Chipotle биыл үшінші рет сату болжамын төмендетті. Акциясы 22% құлдырады

Chipotle Mexican Grill жылдам тамақтану желісі биыл үшінші рет жылдық сату болжамын төмендетті. Компанияның мәлімдеуінше, оның негізгі тұтынушылары жас америкалықтар жұмыссыздық пен табыстың баяулығанан ерекше қысымға ұшырап отыр. Желінің акциясы 22% құлдырап, 2012 жылдан бергі ең ірі күндік төмендеуді көрсетті.
Егжей-тегжейлі
Chipotle биыл үшінші рет болжамын төмендетіп, тұтынушылардың үйден тыс тамақтануды сиреткенін алға тартты. Компания енді жылдық сатылымның өткен жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға азаюын күтуде, ал бұған дейін нәтижелердің тұрақты болатынын болжаған. Үшінші тоқсанда салыстырмалы сатылым небәрі 0,3% өсіп, Уолл-стрит күткен деңгейге жетпеді, деп жазды Bloomberg.
2025 жылдың үшінші тоқсанында Chipotle табысы 7,5% өсіп, $3 млрд құрады. Операциялық маржа 16,9%-дан 15,9%-ға дейін төмендеді. Таза пайда өткен жылғы деңгейде қалды — $382,1 млн, бір жыл бұрын $387,4 млн болған. Сұйылтылған пайда бір акцияға шаққанда — $0,29, ал түзетілген пайда бір акцияға $0,29 құрады (өткен жылы — тиісінше $0,28 және $0,27).
Chipotle сатылымы неге азайып жатыр?
Chipotle барлық табыс деңгейіндегі клиент топтарында мейрамханаға бару жиілігінің жалпы төмендеуін тіркеді, бірақ ең айқын құлдырау табысы төмен сатып алушылар арасында байқалды, деп жазды Bloomberg. Компания клиенттерінің шамамен 40%-ы жылдық табысы $100 000-дан төмен отбасылар, және дәл осы санат экономикалық жағдай мен инфляцияның өсуіне байланысты үйден тыс тамақтануға арналған шығындарын едәуір қысқартқан, деді желінің бас директоры Скотт Боутрайт.
Оның айтуынша, жас клиенттер жұмыссыздық, студенттік несие қарыздары және жалақы өсімінің баяулауы салдарынан ерекше қиындықтарға тап болып отыр.
Инвесторлар қалай қабылдады?
30 қазандағы сауда басында Chipotle акциясы 22% төмендеп, 2012 жылдың шілдесінен бергі ең ірі күндік құлдырауды көрсетті. Жыл басынан бері компанияның қағазы 44% арзандады, ал тұтынушылық сектордағы S&P 500 индексі 5,7% өсті.
Guggenheim сарапшысы Грегори Франкфорттың пікірінше, Chipotle сатылымы келесі жылы да қысымда қалуы мүмкін, себебі төмен және орта табысты сатып алушылар қымбат тағамдардан жиі бас тарта бастады.
Есеп жарияланғаннан кейін бірнеше сарапшы Chipotle акциясының мақсатты бағасын төмендетті. TD Cowen сарапшысы Эндрю Чарльз мақсатты бағаны $45-дан $40-ға қысқартты — оның таргеті соңғы жабылу бағасына ($39,8) жуық. Сонымен қатар, Jefferies те акциясының мақсатты бағасын $44-дан $36-ға төмендетті, бұл акцияның шамамен 10% құлдырауын болжайды.
Дегенмен, 40 сарапшының 30-ы желінің қағазын сатып алуға кеңес берді (Buy және Overweight), ал қалған 10 сарапшы бейтарап ұстанымда.








