БастыЖаңалықтар
Бөлісу

BP табыстың азаюы туралы ескертті, бірақ өндірістің артуына үмітті

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

BP табыстың азаюы туралы ескертті, бірақ өндірістің артуына үмітті

Британдық мұнай-газ алпауыты BP екінші тоқсанда мұнай мен газ бағасының құлдырауы қаржылық нәтижелерге теріс әсер еткенін мәлімдеді. Алайда компания өндіріс көлемінің артып, мұнай саудасынан жақсы нәтиже күтіп отыр.

Егжей-тегжейі

BP-ның мәлімдеуінше, мұнай бағасының төмендеуі тоқсандық табысты 600–800 млн долларға, ал газ бағасының түсуі 100–300 млн долларға дейін азайтады. Сонымен қатар, компания upstream-сегментінде (барлау және өндіру) өсім болатынын және мұнай трейдингінен жоғары нәтиже күтетіні туралы айтты. BP-ның алдын ала бағалауынша, екінші тоқсандағы мұнай өндіру көлемі бірінші тоқсанмен салыстырғанда артық болады. Бұл – жаңартылған болжам, бұған дейін өндіріс деңгейі өзгермейді деп күтілген. Газ саудасы бойынша BP орташа нәтиже, ал мұнай трейдингі бойынша жақсы көрсеткіш болатынын болжайды.

Осы болжам жарияланғаннан кейін BP акциялары Лондонда 3,1%-ға қымбаттады. Бұл сектордағы үздік нәтиже. Bloomberg-тің жазуынша, осы аптада Shell мен ExxonMobil-дің сақтықпен жасалған мәлімдемелерінен айырмашылығы – BP анағұрлым оптимистік тон ұстанды.

Компания екінші тоқсанның қаржылық нәтижелерін 5 тамызда жарияламақ.

Сарапшылар не дейді?

BP-ның жаңартылған болжамы табыс бойынша ортақ болжамды 10%-дан аса көтеруі мүмкін. Бұл – күтілгеннен жоғары өндіріс көлемі мен тиімді трейдингтің арқасы, деп жазады The Wall Street Journal Jefferies дерегіне сүйене отырып.

Wall Street-тің ірі инвесторлары – JPMorgan мен Citi де BP-ның жаңа болжамын оң бағалады, деп хабарлайды CNBC. JPMorgan бұл болжам бәсекелестердің әлсіз мәлімдемелерінен әлдеқайда мықты екенін атап өтті. Citi сарапшысы Аластер Сайм BP жаңалығын «үміттендіретін» деп сипаттап, компания акцияларына қатысты бағасы нарықтағы орташа болжамнан 15–20% жоғары екенін айтты.

FactSet деректері бойынша, BP-ға берілген консенсус-болжам бейтарап күйде (Hold). Компанияның акциясын бақылайтын 32 сарапшының 19-ы инвесторларға қазіргі позицияны сақтауға кеңес береді. BP-ның америкалық депозитарлық қолхаттары (ADR) үшін орташа мақсатты баға – 35,02 доллар. Бұл – 10 шілдедегі жабылу бағасымен салыстырғанда бір жылда 11% өсу әлеуеті бар деген сөз.

Контекст

Bloomberg агенттігінің жазуынша, BP қазіргі кезде басқарма төрағасын іздеп жатқан және жасыл энергиядан дәстүрлі мұнай-газ бизнесіне қайта бет бұрып жатқан кезеңінде операциялық көрсеткіштерін жақсартуға мұқтаж. Бұл жағдай мұнай бағасының тұрақсыздығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бағаларға АҚШ тарифтері, ОПЕК бағытының өзгеруі және Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар қысым көрсетуде. Brent маркалы мұнайы тоқсан ішінде 9%-ға арзандап, 11 шілдеде барреліне 70 доллардан төмен саудаланып жатты. Бұл BP стратегиясында бағдар ретінде алынған деңгей.

BP екі тоқсан қатарынан сарапшылардың күткен нәтижесін орындай алмады. Компанияға радикалды өзгеріс жасауды талап етіп отырған Elliott атты белсенді инвестқор басқармаға қысымын күшейтіп отыр. Бас директор Мюррей Окинклосс мұнай мен газ өндіруді арттырып, жасыл энергетикаға салынатын инвестицияны азайтатынын уәде етті. Ол сонымен қатар 2027 жылдың соңына дейін шамамен 20 млрд доллар көлеміндегі активтерді сатуға арналған жоспарды жариялады.

Алайда бұл стратегия инвесторларды әлі де иландыра қоймады. 2024 жылғы сәуірден бері компанияның нарықтық құны төрттен біріне қысқарды, ал нарықта BP-ны сату немесе біріктіру туралы сыбыстар жиілей түсті. Өткен айда Shell бұл қауесетті жоққа шығарып, Лондондағы бәсекелесін сатып алуға ниеті жоғын мәлімдеді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары