coinbase-ті «криптосервистердің Amazon-ы» деп атағаннан кейін оның акциялары бір жылдық максимумға көтерілді. АҚШ билігі биржалармен бірге IPO-ға шығатын компанияларға арналған реттеушілік талаптарды жұмсартуды талқылап жатыр — бұл жаңа IPO-ларға жол ашуы мүмкін. 26 маусым таңындағы басты оқиғалар — осы шолуда.

Трамптың ФРЖ-ға қысымы аясында доллар әлсіреуде

Bloomberg индексіне сәйкес доллар 0,4%-ға арзандап, 2022 жылғы сәуірден бергі ең төменгі деңгейге түсті. Бұған себеп ФРЖ мөлшерлемені күткеннен ертерек және агрессивті төмендетуі мүмкін деген алып-қашпа әңгімелердің өрбуі. The Wall Street Journal 25 маусымда хабарлағандай, президент Трамп Джером Пауэллдің орнына өзінің кандидатын қыркүйек немесе қазан айында ұсынуы мүмкін. Алайда Пауэллдің өкілеттігі тек 2026 жылдың мамырында аяқталады.

Bloomberg-тің жазуынша трейдерлер бұл жаңалықты мөлшерлеме төмендеуі мүмкін деген белгі ретінде қабылдады. Стратег Марк Кранфилдтің айтуынша «Қыркүйекте мөлшерлеменің төмендеу ықтималдығы болжануда, бірақ бұл сценарий шілдедегі отырысқа ерекше назар аудартады».

«Бұл іс жүзінде Пауэллдің ықпалын азайтады, өйткені барлығының назары жаңа төрағаға ауысып жатыр, — деді Wilson Asset Management портфель менеджері Мэттью Хаупт. — Сондықтан бұл – ақша-кредит саясатының жұмсақ бағытына қарай бейімделу».

Bloomberg-тің пікірінше Пауэллге балама іздеу туралы жаңалықтар АҚШ долларына және қазынашылық облигацияларға қосымша қысым жасап отыр. Олардың тартымдылығы тарифтер мен бюджет тапшылығы төңірегіндегі белгісіздік салдарынан әлсіреуде.

Meta кітап авторларымен дауда жеңіп шықты

CNBC-дің хабарлауынша АҚШ-тың федералды судьясы Meta компаниясының пайдасына шешім шығарды. Бұл талап-арызды 13 жазушы берген болатын. Олар компанияның өздерінің авторлық шығармаларын рұқсатсыз пайдаланып, жасанды интеллект модельдерін үйреткенін мәлімдеген еді.

Судья бұл жағдайда Meta тарапынан кітаптарды пайдалану «адал пайдалану» (fair use) қағидасына сай келеді және авторлық құқықты бұзбайды деп тапты.

Бұл шешімге дейін ұқсас істі Anthropic компаниясы да ұтып шыққан болатын. Екі жағдай да технологиялық компаниялардың: «ЖИ-ді авторлық материалдар негізінде оқыту – заң шеңберінде рұқсат етілген» деген ұстанымын күшейтті.

Алайда бұл екі жеңіс толық емес. Судьялар бұл шешімдер тек нақты жағдайларға қатысты екенін ескертті. Meta ісін қараған судьяның айтуынша бұл шешім ЖИ-ді кез келген авторлық туындыда оқыту заңды дегенді білдірмейді. Оның пікірінше талапкерлер дұрыс стратегия таңдамаған әрі жеткілікті дәлел келтірмеген. «Егер болашақта осындай істерде зиян келтірілгені жөнінде сенімді дәлелдер ұсынылса, талапкерлер жеңіске жетуі мүмкін», — деді ол.

Судья Meta компаниясының кітаптарды трансформативті түрде пайдаланғанын — яғни, модельдер шығармаларды тура көшіремегенін мойындады. Сондай-ақ, талапкерлер Meta әрекеті олардың кітап нарығына нақты зиян келтіргенін дәлелдей алмаған — бұл авторлық құқық бұзушылығын анықтауда шешуші фактор болып саналады.

Coinbase акциялары жылдық максимумға жетті

Yahoo Finance-тің жазуынша Bernstein сарапшылары Coinbase-ті «криптосервистердің Amazon-ы» деп атағаннан кейін оның акциялары 52 апталық максимумға жетіп, 3%-дан астам өсті. 2021 жылғы 9 қарашадағы $357,39 жабылу рекордына жақындады.

Bernstein сарапшысы Гаутам Чхугани мен командасы акциялар бағасын $310-дан $510-ға дейін көтеріп, «Outperform» (нарықтан озық) рейтингісін берді. «Coinbase — біздің криптосектордағы ең дұрыс түсінілмеген компания», — деп жазды олар.

Coinbase — S&P 500 индексіндегі жалғыз криптокомпания. АҚШ-та криптосауданың көшбасшысы, тұрақты монета нарығындағы ең ірі ойыншы және биткоин-ETF активтерінің негізгі кастодианы.

Компания институционалдар үшін кастодиалдық қызмет, Base блокчейн желісі және Prime кредиттік платформасы сияқты бағыттарды дамытып келеді. Бұл оны тек саудамен ғана емес, бүкіл криптоқаржылық қызметтер экожүйесімен ерекшелендіреді.

Сарапшылар Coinbase-ке қатысты пессимистік болжамдар расталмады дейді. Нарықтағы үлесін сақтап отыр, ал дәстүрлі қаржы компанияларының криптоброкерлік қызметтері тек бірнеше айдан кейін іске қосылуы мүмкін.

2025 жылдың басынан бері Coinbase акциялары 40%-дан астамға өсті. Fundstrat сарапшысы Шон Фаррелл: «Кешігіп кірген инвесторлардың әлі де табыс табуға мүмкіндігі бар. Coinbase әлі де өсім әлеуетіне ие», — дейді.

Nvidia рекорды азиялық чипмейкерлер акцияларын көтерді

CNBC-дің хабарлауынша бейсенбі күні Nvidia акцияларының тарихи максимуммен жабылуынан кейін Азиядағы чип өндіруші компаниялардың бағасы өсті.

Nvidia-ға жады жеткізетін Оңтүстік Кореялық SK Hynix 3,5%-ға, ал графикалық процессор шығаратын TSMC 0,5%-ға өсті. Тайвандық Hon Hai Precision Industry (Foxconn) 0,8%-ға көтерілді. Бұл компания Nvidia-мен бірге электромобильдер мен тілдік модельдерге арналған «ЖИ-фабрикаларын» жасап жатыр.

Жапониядағы бірнеше чип компаниялары да ЖИ-ге қатысты оптимизмнен кейін көтерілді. Advantest (чипті тестілеу жабдығы өндіруші) 3,9%-ға өсіп, рекордтық деңгейге жетті. SoftBank (британдық Arm дизайнер компаниясында үлесі бар) 4,4%-ға көтерілді. Tokyo Electron (+2,1%), Lasertec (+1,6%) және Renesas Electronics (+2,2%) акциялары да өсті.

Jevons Global консалтингтік фирмасының инвестициялық директоры Кингсли Джонс: «Азиядағы жартылай өткізгіш акцияларының қалпына келуі ЖИ сұранысының өсуіне деген сенімді білдіреді», — дейді. Оның айтуынша, тарифтерге қатысты үрей азайып, Жапония, Оңтүстік Корея және Тайвань нарықтарына инвестор қызығушылығы қайта оралды. Өсу драйвері — Nvidia.

Сәрсенбі күнгі АҚШ саудасында Nvidia акциялары 4%-дан астамға өсіп, жаңа тарихи максимумға — $154,31-ге жетті. Компанияның нарықтық құны $3,77 трлн-ға жетіп, оны әлемдегі ең қымбат компания етті — Microsoft-тан сәл ғана озып тұр.

АҚШ биржалары IPO ережелерін жеңілдетуді талқылауда

Reuters-тің хабарлауынша АҚШ қор биржалары SEC (Құнды қағаздар және биржалар жөніндегі комиссия) органдарымен бірге жоғары бағаланған стартаптардың IPO-ға шығуын ынталандыру үшін жария компанияларға арналған талаптарды жеңілдетуді талқылап жатыр.

Бұл бұрын жарияланбаған келіссөздер SEC, Nasdaq және Нью-Йорк қор биржасы арасында жүріп жатыр. Талқыланып жатқан ұсыныстар қатарында ақпаратты жариялау көлемін азайту, шығындарды төмендету және миноритарлық инвесторлардың ықпалын шектеу бар.

Дереккөздердің айтуынша келіссөздер бірнеше айдан бері жүріп жатыр. Олар Трамп әкімшілігінің жаңа дерегуляция толқынымен тұспа-тұс келді. Әкімшілік экономикалық өсімді ынталандыру үшін ережелерді жеңілдетуді көздейді.

Nasdaq президенті Нельсон Григгс: «Мәліметтер көрсеткендей, компаниялар жеке қалып, IPO-ға асықпайды. Біз реттеушілермен осыны өзгертудің жолдарын талқылап жатырмыз», — деді.

NYSE Group заң департаментінің басшысы Джейми Клима: «Биржа өз тізіміндегі компаниялардың мүддесін қорғауды жалғастырады. Нарықтардың тартымдылығын сақтау үшін тиімді және орынды реттеу қажет», — деді.

SEC төрағасы Пол Аткинс капитал тартуға кедергі келтіретін тосқауылдарды жою мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша SEC IPO-ны компаниялар үшін қайтадан тартымды етуге ұмтылады.

Нарықтардағы жағдай

CNBC-дің жазуынша бейсенбіде Азия-Тынық мұхиты аймағының нарықтары әртүрлі бағытта қозғалып жатыр. Инвесторлар Израиль мен Иран арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің беріктігін бағалап отыр.

  • Жапония: Nikkei 225 – 1,4%-ға, Topix – 0,5%-ға өсті.

  • Оңтүстік Корея: Kospi – 1,3%-ға, Kosdaq – 1,4%-ға төмендеді.

  • Аустралия: S&P/ASX 200 – өзгеріссіз.

  • Гонконг: Hang Seng – 0,5%-ға төмендеді.

  • Қытай: CSI 300 – өзгеріссіз.

  • АҚШ фьючерстері: айтарлықтай өзгерген жоқ.

  • Кеше кешкі саудада Nasdaq Composite 0,3%-ға өсіп, 19 973,55-ке жетті.

  • S&P 500 өзгеріссіз қалды.

  • Dow Jones 0,3%-ға төмендеп, 42 982,43 болды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары