ЖИ өзгеріс әкелуде. АҚШ-та соңғы 22 жылдағы ең көп жұмыстан қысқарту тіркелді

Challenger, Gray & Christmas консалтинг компаниясының мәліметінше, қазанда америкалық компаниялар соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішіндегі ең ірі қысқартулар туралы хабарлады. Bloomberg бұл жағдайды бизнес тарапынан шығындарды азайту әрекеттерімен және ЖИ-дің салаларға ықпал ете бастағанымен түсіндіреді. Компания өкілі Энди Челленджер 2003 жылы да еңбек нарығына ұялы телефондар әсер еткенін еске салып, «сол кез сияқты, қазір де жаңа технология жағдайды түбегейлі өзгертіп жатыр» деді.
Егжей-тегжейі
Өткен айда 153 074 адам жұмыстан қысқартылған. Бұл қыркүйекпен және 2024 жылдың қазанымен салыстырғанда шамамен үш есе көп. Негізінен қысқартулар технология және логистика салаларында болды. Жыл басынан бері қысқартылғандар саны 1 миллионнан асты — бұл пандемия кезіндегі 2,3 миллионнан кейінгі ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, биыл жұмысқа қабылдау жоспары 2011 жылдан бергі ең төмен деңгейде.
Негізгі қорытындылар:
– Кейбір салалар пандемия кезіндегі жаппай жұмысқа қабылдаудан кейін қазір штаттарын қысқартып жатыр. ЖИ енгізілуі, тұтыну мен бизнес шығындарының төмендеуі және шығындардың өсуі компанияларды шығынды азайтуға, жұмысқа қабылдауды тоқтатуға мәжбүр етуде.
– Жұмыстан шыққан адамдарға жаңа жұмыс табу қиындап жатыр. Бұл жағдай еңбек нарығын одан әрі әлсіретуі мүмкін.
– Егер пайыздық мөлшерлемелер төмендесе және қараша айы жақсы нәтиже көрсетсе, компаниялар маусым соңында жұмысқа қабылдауды күшейтуі мүмкін. Бірақ әзірге Challenger, Gray & Christmas 2025 жылы маусымдық жұмыс орындары көп болады дегенге сенбейді.
АҚШ қор индексінің фьючерстері бұл есепке айтарлықтай реакция білдірмеді. Олар аздаған өсіммен саудаланып жатыр.
Кімдер жұмысшыларын қысқартып жатыр?
Кейінгі апталарда бірқатар ірі компания қызметкерлерін қысқартатынын хабарлады. Target — 1 800 адам (шамамен 8%), Paramount Skydance — 1 000 адам, Amazon — 14 000 корпоративті қызметкер. Amazon бас директоры ЖИ болашақта жұмыс орындарын азайтатынын ескерткен болатын. Сонымен қатар, Starbucks, Delta Air Lines, Rivian Automotive те қысқартуға кіріскен. United Parcel Service (UPS) өткен айда өнімділік артуының арқасында 34 000 қызметкерін (соның ішінде курьерлер мен жүк тасушыларды) қысқартқан.
Жалпы жағдай
Қысқарту туралы хабарламалардың артуы АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Джером Пауэллдің еңбек нарығының баяу әлсіреп жатқаны туралы пікіріне қарама-қайшы келеді. Қазанның соңындағы отырыста ФРЖ пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, еңбек нарығын қолдауға дайын екенін білдірді.
АҚШ үкіметінің жұмысындағы үзіліске байланысты экономистер мен ФРЖ сарапшылары жеке сектор деректеріне сүйенуге мәжбүр. ADP Research мәліметінше, қазанда жеке секторда 42 000 жаңа жұмыс орны пайда болған. Бұл соңғы екі айдағы қысқартудан кейінгі оң көрсеткіш, бірақ жалпы нарықтың әлсіздігін растайды. 6 қарашада Revelio Labs компаниясы еңбек нарығына қатысты тағы бір есеп жариялайды.








