BofA Батыстағы ең ірі уран өндірушісінің акциясы бойынша таргетті көтерді

Солтүстік Америкадағы Cameco — қазақстандық «Қазатомпромнан» кейінгі әлемдегі екінші ірі уран өндіруші компания. Оның акциясында АҚШ үкіметімен $80 млрд-тық келісім жарияланғаннан кейін айтарлықтай өсу әлеуеті бар, деп санайды Bank of Americ. Банк Дональд Трамптың саясаты алдағы жылдары компанияға жағымды болады деп күтеді.
Егжей-тегжейлі
BofA Cameco акциясына арналған мақсатты бағаны $95-дан $130-ға дейін көтеріп, «сатып алу» (Buy) ұсынысын берді. Жаңа таргет 29 қазанда Нью-Йорктегі саудадағы жабылудан 22% жоғары. Банк болжамын жақсартты, себебі Cameco өз серіктестері Brookfield Asset Management және Westinghouse Electric Company компаниясымен бірге АҚШ Сауда министрлігімен елде кемі $80 млрд-қа атом реакторларын салу жөнінде келісімге келді.
«Біз мұны тек бастапқы нүкте ретінде қарастырамыз», — деп келтірді CNBC BofA сарапшысы Лоусон Уиндердің клиенттерге арналған жазбасындағы сөзін. Оның айтуынша, жоғарырақ мультипликаторлар Cameco-ның WEC компаниясындағы 49% үлесіне байланысты өсу әлеуетінің айтарлықтай жақсарғанын көрсетеді және тарихи максимумдарға сәл жетпей тұр.
BofA сарапшысының пікірінше, АҚШ-тағы ядролық энергетиканы қолдауға бағытталған Трамптың жарлықтары алдағы бірнеше жылда Cameco акциясының өсуіне берік алғышарттар қалыптастырды. Уиндердің айтуынша, компанияның пайдасына әсер ететін өзге де факторлар бар:
— уран шахталарының жұмысындағы үзіліс қаупі, бұл ұсыныс тапшылығына және осы активтің бағасының өсуіне әкелуі мүмкін;
— болашақта негізгі тұтынушыларға айналатын елдерде (Қытай, Жапония және Үндістан) жаңа реакторлар құрылысының қарқын алуы;
— CO₂ шығарындыларына қойылатын шектеулердің қатаюы, бұл атом энергетикасын экологиялық таза және базалық энергия көзі ретінде тартымды ете түседі.
Басқа да сарапшылар пікірі
Cameco АҚШ үкіметімен серіктестік орнататынын хабарлағаннан кейін Raymond James Financial компания акциясының мақсатты бағасын $130-дан $150-ға, ал Stifel — 150-дан 165 канад долларына (шамамен $107-дан $118-ға) дейін көтерді. Екі инвестициялық банк те бұл қағаздарды сатып алуға кеңес берді — рейтингтері сәйкесінше Outperform және Buy.
Cameco компаниясының басты артықшылығы — Канада нарығында жұмыс істеуі. Сонымен қатар, Westinghouse компаниясындағы үлесі арқылы әртараптандыру мен кеніштердің қайта іске қосылуы және Батыста уранға сұраныстың артуы есебінен өсу перспективасы жоғары. , деп жазған болатын қазақстандық Teniz Capital Investment Banking 2025 жылдың мамыр айында.








