Coinbase акциялары 12%-ға құлады: Уолл-стриттің көңілі неге қалды?

Coinbase Global акциялары тоқсандық табыс есебінің жариялануынан кейін күрт төмендеді. АҚШ-тағы ең ірі криптовалюта биржасы табыс бойынша болжамдарды ақтамады, дегенмен стейблкоиндардан түсетін кірісті ұлғайтып отыр.
Егжей-тегжейлі
Nasdaq постмаркетінде Coinbase акциялары 9,2%-ға арзандады. Бұл — криптобиржаның 2025 жылдың екінші тоқсанындағы қаржылық нәтижелері табыс жағынан да, жалпы кіріс жағынан да инвесторлардың күткенінен әлдеқайда төмен болғанын көрсетеді. 1 тамыздағы алдын ала саудада құлдырау 11,5%-ға дейін күшейді.
Coinbase-тің екінші тоқсандағы табысы $1,5 млрд-ты құрады — бұл $1,56–1,59 млрд аралығындағы консенсус-болжамнан төмен. Әсіресе түзетілген (non-GAAP) пайда тым әлсіз болды: бір акцияға $0,12 ғана, ал болжам бойынша $1,49 болуы тиіс еді, деп жазады Cointelegraph. Қаржылық нәтижелерге криптовалюталармен спот-сауданың көлемінің төмендеуі әсер етіп, транзакциялық табыстың күрт азаюына себеп болды.
Дегенмен тоқсан толықтай сәтсіз болған жоқ. Жалпы табыс 26%-ға азайғанымен, жазылым мен сервистік қызметтерден түсетін кіріс небәрі 6%-ға төмендеді — бұл клиенттердің шоттарындағы стейблкоин қалдықтарының, әсіресе USDC көлемінің өсуімен байланысты. Стейблкоиндармен операциялардан түсетін кіріс 12%-ға өсті, және Coinbase осы сегментте өсім жалғасады деп үміттенеді.
Сарапшылар не дейді
Coinbase болжамнан қалып қойды, себебі криптовалюталармен бөлшек сауда көлемі аз болды, деп түсіндірді Needham & Company инвестициялық компаниясының аға cарапшысы Джон Тодаро. Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында ол: «Уолл-стриттің консенсус-болжамынан айырмашылықтың басты себебі — сауда операцияларының құрылымындағы өзгеріс. Бөлшек инвесторлардың белсенділігі нарық күткеннен әлдеқайда төмен болды», — деді.
Coinbase қосарлы модельді дамытып келеді. Бір жағынан — бөлшек трейдерлерге арналған платформа, екінші жағынан — институционалдық инвесторларға инфрақұрылымдық шешімдер ұсынатын жеткізуші ретінде дамуда. Алайда Coindesk шолушысы Хелен Браунның айтуынша негізгі табыс көзі әлі де сауда операциялары болып қала береді. Оның пікірінше Coinbase есебі компанияның криптонарық циклділігіне деген сезімталдығын айқын көрсетті.
Monness Crespi Hardt компаниясының аналитигі Гас Гала Coinbase есебі жарияланбай тұрып-ақ оның акцияларына қатысты бағасын Buy (сатып алу) деңгейінен бейтарапқа түсіріп, мақсатты бағаны алып тастап, клиенттерге пайдасын тіркеп, сатуға кеңес берген. Оның айтуынша, Coinbase-тің нарықтық құны соңғы бірнеше айда тым жоғары көтерілді — криптосектордағы оң өзгерістер мен биткоин бағасының өсуін есепке алғанда да.
Биткоинның жағдайы не болды?
1 тамыз таңында биткоин Coinbase биржасында $114,25 деңгейіне дейін төмендеді — бұл 11 маусымнан бергі ең төменгі көрсеткіш. Бұған себеп — АҚШ президенті Дональд Трамптың 31 шілдеде ондаған сауда серіктестерінен импортталатын тауарларға жоғары кедендік баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қоюы.
Биткоин шілде айын тарихи ең жоғары деңгейде — $115,8 мыңмен жапты. Алайда бұл ай өсу қарқыны жағынан аса әсерлі болған жоқ. Бұл тұрғыдан қараша 2024 жыл көш бастап тұр: АҚШ президенті болып Трамп сайланғаннан кейін биткоин бірден $26 мыңға қымбаттаған еді, деп еске салады Cointelegraph.








