BYD алғаш рет Еуропада электромобиль сатылымы бойынша Tesla-ны басып озды

BYD алғаш рет Еуропада электромобиль сатылымы бойынша Tesla-ны басып озды
Қытайлық брендтің Еуропадағы жылдам ілгерілеуі жергілікті автокөлік өндірушілерін алаңдатып отыр, деп жазады Financial Times (FT).
BYD атты қытайлық автоконцерн алғаш рет Еуропадағы электромобиль сату көрсеткіші бойынша Tesla-дан озды. Бұған дейін Илон Масктың компаниясы бұл нарықта сөзсіз көшбасшы саналып келген. Қытай нарығында BYD бірнеше тоқсан қатарынан Tesla-дан алда келеді, ал 2024 жылы жаһандық сату көлемі бойынша да америкалық компанияны артта қалдырды. Еуропа нарығындағы жетістіктер BYD-дің халықаралық нарыққа шығуындағы маңызды кезеңге айналып отыр.
Егжей-тегжейі
Сәуір айында Еуропада BYD электромобильдерінің тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 169%-ға артып, 7231 көлікке жетті, деп хабарлады Jato Dynamics зерттеу компаниясы. Осы көрсеткіш нәтижесінде қытайлық бренд Еуропада аккумулятормен жұмыс істейтін көліктердің үздік ондығына еніп, Tesla-ны басып озды. Егер гибридті көліктерді де есепке алсақ, BYD-дің Еуропадағы жалпы сатылымы сәуірде 359%-ға өскен.
Ал Илон Масктың компаниясы сәуірде 7165 электромобиль ғана тіркеп, өткен жылдың сәйкес айымен салыстырғанда 49%-ға аз сатқан. Бұл бүкіл нарықтың әлсіреуінен емес: электромобильдерге сұраныс әлі де жоғары, жалпы тіркеулер саны 28%-ға өскен. Мысалы, бірінші орында тұрған Volkswagen сәуірде электромобильдерін 61%-ға көп тіркеткен. Бұл концернге кіретін Skoda бренді өз көрсеткішін үш есеге арттырған.
Бұл нені білдіреді?
Financial Times мәліметінше, BYD-дің Еуропадағы белсенді экспансиясы Tesla сатылымының төмендеуімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұған Tesla модельдерінің ескіруі мен компания басшысы Илон Масктың саясаттағы белсенділігіне теріс реакция себеп болуы мүмкін.
«Бұл екі автокомпанияның (Еуропадағы) ай сайынғы сатылымдарындағы айырмашылық аз болып көрінуі мүмкін, бірақ оның салдары орасан зор. Бұл — Еуропа автонарығы үшін бетбұрыс сәт», — деп жазды Jato Dynamics сарапшысы Фелипе Муньос. «Оның айтуынша, Tesla бірнеше жыл бойы электромобиль нарығында көш бастап келді, ал BYD Норвегия мен Нидерландыдан тыс аумақтағы қызметін ресми түрде тек 2022 жылдың соңында бастаған.
Tesla-ның сатылымы Еуропадағы негізгі нарықтарда төмендеуде, тіпті жақында жаңартылған Model Y көмектесе алмай отыр, деп жазады FT. Бұл уақытта Renault, Stellantis және өзге компаниялар экологиялық талаптардың күшеюіне жауап ретінде қолжетімді электромобиль үлгілерін көбірек ұсынып жатыр.
BYD жаһандық деңгейде Tesla-ны артқа тастап үлгерді — ішкі нарықтағы жоғары сұраныс арқасында компания табыс көлемі бойынша да америкалық өндірушіні басып озды. Алайда Еуропада ол әлі жаңа ойыншы саналады, сондықтан оның осынша жылдам алға шығуы жергілікті автоөндірушілер үшін алаңдаушылық туғызуда.
Акциялар ахуалы қалай?
22 мамыр күні Гонконг биржасында BYD акциялары 1,4%-ға арзандады, бірақ 2025 жылдың басымен салыстырғанда 71%-ға жоғары тұр. Ал АҚШ-тағы биржадан тыс саудада компанияның қағаздары 0,5%-ға арзандады.
Tesla-ның Нью-Йорктегі акциялары керісінше 2,5%-ға қымбаттады, бірақ жыл басымен салыстырғанда 15%-ға төмен.
MarketWatch деректеріне сүйенсек, BYD акцияларын ешбір сарапшы сатуға кеңес бермейді. 8 аналитик сатып алуға, 6 сарапшы портфельде сақтауға кеңес береді.
Tesla бойынша 57 сарапшының 30-ы сатып алуға, 15-і сақтауға, 12-сі сатуға кеңес берген.
Контекст
Кейінгі кезде Tesla инвесторлары мен клиенттері компания басшысы Илон Масктың саяси белсенділігіне және қиын кезеңдегі төмен басқару белсенділігіне алаңдаушылық білдіріп жүр.
20 мамыр күні Маск алдағы бес жылда компанияны басқаруын жалғастыратынын мәлімдеп, саяси шығындарын қысқартуға уәде берді. Оның айтуынша, алғашқы тоқсандағы құлдыраудан кейін өсім байқала бастаған,
«Қазір сатылым жақсы жүріп жатыр. Біз сұранысқа тапшылық болады деп ойламаймыз», — деді Маск.
Бұл мәлімдеме инвесторларды тыныштандырдыса керек, сол күні Tesla акциялары кейінгі үш айдағы ең жоғарғы бағасына жетті.








