BofA: Инвесторлардың оптимизмі соңғы 5 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті

Bank of America-ның желтоқсандағы сауалнамасы активтерді басқарушылардың көңіл күйі соңғы жылдардағы ең жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетті. Кәсіби инвесторлар рецессиядан қорқуды азайтты. Олар портфельді нарықтағы өсім жалғасады деген есеппен құрып жатыр.
Егжей-тегжейі
Қолма-қол ақша деңгейін, портфельдегі акция үлесін және жаһандық өсім күтулерін бірге есептейтін жиынтық көрсеткіш желтоқсанда 10 балдың ішінде 7,4 балға жетті. Бұл BofA-ның ай сайынғы сауалнамаларындағы соңғы 4,5 жылдағы ең жоғары оптимистік нәтиже, деп жазады Bloomberg. Экономика көтерілгенде әдетте өсетін акциялар мен шикізат тауарларына жалпы үлес 2022 жылдың ақпанынан бергі ең жоғары деңгейге шықты. Ол кезең пандемиядан кейінгі инфляциялық соққы және пайыздық мөлшерлеменің күрт өсуі басталмай тұрған уақыт еді.
BofA стратегы Майкл Хартнеттің айтуынша, мұндай оптимизм деңгейі осы ғасырда бар болғаны сегіз рет қана тіркелген. Оған әлемдік қаржы дағдарысынан кейінгі қалпына келу кезеңі (2010 жылғы қарашадан 2011 жылғы ақпанға дейін) және ковидтен кейінгі өрлеу (2020 жылғы қарашадан 2021 жылғы шілдеге дейін) жатады. BofA-ның желтоқсандағы сауалнамасы бойынша, қор басшыларының 57%-ы жаһандық экономика «жұмсақ қонады» деп күтеді. Бұл инфляция нысаналы деңгейге түседі, бірақ экономика рецессияға құламайды деген сөз. Керісінше нәтиже болады деп болжағандар саны 2,5 жылдағы ең төмен деңгейге түсті. Бар болғаны 3%.
Контекст
Bloomberg жүргізген АҚШ, Еуропа және Азиядағы қор басқарушылар сауалнамасы олардың 2026 жылы акция нарығы әрі қарай нығаяды деп позиция алып отырғанын көрсетті. Биржа сарапшылары да осы көзқарасты қолдайды. Агенттіктің жазуынша, Morgan Stanley, Deutsche Bank, Citigroup және басқа инвестициялық банктер АҚШ акциялары 10%-дан аса өседі деп болжап отыр.
S&P 500 индексі бойынша 2026 жылға ең жоғары мақсатты деңгей әзірге Oppenheimer компаниясына тиесілі. Оның стратегы Джон Штольцфус келесі жылдың соңына қарай индекс 8100 пунктке жетеді деп күтеді. Бұл қазіргі деңгейден 19% жоғары. Fundstrat Global Advisors компаниясының негізін қалаушылардың бірі Том Ли S&P 500 2027 жылды 7700 пункт деңгейінде қарсы алады деп санайды.








