Corona экспорттаушысының акциясы 22%-ға төмендеді. Jefferies неге сатып ал дейді?
Jefferies аналитигінің пікірінше, Constellation Brands акциялары 19% өсім әлеуетіне ие.

Jefferies сарапшысы Каумил Гаджравала Modelo мен Corona сырасының дистрибьюторы Constellation Brands компаниясының акцияларының рейтингін көтеріп, инвесторларға сатып алуға кеңес беріп отыр. Сарапшының пікірінше, сыраға сұраныстың әлсіздігіне қарамастан, компанияның қаржылық жағдайы мықты және жылдың екінші жартысында қалпына келу әлеуеті жоғары.
Мәліметтер
«Constellation Brands компаниясының акциялары жыл басынан бері 22%-ға арзандады. Дегенмен, Jefferies сарапшысы Каумил Гаджравала, бұл төмендеу тым асыра сілтенген деп санайды» деп жазды CNBC.
Сарапшы компания акцияларының бағасын «ұстай тұру» (Hold) деңгейінен «сатып алу» (Buy) деңгейіне көтеріп, мақсатты бағасын 11 долларға өсіріп, бір акция үшін 205 долларға дейін жеткізді. Бұл – акцияның соңғы саудадағы жабылу бағасына қарағанда шамамен 19% өсу әлеуеті бар деген сөз.
7 шілдеде таңертеңгі саудада рейтингтің өзгеруінен кейін Constellation акциялары 1,7%-ға өсті.
Jefferies неге Constellation-ға сенеді?
Сараптаманың жаңартылуына компанияның тоқсандық табысы мен кірісі туралы есебі себеп болды. Ол Уолл-стрит сарапшыларының болжамынан төмен болды, деп жазады CNBC. Қаржылық көрсеткіштердің нашарлауына сыраға сұраныстың азаюы және алюминийге салынған баж салығы әсер еткен.
«Әрине, нарықта қиындық бар, бірақ брендпен мәселе жоқ. Латынамерикалықтар сыраны аз ішіп жатыр. Бұған көші-қон шектеулері мен наразылықтар сияқты белгілі себептер әсер етті. Бірақ бұл уақытша. Болжамға сәйкес, теріс үрдістер оңға ауысады, шарап сегменті табысқа шығады, ал салыстырмалы көрсеткіштер тезірек жақсара бастайды. Компанияның мықты қаржылық балансы оған бұл өзгерістерді күтуге мүмкіндік береді», — деп жазды Гаджравала клиенттерге арналған жазбасында.
Сарапшы компанияның қалпына келу әлеуеті әлі де жоғары екенін айтады. Оның айтуынша, жылдың екінші жартысында жағдай жақсарып, тұтынушы сұранысы қайта жандануы мүмкін.
Сондай-ақ, Constellation-ның шарап және күшті алкогольдік брендтері 2025 жылдың алғашқы тоқсанында нарықтағы қиындықтарға қарамастан өсім көрсеткен.
«Біздің ойымызша, Constellation акциялары қазір шынайы бағасынан әлдеқайда арзан. Компанияның болашағы зор. Иә, бұрынғы бағасына қайта оралмауы мүмкін, бірақ біз бұл акциялардың тым көп сатылып кеткеніне сенімдіміз. Нарықтағы қысым азайған соң, олардың құны тез қалпына келеді. Шарап бизнесі пайдаға шығып жатыр, ақша ағымы мықты, акцияларды кері сатып алу да жеделдеген», — деп қосты сарапшы.
Басқа сарапшылар не дейді?
Constellation-ды бақылап отырған сарапшылардың көбі компанияға оң баға береді. LSEG дерегінше, 26 сарапшының 16-сы акцияны сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight), ал қалған 10-ы — ұстап тұруды (Hold) ұсынады. Орташа мақсатты баға акциялардың қазіргі бағасынан шамамен 23% жоғары болуы мүмкін екенін көрсетеді.








