Биткойн, алтын және қытайлық ЖИ: Уолл-стрит инвестициялық кеңес берді

Уолл-стриттің алты сарапшысы қазіргі жағдайда $10 000-ды қайда инвестициялау керектігі туралы өз ойларымен Business Insider басылымына бөлісті. Оған алтын өндірушілердің акциясы, еуропалық және британдық қағаздар мен жасанды интеллект компаниялары және басқа да компаниялар кірген.
Small-cap, қарыз нарығы және алтын өндіретіндер
BofA Securities инвестицияларды зерттеу комитетінің жетекшісі әрі ETF стратегиясы бойынша сарапшысы Джаред Вудард үш инвестициялық идеямен бөлісті. Оның пікірінше, ФРЖ саясатты жұмсарта бастаған жағдайда төмендегі активтерге назар аудару керек:
1. Төмен бағаланған small-cap акциялар. «Қазір барлық инвесторлардың портфелінде ірі компаниялардың қағазы жеткілікті. Кейде нарық пікірімен келіспей, яғни диверсификация үшін аз танымал әрі төмен бағаланған шағын компанияларға инвестиция салу дұрыс шешім болуы мүмкін», — деді Вудард. Оның айтуынша, шағын компаниялар мөлшерлеменің төмендеуінен көбірек пайда табады, өйткені олардың қарыздарының шамамен 45%-ы қысқа мерзімді, яғни оларды төмен пайызбен қайта қаржыландыруға мүмкіндік бар.
Дамушы нарықтардың қарызы — экономикалары өсіп келе жатқан елдердің корпоративтік немесе мемлекеттік облигациялары. Мұндай қағаздар әдетте дамыған елдердің облигацияларына қарағанда жоғары кірістілік ұсынады, бірақ сонымен бірге тәуекелі де жоғары, деп ескертеді Вудард. Оның айтуынша, бұл облигациялар да мөлшерлемелердің төмендеуінен пайда таба алады.
Алтын өндіру секторының акциялары алтынға деген сұраныс артып жатқан тұста жақсы дивидендтік табыс әкелуі тиіс, деп есептейді BofA стратегі. «Бұл компаниялар бұрын экономикалық циклдерге тәуелді болғанымен, бүгінде капиталды басқаруда тәртіпті, елеулі еркін ақша ағымын қалыптастырып, дивидендтер мен акцияларды кері сатып алу арқылы акционерлерге қаражатты қайтара береді», — деп түсіндірді Вудард.
Ол осы стратегияларға сәйкес келетін үш биржалық қорды атады: iShares US Small Cap Value Factor ETF (SVAL) — шағын капитализациялы акцияларға арналған, BondBloxx JP Morgan USD Emerging Markets 1–10 Year Bond ETF (XEMD) — дамушы нарық облигацияларына бағытталған, VanEck Gold Miners ETF (GDX) — алтын өндіретін компанияларға инвестиция жасайтын қор.
Алтын және биткойн
IDX Advisors компаниясының бас инвестициялық директоры Бен МакМиллан «дефляциялық стратегия» деп аталатын тәсілді қолдануды ұсынды: қаражаттың жартысын алтынға, ал қалған жартысын биткойнға инвестициялау. Оның айтуынша, 2025 жылы бұл екі актив те доллардың әлсіреуі, басқа фиаттық валюталардың құнсыздануы және әлемдік мемлекеттік қарыздың өсуі аясында қымбаттаған. «Иә, соңғы күндері олар аздап арзандады, бірақ өсу әлеуеті сақталып тұр, — дейді сарапшы. — [Биткойн мен алтын] — бұл бір монетаның екі жағы, яғни доллардың үстемдігінің аяқталуының бастауы», — деп түсіндірді МакМиллан.
Сарапшы бұл активтерге инвестиция салуға арналған екі қорды атады: SPDR Gold Trust (GLD) және iShares Bitcoin Trust ETF (IBIT).
Еуропалық және британдық акциялар
JPMorgan Asset Management компаниясының бас жаһандық нарықтық стратегі Дэвид Келлидің пікірінше, қазір еуропалық және британдық акцияларға инвестиция салу тиімді, өйткені олар америкалық қағаздарға қарағанда арзанырақ, бірақ сонымен бірге жоғары дивидендтік кірістілік ұсынады. «Олардың P/E мультипликаторы орта есеппен 15 шамасында, ал америкалық акцияларда — шамамен 20, — деп түсіндірді ол. — Егер доллар құлдырай берсе, мұндай инвестициялардың кірістілігі америкалық инвесторлар үшін арта түседі».
Келли ұсынған бұл бағыттағы инвестициялық қорлар мысалы: iShares MSCI United Kingdom ETF (EWU) және Vanguard FTSE Europe ETF (VGK).
ЖИ-секторы
Rayliant Global Advisors негізін қалаушы Джейсон Хсу жасанды интеллектпен байланысты компаниялардың акциясында айтарлықтай әлеует бар деп санайды. Ол $10 000 инвестицияны былайша бөлуді ұсынды: $6000 — қытайлық ЖИ-компанияларға (оның ішінде Alibaba — $4000, Xiaomi — $2000) және $4000 — америкалықтарға (Supermicro — $2000, Microsoft — $2000).
UBS Global Wealth Management компаниясындағы америкалық акциялар бөлімінің жетекшісі Дэвид Лефковиц те ЖИ-ге бағытталған инвестициялар әлі де өзекті екенін айтады. Ол технологиялық және коммуникациялық секторларға, сондай-ақ ЖИ инфрақұрылымын қолдайтын коммуналдық компанияларға инвестиция салуды ұсынады, ал диверсификация үшін — денсаулық сақтау секторын қарастыруды кеңес етеді.
Business Insider бұл ұсыныстарға сәйкес келетін инвестициялық қорлардың мысалдарын келтірді: Vanguard Information Technology Index Fund ETF (VGT), Communication Services Select Sector SPDR ETF Fund (XLC), Vanguard Utilities ETF (VPU), iShares U.S. Healthcare ETF (IYH).
Арзан компаниялар
BlackRock компаниясының негізгі акциялар бойынша бас инвестициялық директоры Тони Деспирито пайда өсіміне әлеуеті бар «арзан» компанияларды іздейді. Ол нарықтағы бірнеше төмен бағаланған сегменттерді атап өтті:
1. Медициналық сақтандыру ұйымдары (Health Maintenance Organizations, HMO) — яғни сақтандыру жоспарларын ұсынатын компаниялар. Сарапшының пікірінше, андеррайтингтің қатаюы бұл компаниялардың кірістілігін арттыруы тиіс. Мұндай активтің мысалы ретінде ірі америкалық сақтандырушы Elevance Health компаниясын келтірді. Деспиритоның айтуынша, оның акцияларының P/E мультипликаторы 11,5 деңгейінде.
2. Көшу және тұрғын үйді жөндеумен байланысты компаниялар пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуі аясында өсім көрсетуі мүмкін: несие арзандаған кезде адамдар жылжымайтын мүлікті жиі ауыстырып, жөндеу жұмыстарын көбірек жасайды. Сол себепті сантехника және құрылыс фирмалары жабдықтарды ауыстырудан ұтады. Осы сегменттегі төмен бағаланған компаниялардың бірі — Fortune Brands, деді Деспирито.
3. «Headquarter discount» қағидаты бар акциялар — яғни АҚШ-тан тыс орналасқан штаб-пәтерлерге ие компаниялардың қағазы, олар тек орналасқан жеріне байланысты арзанырақ бағаланады, деп түсіндірді сарапшы. «Мысалы, BP мен Shell компанияларының Exxon-мен бизнесі ұқсас болғанымен, олардың P/E мультипликаторы айтарлықтай төмен, — дейді Деспирито. — Ал British American Tobacco бағасы Altria-мен шамалас болса да, ол жылына 15% өсіп келе жатқан жаңа буын өнімдерінің (вейптер, никотинді паучтар) үлесін көбірек иеленген және жоғары мультипликатормен саудаланатын үнді еншілес компаниясына ие».








