Bloomberg: Apple сатылым бөлімінде сирек болатын қысқартулар жүргізді

iPhone өндірушісі сатылым бөлімінде ондаған қызмет орнын қысқартты. Бұл — Apple үшін өте сирек кездесетін жағдай, деп жазады Bloomberg. Агенттік дереккөздерінің айтуынша, басшылық кейінгі екі апта ішінде қызметкерлерге жұмыстан шығару туралы хабарлаған. Қысқартуға ірі корпоративтік клиенттер мен мемлекеттік ұйымдарды, оның ішінде мектептерді жетелейтін аккаунт-менеджерлер, сондай-ақ институционалдық тапсырыс берушілермен кездесулер өтетін және өнім таныстырылымдары жасалатын Apple брифинг-орталықтарында жұмыс істеген қызметкерлер іліккен.
«Клиенттер санын арттыру үшін біз сатылым командасында өзгерістер жасап жатырмыз, бұл аздаған позицияларға әсер етеді, — деді компания өкілі агенттікке. — Біз қызметкер қабылдауды жалғастырып жатырмыз, ал қысқартылған қызметкерлер жаңа рөлдерге өтініш бере алады». Bloomberg мәліметінше, жұмыстан шыққандар 20 қаңтарға дейін Apple ішінде басқа қызмет таба алады, әйтпесе оларға өтемақы төленеді. Компания сайтында сатылым саласына қатысты бос орындар жариялануын жалғастыруда.
Компания ішіндегі түсіндіру бойынша, бұл өзгерістер коммерциялық құрылымды оңтайландыру және қайталанатын функцияларды жою мақсатында жасалған. Алайда қысқартуға түскен кей қызметкерлердің сөзінше, шын мәніндегі мақсат — сатылымды сыртқы реселлерлерге көбірек бағыттау, деп жазады Bloomberg. Кейбір клиенттер делдалдармен жұмыс істегенді жөн көреді, ал бұл Apple-ға ішкі шығындарды, соның ішінде жалақы қорын азайтуға мүмкіндік береді.
Қысқартулар Apple-де ұзақ жылдар жұмыс істеген менеджерлерді де қамтыды. Олардың арасында компанияда 20–30 жыл еңбек еткендер бар. Реструктуризацияның негізгі нысандарының бірі — мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істейтін команда болды. Ол АҚШ Қорғаныс министрлігі мен Әділет министрлігі сияқты ведомстволарға қызмет көрсететін. Apple-дың сатылым бөлімі тікелей бас директор Тим Кукқа бағынады, ал оны компанияның көп жылдан бергі вице-президенттерінің бірі Майк Фенгер қадағалайды. Биыл оның орынбасары Вивек Тхаккар кеңейтілген өкілеттік алып, корпоративтік және білім беру сатылымдарының бүкіл сегментіне жауапты болды.
Apple басқа ірі технологиялық компанияларға қарағанда жұмыстан қысқартуды өте сирек қолданады. Тим Кук оларды бұрын «соңғы шара» деп атаған, деп еске салады Bloomberg. Ал басқа техкомпанияларда қысқартулар ауқымдырақ: қараша басында Amazon 14 000-нан астам қызметкерін қысқартатынын жариялады, ал Meta Platforms жақында ЖИ бөлімінде бірнеше жүз қызметкерді жұмыстан шығарды.








