Birkenstock бір жылдағы рекордтық сатылымы туралы есеп берді

Күшті сұраныстың арқасында немістің ашық үлгідегі аяқ киім өндірушісі Birkenstock-тың жылдық табысы 18%-ға өсіп, компанияның бұрынғы өз болжамынан да асып түсті. Алайда Birkenstock жаңа қаржы жылында бұл көрсеткіш 13–15% аралығында өседі деп болжады, ал бұл Уолл-стрит күткен деңгейден төмен болды. Осы жағдайдың аясында компания акциялары Нью-Йорктегі таңғы саудада 13%-ға күрт төмендеді.
Егжей-тегжейі
2025 қаржы жылында (30 қыркүйекте аяқталған) Birkenstock-тың табысы 16%-ға өсіп, рекордтық 2,1 млрд еуроны құрады, ал тұрақты валютада өсім 18% болды. Бұл компанияның жоспарлы көрсеткішінен жоғары, деп мәлімдеді бас атқарушы директор Оливер Райхерт.
Жылдық таза пайда 82%-ға артып, 348 млн еуроға жетті. Бір акцияға шаққандағы таза пайда (EPS) да ұқсас серпін көрсетіп, 83%-ға өсіп, 1,87 еуроны құрады.
Райхерттің айтуынша, компания «брендіміз негізгі нарықтарда таптырмас деп саналатын» бағыттарда үлесін арттыруды жалғастырып, жаңа нарықтық сегменттерді игеру жөніндегі уәделерін орындап келеді. Мысал ретінде ол жабық тұмсықты аяқкиімдердің сатылым үлесі 500 базистік тармаққа өсіп, 38%-ға жеткенін атап өтті.
2026 қаржы жылында да, Birkenstock басшысының сөзінше, «күшті үрдіс» сақталады. Компания табысты 10–12%-ға (тұрақты валютада 13–15%) өсіріп, 2,3–2,35 млрд еуроға жеткізуді жоспарлап отыр. Райхерт қазіргі таңда Birkenstock-тың жаһандық өсуін тек өндірістік қуаттардың шектеулігі мен тауар тапшылығын сақтауға деген ұмтылыс тежеп тұрғанын айтты.
Инвесторлар қалай қабылдады?
Инвесторлар компания хабарламасын теріс қабылдады. 18 желтоқсандағы таңғы саудада Birkenstock акциялары 13%-ға төмендеп, $40,33 деңгейіне түсті. Негізгі сауда сессиясында да құлдырау жалғасты.
Bloomberg мәліметінше, өндірушінің табыс жөніндегі болжамы сарапшылар күткен деңгейден сәл төмен болды. Райхерт бизнесті баяу, бірақ тұрақты өсіру стратегиясы арқылы инвесторларды тартуға тырысып отыр. Яғни Birkenstock аяқкиіміне деген тұтынушылық сұраныс өндірістік мүмкіндіктерден жоғары болып қала беруі тиіс. Бұл тәсіл компанияға орташа сату бағасын көтеруге және жеңілдіктерден бас тартуға мүмкіндік берді.
Bloomberg сондай-ақ Райхерт жыл басында консервативті қаржылық болжам ұсынып, кейін оны көтергенін еске салады.
Акциялар не күйде?
Жыл басынан бері Birkenstock акциялары 18%-ға төмендеді. Bloomberg жазуынша, инвесторлар жалпы аяқкиім өндіруші компаниялардан бойын аулақ салып отыр — Adidas AG мен Puma SE акциялары одан да қатты арзандады. Алайда агенттік Birkenstock-тың басқа көптеген аяқкиім өндірушілерінен айырмашылығы — компанияның өз фабрикалары бар екенін атап өтеді.
MarketWatch деректеріне сүйенсек, Уолл-стрит Birkenstock-тың болашағына оң көзқараспен қарайды. Сарапшылардың 19-ы акцияларды сатып алуды, ал тек 3-еуі ұстауды ұсынады. Орташа мақсатты баға $58,13, бұл 17 желтоқсандағы жабылу бағасымен салыстырғанда 25,3% өсу әлеуетін білдіреді.








