БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Brunello Cucinelli сатылымы өсіп, болжамды растады. Сатып алуға тұрарлық па?

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Brunello Cucinelli сатылымы өсіп, болжамды растады. Сатып алуға тұрарлық па?

Итальяндық люкс кашемир бренді Brunello Cucinelli шортистер шабуылынан кейін екі күнде қағазы 19% құлдырап, инвесторларды бизнесінің тұрақтылығына сендіруге тырысты. Компания тоғыз айда сатылымын 11% өсіргенін хабарлап, жылдық болжамын растады. Сондай-ақ, Ресейде бизнесті жалғастырып жатыр деген айыптауларға ресми түрде жауап берді. Сарапшылар брендке қатысты оптимизмін жоғалтпады: басым бөлігі қағазды сатып алуды ұсынды.

Егжей-тегжейлі

Brunello Cucinelli 2025 жылдың тоғыз айындағы қаржылық есебінде жылдық өсім болжамын растады: компания биылғы табысы 10% артады деп күтеді. Бұл хабар Morpheus Research шортистерінің жазбасы шықсымен бір аптадан кейін жарияланды. Онда компанияның Ресейдегі қызметі мен жеңілдіктер саясаты туралы инвесторларды жаңылыстырды деген айыптар айтылған.

Есепке сәйкес, тоғыз айдағы сатылым 11% өсіп, €1,02 млрд-қа жетті. WSJ атап өткендей, компания тарихында алғаш рет €1 млрд межесін еңсерді. Сарапшылармен сөйлесу барысында компания басшысы Брунелло Кучинелли EBIT көрсеткіші (пайыз бен салықты шегергенге дейінгі пайда маржасы) 2024 жылғы деңгейден сәл жоғары болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Bloomberg. Компания мәліметінше, өз қорлары тарихи көрсеткіштерге сәйкес.

Шортистер айыптауларына жауап ретінде бренд Ресейдегі табысын бірізді қысқартып келе жатқанын мәлімдеді: 2021 жылы елдегі үлес 9,3% болса, 2024 жылы 2,4%-ға (шамамен €30,6 млн) дейін төмендеді. Қыркүйек соңына қарай бұл көрсеткіш 1,4%-ға дейін түсті, деп хабарлайды Brunello Cucinelli.

«Біздің Ресейдегі бизнесіміз таусылып бітетініне ұқсайды», — деді компанияның бірлескен бас директоры Лука Лизандрони сарапшылармен әңгімеде, деп жазады Bloomberg. Топ-менеджердің айтуынша, елге жеткізілімдер 2021–2024 жылдар аралығында 52% азайған.

Компания қыркүйек соңында ішкі тексерістен кейін беделін қорғау үшін сотқа жүгіну мүмкіндігін қарастыратынын хабарлаған еді.

Cucinelli акциясы Миландағы 2 қазандағы саудада бір сәтте 4%-дан астамға өсіп, кейін өсім шамамен 1,4%-ға дейін баяулады. Күннің ең жоғары шегінде қағаз 26 қыркүйектегі жабылудан 13% қымбат тұрды — бұл екі күндік 19%-дық құлдыраудан кейін болды. Алайда, компания қағазы шортистер шабуылының салдарынан әлі толық айыға қойған жоқ.

Сарапшылар пікірі

Brunello Cucinelli Ресейде қызметін жалғастырып жатыр деген айыптаулардан кейін Oddo BHF компания акциясына қатысты ұсынысын Outperform (сатып алуға кеңес) деңгейінен бейтарапқа түсіріп, мақсатты бағасын €120-дан €83-ға дейін төмендетті. Бұл бағалау акцияның 1 қазандағы жабылу бағасынан шамамен 9% төмендейтінін білдіреді.

Сол күні UBS сарапшылары Brunello Cucinelli-дің Ресейдегі қызметімен байланысты әлеуетті беделдік тәуекелдерді мойындағанымен, рейтингін Buy (сатып алу) деңгейінде қалдырып, акцияның мақсатты бағасын €123 деп растады. Олардың бағалауы керісінше, акция 1 қазандағы жабылудан 35% өсетінін білдіреді.

Brunello Cucinelli акциясының динамикасын қадағалайтын сарапшылардың басым бөлігі (15-тің 8-і) оларды сатып алуды ұсынады (Buy және Outperform рейтингтері). Алтауы бейтарап позицияны ұстанып, Hold рейтингін берген, тек бір ғана сарапшы акцияны сатуға кеңес беріп отыр.

Контекст

Hindenburg Research-тің бұрынғы қызметкерлері бар Morpheus тобының мәлімдеуінше, олардың екі айлық тергеуі Cucinelli Ресейде дүкендерін жабамыз деген мәлімдемелеріне қарамастан, жұмысын жалғастырып жатқанын көрсеткен. 2022 жылы Еуроодақ санкциялар аясында Ресейге €300-дан қымбат люкс тауарын сатуға тыйым салған болатын. Сондай-ақ, Morpheus мәлімдеуінше, компания артық қорларын өткізу үшін бағаны шамадан тыс төмендетіп жатыр.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары