«Бізді алда көптеген қиындық күтіп тұр»: ФРЖ шешімінен кейін Уолл-стрит не дейді?

ФРЖ жылдың ішінде екінші рет мөлшерлемені төмендетіп, балансты қысқарту бағдарламасын (сандық қатаңдату) аяқтайтынын жариялағаннан кейін, Уолл-стрит сарапшылары жүйе ішіндегі пікір қайшылығы күшейіп келе жатқанын және алда «шиеленісті кезең» күтіп тұрғанын айтты. Бұдан бөлек, ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің желтоқсандағы мөлшерлемені тағы да төмендету «міндетті емес» деген сөзі де күтпеген жайт болды. Кейбір сарапшылар бұл мәлімдемені жұмыспен қамтуды қорғауға бағытталған қадам деп бағаласа, басқалар — ақша-несие саясатын жұмсарту баяулайды деген белгі деп қабылдады.
Егжей-тегжейі
«Мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа төмендетіп, 1 желтоқсаннан бастап сандық қатаңдату бағдарламасын аяқтайтынын хабарлау арқылы ФРЖ ең аз қарсылық жолын таңдады», — деді Bloomberg Economics сарапшысы Анна Вонг. Ол бұл шешім жұмыссыздық тәуекелін азайтуға бағытталғанын айтты, әсіресе үкіметтің жұмысын уақытша тоқтатуы (шатдаун) статистикалық мәліметтердің жетіспеуіне алып келген жағдайда. Оның айтуынша, егер шатдаун жалғасса, 9–10 желтоқсанда өтетін келесі отырысқа дейін ФРЖ мүшелері инфляция мен жұмыссыздық бойынша жаңа деректер ала алмайды. «ФРЖ тәуекелдерді басқару режимінде қалады және сол кезде мөлшерлемені тағы да 0,25 пайыздық тармаққа төмендетуі мүмкін», — деді ол.
«Нарықтар желтоқсанда мөлшерлеме төмендейді деп алдын ала бағаға қосып қойған еді. Сондықтан қазіргі белгі белгісіздік тудырып, бейтарап саясатқа бағытталған жол бұрын ойлағаннан да ұзақ болуы мүмкін екенін көрсетті», — деп түсіндірді Fort Washington Investment Advisors компаниясынан Дэн Картер. Ол еңбек нарығының баяулап келе жатқаны екі отырыс қатарынан саясатты жұмсартуға дәлел болғанын, бұл желтоқсанға дейін айтарлықтай өзгермейтінін айтты. Тіпті бұл әрекеттерді «техникалық» немесе «қолдаушы» шаралар деп бағаласа да, желтоқсанда мөлшерлемені сәл төмендетіп, кейін оның әсерін бағалау қисынды болар еді деді ол.
Bloomberg Intelligence-тің валюталық стратегы Одри Чайлд-Фриман Пауэллдің сөзі желтоқсандағы «қатаң» сигнал болды деп санайды және бұл доллардың нығаюына әсер етуі мүмкін дейді. Оның айтуынша, мөлшерлеменің төмендеуі әлі де мүмкін, бірақ енді ол экономикалық көрсеткіштерге байланысты болады — ал қазіргі таңда шатдаун кесірінен бұл деректер жетіспейді. «Осы жағдайдың аясында еуро/доллар бағамы $1,16-дан төмен түсті. Бұл доллар “аюларының” 2026 жылы кездесетін негізгі тәуекелдерін көрсетеді: табыстылықтың төмендеуі жайлы күтулер долларды әлсіретуі мүмкін, бірақ оны жаңа макродеректермен дәлелдеу керек», — деді ол.
KPMG бас экономисі Диана Свонк Bloomberg телеарнасында: «Алда бізді көп шиеленіс күтіп тұр, себебі бұл өте күрделі кезең. Біріншіден, біз дерлік “көрмей” әрекет етіп жатырмыз. Екіншіден, инфляция өсіп жатыр, жұмыссыздық та баяу көтерілу үстінде, еңбек нарығы баяулады. Мұның бәрі стагфляцияға ұқсас жағдай тудыруда — сондықтан ФРЖ ішінде пікір қайшылығы күшейе береді», — деді.
The Boock Report-тен Питер Буквар: «Шмидтің (Канзас-Сити резерв банкі президенті) келіспеуі — күтпеген жайт емес, бірақ бұл Пауэлл желтоқсанда мөлшерлемені төмендетуге қарсы болады деген сенімімді нығайтты», — деді.
ФРЖ-ның бұрынғы төраға орынбасары, қазіргі Pimco менеджері Ричард Кларида Bloomberg TV эфирінде: «Мұндай пікір қайшылықтарын біз Пауэллдің өкілеттігі аяқталғанша жиі көреміз. Dot plot-қа қарағанда, комитет мүшелері инфляция 3% шамасында болғанда, алдын ала мөлшерлемені төмендету қажеттігі жөнінде екіге бөлінген», — деді.
Renaissance Macro сарапшысы Нил Датта да пікір қайшылығы жағдайында ФРЖ максимум 0,25 пайыздық тармақпен біртіндеп жұмсартуды жалғастыра алады деп есептейді. Комитет мүшелерінің көзқарастары әртүрлі болғандықтан, желтоқсанда мөлшерлеменің міндетті түрде төмендейтініне сенімді болу қиын екенін атап өтті.
Контекст
28–29 қазан күндері өткен екі күндік отырыс қорытындысында АҚШ ФРЖ негізгі мөлшерлемені 0,25 пайыздық тармаққа, яғни 3,75%-тен 4% аралығына дейін төмендетті. Бұл биылғы жылы қатарынан екінші жұмсарту болды — бұған дейін қыркүйекте де осындай шешім қабылданған. Бұл шешім нарық пен экономистердің күтуіне толық сәйкес келді. Ашық нарық комитетінің 10 мүшесі бұл шешімді қолдады. Екеуі қарсы болды: бірі (Стивен Миран) мөлшерлемені бірден 0,5 пайыздық тармаққа түсіруді ұсынды, екіншісі (Джеффри Шмид) — мөлшерлемені өзгертпеуді жақтады. Сонымен қатар, ФРЖ 1 желтоқсаннан бастап баланс қысқарту бағдарламасын (сандық қатаңдату, QT) аяқтайтынын жариялады.
Шешім жарияланғаннан кейінгі баспасөз мәслихатында Джером Пауэлл желтоқсандағы мөлшерлемені төмендету «алдын ала шешілген жоқ» деп мәлімдеді. Қыркүйекте регулятор қазан мен желтоқсанда саяси жұмсарту жалғасуы мүмкін деп болжаған. Бірақ Пауэллдің бұл жолғы «қатаң» мәлімдемелері нарықтың бұл болжамына күмән келтірді. CME FedWatch дерегінше, желтоқсанда мөлшерлеме қысқарады дегенге сенетін трейдерлердің үлесі 85%-тен 63%-ке дейін төмендеді.








