БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Citi алтын бойынша «бұқалар» қатарына қосылып, жаңа баға рекордын жоққа шығармайды

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Citi алтын бойынша «бұқалар» қатарына қосылып, жаңа баға рекордын жоққа шығармайды

Citigroup сарапшылары алтын бағасы бойынша болжамын $3300-ден $3600-ге дейін көтерді. Бұл шешім АҚШ экономикасының баяулауы мен нарық күткеннен жоғары жаңа кедендік баж салығынан туындаған инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты қабылданды. Жаңартылған бағалау банктің ұстанымын Fidelity мен Goldman Sachs сияқты «бұқа» көзқарасты ұстанатын инвестициялық алпауыттарға жақындатады. Олар алтын 2026 жылы $4000–4500 деңгейіне дейін қымбаттауы мүмкін деп санайды.

Егжей-тегжейлі

Алдағы үш ай ішінде алтын унциясы $3300 бен $3600 аралығында саудалануы мүмкін, делінген Citigroup сарапшысы Макс Лэйтон бастаған сараптамалық жазбада. Бұл диапазонның жоғарғы шегі қазіргі деңгейден шамамен 6%-ға өсу мүмкіндігін білдіреді.

Bloomberg-тің жазуынша бұл — Citi банкі маусым айында жариялаған болжамға қарағанда елеулі өзгеріс. Ол кезде банк қысқа және ұзақмерзімді мақсатты бағаларын төмендетіп, 2025 жылдың соңына немесе 2026 жылдың басына қарай алтын $3000 деңгейінен төмен түсуі мүмкін деген болжам айтқан. Бұл болжам алтынға деген инвестициялық сұраныстың әлсіреуі мен жаһандық өсім перспективасының жақсаруы аясында жасалған еді. Енді Citi бұл «аюлық» көзқарастан бас тартты.

«АҚШ экономикасының жағдайына және кедендік баж салығына байланысты инфляциялық тәуекелдерге қатысты алаңдаушылық 2025 жылдың екінші жартысында жоғары күйінде қалмақ. Бұл факторлар доллар бағамының әлсіреуімен ұштасқанда алтын бағасының орташа өсуіне және жаңа тарихи рекордтарға алып келуі мүмкін», — делінген Citi шолуында, оны Reuters келтіреді.

Банктің бағалауынша 2022 жылдың ортасынан бері алтынға жалпы сұраныс 30%-дан астам артқан. Бұл металдың бағасын 2025 жылдың екінші тоқсанына дейін екі есеге жуық өсірген. Investing.com-ның жазуынша бұған тұрақты инвестициялық ағындар, орталық банктердің қалыпты сатып алулары және жоғары бағаға қарамастан зергерлік бұйымдарға деген тұрақты сұраныс себеп болған.

2026 жылға келсек, Citigroup сарапшылары сақтық танытады. Олардың пікірінше АҚШ-та жұмысқа қабылдаудың уақытша тоқтау кезеңі аяқталып, сауда саясатына қатысты айқындық артып, ынталандыру бағдарламасының іске қосылуы алтынға деген инвестициялық сұранысты азайтуы мүмкін.

Алтын қанша тұрады

4 тамыз күнгі саудада желтоқсан айындағы алтын фьючерстерінің бағасы 0,9%-ға қымбаттап, унциясы $3429-ға жетті. Бұл 1 тамыздағы күрт өсімнен кейін орын алды. Сол күні инвесторлар АҚШ-тағы әлсіз еңбек нарығы туралы статистика мен жаңа баж салығы жарияланғаннан кейін тәуекелді активтерді жаппай сатып, алтынды көптеп ала бастады.

Басқа сарапшылар не дейді

Citi-дің жаңартылған болжамы оны Fidelity International мен Goldman Sachs-тың оптимистік бағаларымен жақындастыра түседі.

Fidelity қорының басқарушысы Иэн Самсон Bloomberg-ке берген сұхбатында: «Егер доллар әлсіреп, орталық банктер алтынды сатып алуды жалғастырып, ФРЖ (АҚШ Федералдық резерв жүйесі) экономиканы қолдау мақсатында мөлшерлемелерді төмендетсе, онда алтын бағасы келесі жылдың соңына қарай унциясы $4000-ға дейін көтерілуі мүмкін», — деді. Оның айтуынша, кейбір клиенттер сәуір айында баға $3500 деңгейінен төмен түскен соң, өз портфельдеріндегі алтын үлесін арттырған.

«Иә, алтын айтарлықтай қымбаттады. Бірақ 2001 жылдан 2011 жылға дейін ол да «бұқа нарығы» кезеңінде болды, сол уақытта жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсті. 2021 жылдан бері де көрсеткіштер соған ұқсас. Сондықтан бұл міндетті түрде қызып кеткен нарық деген сөз емес», — деп нақтылады Самсон.

Goldman Sachs болса, геосаяси және экономикалық тәуекелдер күшейсе, алтын бағасы унциясына $4500-ге дейін жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары