БастыSmall Caps
Бөлісу

«Бұл – ұтымды таңдау»: Barron’s small-cap компанияларының өсу себептерін атады

Мария Дранишникова

Мария Дранишникова

Oninvest тілшісі
«Бұл – ұтымды таңдау»: Barron’s small-cap компанияларының өсу себептерін атады

Кіші капитализациялы компаниялардың (small-cap) акцияларына инвестиция салу 2026 жылы ең тиімді стратегиялардың бірі болуы мүмкін. Осындай пікірді Barron’s басылымы білдірді. Соңғы бір айда шағын компанияларды қамтитын S&P 600 индексі кең нарықты көрсететін S&P 500 индексінен екі есе жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы жылы бұл сегменттің өсуіне ФРЖ мөлшерлемелерді төмендетуі, пайыздық шығындардың азаюы және экономикалық белсенділіктің артуы ықпал етуі мүмкін.

Егжей-тегжейлі

Barron’s 2026 жылға ең тартымды бағыт ретінде small-cap компанияларының акцияларын атап отыр. Жыл басынан бері S&P 600 индексі 6% ғана өскен, ал S&P 500 15,4% қосқан. Алайда соңғы бір айда жағдай керісінше өзгерді: шағын компаниялар индексі 7,3% өссе, кең нарық бар болғаны 2,4% көтерілді.

Басылымның жазуынша, экономикаға қатысты белгісіздік азайған сайын инвесторлар small-cap сегментіне сенімдірек қарай бастады. Бұл үрдіс 2026 жылы да жалғасуы мүмкін.

Small-cap акциялары неге өсуі мүмкін

Barron’s атап өткендей, еңбек нарығының баяулауы мен инфляцияның төмендеуі ФРЖ-ға пайыздық мөлшерлемелерді әрі қарай қысқартуға жол ашуы мүмкін. Қараша айында базалық инфляция небәрі 2,6% болды және бұл нарық күткен деңгейден айтарлықтай төмен шықты. Bloomberg бұл көрсеткішті «таңқаларлықтай төмен» деп бағалаған.

Мұндай жағдай ФРЖ-дағы мөлшерлемені төмендетуді қолдайтын саясаткерлердің ұстанымын күшейтеді, деп болжады Bloomberg Intelligence сарапшысы Айра Джерси.

Northwestern Mutual Wealth Management-тің бас инвестициялық директоры Брент Шуттенің айтуынша, инфляция деректері small-cap компаниялары үшін аса маңызды. Себебі бұл сегмент пайыздық мөлшерлемелердің өсуінен ең көп зардап шеккен. Көптеген шағын компаниялардың қарызы өзгермелі мөлшерлемемен алынған, сондықтан ставкалар көтерілсе – шығын өседі, ал төмендесе – жеңілдейді.

Пайыздық шығындардың азаюы шағын компаниялардың табыстылығына деген үмітті арттырады, деп жазады Barron’s.

Қазіргі таңда S&P 600 индексі шамамен 15 деңгейіндегі P/E коэффициентімен саудаланып жатыр. Бұл – акция бағасының компания пайдасына қатынасы. Салыстыру үшін, S&P 500 индексінің P/E көрсеткіші шамамен 22-ге тең. Бұл small-cap акциялары әлі де арзандау бағаланып отырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар шағын компаниялардың акциялары ірі корпорацияларға қарағанда жалпы экономиканың жағдайына көбірек тәуелді. Себебі S&P 600 құрамындағы көптеген компаниялар экономикалық өзгерістерге сезімтал салаларда жұмыс істейді.

Индексте ең үлкен үлес қаржы секторына тиесілі. Экономика жақсарған сайын бұл салада несиеге сұраныс, корпоративтік мәмілелер және басқарудағы активтер көлемі артады. Сондай-ақ индекс құрамында өнеркәсіп пен тұтыну секторындағы компаниялар да көп. Олар іскерлік және тұтынушылық шығындардың өсуінен тікелей пайда көреді, деп түйіндейді Barron’s.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары