Бонд көлігімен танылған бренд инвесторларға алдағы залал туралы ескерту жасады

Джеймс Бондтың келбетімен байланыстырылған люкс санатындағы көліктің әйгілі британдық өндірушісі Aston Martin өзінің жылдық залалы £110 млн ($147,8 млн)-нан асады деп хабарлаған соң акциясы 11% құлдырады. Бұл — биыл бренд өз болжамын нашарлатқан алғашқы жағдай емес. Компания сатылымның баяулауы, Valhalla гиперкарын шығарудағы кідіріс және АҚШ-тағы сауда шектеулерінен туындаған қысымның күшеюімен бетпе-бет келіп отыр.
Егжей-тегжейлі
Aston Martin жылдық залалдың өсетінін хабарлаған соң, акциясы 6 қазанда Лондонда өткен саудада 11% құлады. Өндірушінің болжамынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша залал £110 млн ($147,8 млн)-нан асады. Компания мұны Солтүстік Америка мен Азия-Тынық мұхиты аймағындағы сұраныстың төмендеуімен, сондай-ақ, АҚШ баж салығының әсерімен түсіндірді.
Aston Martin биыл инвесторларды пайда төмендеуі туралы ескерткен алғашқы рет емес. Дегенмен, ағымдағы болжам шілдедегі есепке қарағанда әлдеқайда нашар, деп жазады Financial Times. Ол кезде компания баж салығының «аса жойқын әсерін» мойындағанымен, операциялық пайда бойынша кем дегенде нөлдік нәтижеге жетеміз деп күткен еді.
Бұдан бөлек, өндіруші Valhalla гиперкарының жеткізілімі төртінші тоқсанда шамамен 150 көлік көлемінде басталатынын мәлімдеді. Бұл күткеннен аз, себебі, инженерлік үдерістер мен сертификат алу барысындағы кідірістер жобаның мерзімін кейін шегерген.
Акция ахуалы
Соңғы 12 айда Aston Martin акциясы шамамен 30% құнын жоғалтты. Bernstein сарапшысы Гарри Мартиннің айтуынша, жуырда ғана инвесторлар қолма-қол ақша ағынының оң бағытқа өзгеруі мен Valhalla гиперкарын іске қосу компанияның жағдайын түзетеді деп үміттенген. Алайда жаңа болжам бұл күтулерге күмән тудырды.
«Бұл жоспарлардың орындалмауы көптеген инвестор үшін төзімнің соңы болуы мүмкін», — деді Financial Times келтірген Гарри Мартин.
Контекст
АҚШ президенті Дональд Трамп 2025 жылы импорттық тауарларға жаңа баж салығын енгізіп, экономикалық белгісіздіктің толқынын туғызды. Бұл әсіресе сала жаһандық жеткізу тізбегіне және Солтүстік Америкадағы өндірістік қуаттарға тәуелді болғандықтан, автомобиль өнеркәсібіне ауыр соққы болды, деп еске салады CNBC.
АҚШ пен Ұлыбритания арасында мамыр айында жасалған сауда келісімі бойынша, жылына 100 мың британдық көлікке салынатын баж салығы 25%-дан 10%-ға дейін төмендетілді. Алайда, квота жүйесі «бірінші келген — бірінші қызмет алады» қағидатымен жұмыс істейтіндіктен, бұл қосымша қысым тудырып отыр. Aston Martin мұның қаржылық нәтижелерді, соның ішінде 2026 жылдан бастап тоқсандық көрсеткіштерді дәл болжауға кедергі келтіретінін атап өтті. Компания Трамп әкімшілігімен және Ұлыбритания үкіметімен тікелей диалог жүргізіп, сауда саясатының айқын әрі болжамды болуын талап етіп жатқанын мәлімдеді.
Ірі автокөлік өндірушілер — Toyota, Volkswagen және Stellantis — баж салығының кесірінен миллиардтық залал туралы ескерткен. Әсіресе АҚШ-та өндірістік алаңдары жоқ Jaguar Land Rover сияқты британдық люкс брендтер ең көп зардап шекті.








