АҚШ акциялары алаңдаушылық аясында төмендеді

6 қарашада АҚШ-тың үш ірі қор индексі де сауданы минуста аяқтады. Ең үлкен құлдырауды технологиялық секторға бағытталған Nasdaq Composite индексы көрсетті — ол 1,9%-ға төмендеді. S&P 500 индексі 1,1%-ға, ал Dow Jones Industrial Average (ірі компаниялар индексі) 0,8%-ға азайды.
Қатты арзандаған акциялардың басым бөлігі жасанды интеллект саласымен байланысты компанияларға тиесілі болды. Nvidia акциялары 3,7%-ға, Palantir Technologies — 6,8%-ға төмендеді. Meta Platforms пен Amazon шамамен 3%-ға, Microsoft — 2%-ға құлдырады.
Инвесторлардың көңіл күйін жұмыстан қысқарту жөніндегі статистика нашарлатты. Challenger, Gray & Christmas консалтинг компаниясы ұсынған есепке сәйкес, қазан айында АҚШ-та 153 074 адам жұмыстан босатылған. Бұл өткен жылдың сол айымен салыстырғанда үш есе көп. Бұл — 2003 жылдан бергі қазандағы ең жоғары көрсеткіш. Ол кезде еңбек нарығына ұялы телефондардың таралуы әсер еткен болатын. Есеп авторлары бұл жолғы жағдайды автоматтандырудың, соның ішінде ЖИ-дің әсерімен және компаниялардың шығынды қысқартуға тырысуымен түсіндіреді.
АҚШ үкіметінің «шатдаун» (уақытша жұмысын тоқтату) салдарынан ресми статистика кешігіп жатқанда, инвесторлар жекеменшік сектор деректеріне ерекше мән беріп отыр. Соңғы айларда еңбек нарығындағы салқындау АҚШ Федералдық резерв жүйесін (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемені екі рет төмендетуге итермеледі.
Financial Times басылымына пікір білдірген State Street Markets сарапшысы Мария Вейтмане:
«Жұмыссыздық туралы дерек шыққан соң нарықта айтарлықтай ештеңе өзгермесе де, инвесторлар технологиялық акциялардың қымбаттап кеткенін ескеріп, оларды сатуға себеп іздеп жүрген еді», — деді.
FT-ке пікір білдірген кей басқарушы компаниялар да бұл сатылым технологиялық акция бағасының шарықтауынан кейінгі табиғи түзету екенін айтты. Zurich сақтандыру компаниясының бас стратегы Гай Миллер:
«Инвесторлар есте ұстауы керек: бұқалық нарықтың өзінде де 10%-дық түзетулер қалыпты жағдай», — деді.
Кей инвесторлар бұл сатылымды акция сатып алуға жақсы мүмкіндік деп есептейді. Key Advisors Wealth Management компаниясының негізін қалаушы Эдди Габур WSJ-ке берген сұхбатында олардың Nvidia, Palantir және Apple акцияларындағы үлесін арттырғанын айтты.
«Біз бұл бұқаның артынан барынша ұзақ барғымыз келеді», — деді ол.








