«Бір қоңырау бәрін өзгертуі мүмкін»: мұнай нарығы АҚШ санкциялары туралы

23 қазанда мұнай бағасы 5 пайыздан астам өсті. Бұған АҚШ-тың Ресейдің «Роснефть» пен «Лукойлға» компанияларына санкция салуы себеп болды. Бұл Дональд Трамптың президенттік екінші мерзімінде ресейлік мұнайға қарсы енгізілген алғашқы санкциялар. Осыдан кейін Қытайдың мемлекеттік компаниялары ресейлік мұнайды сатып алуды тоқтатты, ал Үндістандағы мұнай өңдеу зауыттары сатып алуды азайтты. Reuters дерегінше, сарапшылар жаңа шектеулердің салдары мен мұнай бағасының болашағы туралы пікір білдірді.
— Негізгі сұрақ — бұл санкциялар ресейлік мұнай сатып алушыларды сатып алудан бас тартуға мәжбүрлей ала ма, дейді ING банкінің стратегы Уоррен Паттерсон. Күніне 5 миллион баррельден көп өндіретін компанияларға қарсы санкциялар маңызды, бірақ Джо Байден әкімшілігі енгізген ұқсас шаралар экспортқа аз әсер еткен. Сарапшының айтуынша, АҚШ-тың жаңа саясаты Ресей мен Украина жөніндегі келіссөздер ілгерілемесе, қосымша санкциялардың пайда болу қаупін күшейтеді.
— UBS банкі қысқа мерзімді тұрақсыздық болуы мүмкін деп ескертті. Бірақ нарықтағы ұсыныс көп болғандықтан, мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде сақталмайды деп санайды. Сарапшы Джованни Стауновоның болжамынша, Brent маркалы мұнай барреліне 60–70 доллар аралығында саудалануы мүмкін. Ал ОПЕК+ қажет болса, мұнай өндіру көлемін реттей алады.
— Kpler компаниясының сарапшысы Мую Сюй санкциялар ресейлік мұнайдың теңіз арқылы жеткізілуін азайтады деп есептейді. Бұл ірі сатып алушыларды уақытша болса да сатып алуды қысқартуға немесе тоқтатуға мәжбүр етуі мүмкін.
— Rystad Energy компаниясының сарапшысы Хорхе Леон жаңа шараларды Мәскеуге жасалған бұрын-соңды болмаған қысым деп атады. Оның айтуынша, бұл санкциялар мұнай инфрақұрылымына бағытталған шабуылдармен бірге өндіріс пен экспортта үзіліс туғызу қаупін арттырады. Дегенмен сарапшылар санкциялардың ұзақ мерзімді әсеріне сенбейді. Rystad Energy өкілі Клаудио Галимерти соңғы үш жарым жылда енгізілген санкциялар Ресейдің мұнай өндірісіне және табысына аз әсер еткенін айтты.
— Vanda Insights зерттеу орталығының басшысы Вандана Хари де жаңа санкциялардың қаншалықты тұрақты болатынын сұраққа алды. Оның сөзінше, «Трамп пен Путиннің бір ғана телефон арқылы сөйлесуі жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін» (CNBC дерегі).
Контекст
АҚШ 22 қазанда Ресейдің ең ірі мұнай компанияларына санкция салды. Қаржы министрлігі «Роснефть» пен «Лукойлды», сондай-ақ олардың еншілес компанияларын қара тізімге қосты. Мәлімдемеде бұл шешім Ресейдің Украинадағы соғысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келіссөздерге шынайы қатыспауымен түсіндірілді.








