«Даңқты күндер» қайта оралды: инвесторлардың жасыл энергетикаға көзқарасы өзгеруде

АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңартылатын энергия көздеріне қарсы «жорығы» бұл сектор компанияларының акцияларын одан сайын құлдыратуы тиіс сияқты еді. Алайда бәрі керісінше болды, сектор биылғы жылы қайтадан инвесторлардың назарын аударып, әлемдегі ең жоғары табысты бағыттардың біріне айналды. Бұған қоса, бағамдар әлі де төмен деңгейде қалып отыр. Ең бастысы — аналитиктердің айтуынша, таза энергетика енді субсидияларға тәуелді емес.
«Даңқты күндер»
АҚШ-та баламалы энергия қорлары маусым айында алғаш рет аз да болса қаржы ағымын тіркеді — бұған дейін 25 ай бойы нарықтан $24 млрд-қа жуық қаражат кеткен болатын, деп хабарлайды қор нарығын талдаумен айналысатын Lipper.
Reuters-тің дерегінше жаңа қаражат ағыны тамызда ($400 млн-ға жуық) және қыркүйекте ($800 млн) жалғасты.
Трамп Ақ үйге оралған соң, жасыл энергетикаға қарсы шабуылды дереу бастап, саланы мемлекеттік қолдаудың басым бөлігінен айырды. Алайда қорларды басқаратын менеджерлердің айтуынша салдарға қатысты үрей тым асыра бағаланған. BlackRock компаниясының портфельді басқарушысы Аластер Бишоп агенттікке берген сұхбатында: «Компаниялардың бағалауы фундаменталды көрсеткіштерден тым алшақ кеткені соншалық, тіпті теріс жаңалықтардың расталуының өзі нарық көңіл-күйін оң бағытқа өзгертті», — деді. Оның айтуынша бұл «инвесторларға фундаменталды көрсеткіштерге назар аударуға мүмкіндік берді».
Ал Jefferies Financial Group басқарушы директоры Аникет Шах жаңартылатын энергетика инвестицияларының қайта жандануын «даңқты күндердің келуімен» салыстырды. «Қазіргі кезде біз капитал нарығында да, нақты секторда да тұрақты даму мен энергетикалық көшуге бағытталған белсенділіктің арту сәтін бастан кешіп жатырмыз», — деді ол Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында.
Шахтың сөзінше әлем назарын АҚШ-қа аударғанымен, энергетикалық өтудің шынайы ауқымын түсіну үшін Қытайға, Жапонияға, Үндістанға, Еуропаға және тіпті АҚШ-тың жеке штаттарына қарау қажет. Өйткені олар федералды саясатқа қарамастан өздерінің жасыл жобаларын тоқтатуды жоспарлап отырған жоқ.
Зияткерлік сұраныс
Соңғы он жылда электр энергиясына сұраныс жалпы энергетикалық ресурстарға деген сұраныстан екі есе жылдам өсті. Енді 2035 жылға дейін бұл көрсеткіш алты есе артады деп болжануда. Себептері: электромобильдердің көбеюі, кондиционерлердің кең таралуы (соның ішінде жаһандық жылынудың әсерінен), компьютерлік чиптер өндірісі және жасанды интеллекттің дамуы, деп хабарлайды Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА).
ХЭА сарапшыларының пікірінше ЖИ энергетика секторын түбегейлі өзгертеді: дата-орталықтардың электр энергиясына деген сұранысы 2030 жылға қарай екі еседен астам өсіп, 945 ТВт/сағ-қа жетеді — бұл қазіргі Жапонияның жылдық тұтынуынан да көп. Негізгі сұраныс АҚШ пен Қытай тарапынан болады деп болжануда.
Қолданыстағы саясат өзгеріссіз қалса да, жеделдетілген энергетикалық өтуді айтпағанда, көмірқышқыл газын аз шығаратын энергия көздері (күн, жел, атом, су электр станциялары) 2030 жылға қарай әлемдік электр энергиясының жартысынан астамын өндіре бастайды, дейді агенттік. Бұл тек генерацияға ғана емес, сондай-ақ тарату инфрақұрылымына және аккумуляторлық жүйелерге де инвестицияларды қажет етеді.
Соңғы айларда осы қажеттіліктерге байланысты компаниялардың акциялары күрт өсті. Мәселен, Oracle компаниясымен дата-орталықтарға арналған электр генерациялайтын отын ұяшықтарын жеткізу туралы келісімге келген америкалық Bloom Energy акциялары төрт айда төрт есеге қымбаттады. Ал әлемдегі ең ірі жел турбиналарын өндіруші қытайлық Goldwind Science & Technology акциялары сәуір айынан бері екі есе өсті. Дәл осы уақытта Трамп Қытай импортына 100% астам тариф енгізбек болып, кейін сауда бітіміне келді.
Bloom Energy акциялары бүгінде аналитиктердің орташа мақсатты бағасынан да жоғары ($108,53 қарсы $80,2, 27 қазан жабылу бағасы бойынша). Сарапшылардың 13-і «ұстай тұру» деген баға берсе, 11-і — «сатып алу» немесе «нарықтан жоғарғы» деп бағалаған. Үшеуі «нарықтан төмен» немесе «сату» деген кеңес береді. Goldwind бойынша да сарапшылардың орташа мақсатты бағасы 11,2 юань болып отыр, бірақ ағымдағы баға 15,57 юань (27 қазан бойынша). Сарапшылардың 13-і «сатып алуға» кеңес берсе, бесеуі «ұстай тұру» дейді, «сату» деген ұсыныс жоқ.
АҚШ-та электр энергиясына сұраныс жарылыс тәрізді өседі
АҚШ-та электр энергиясына сұраныс 10 жылдан астам уақыт бойы тұрақты болды. Алайда ЖИ индустриясының дамуы және дата-орталықтардың көбеюіне байланысты сұраныс күрт өседі деп күтіледі. Жаңартылатын энергия көздерінен қуат өндіретін NextEra Energy болжамы бойынша АҚШ-қа 2030 жылға қарай қосымша 450 ГВт генерациялық қуат қажет болады. Оның тек 75 ГВт-ы газ станцияларынан, ал 40 ГВт көмір станцияларын тоқтатуды кейінге қалдыру және атом энергетикасындағы шағын өсім есебінен қамтамасыз етіледі, деп жазады Reuters.
Технологиялық компаниялар атом энергетикасымен келісім жүргізіп жатыр, бірақ қуатты айтарлықтай арттыру үшін бірнеше жыл қажет. Осы жағдайда күн энергетикасы мен энергия сақтау жүйелері өндірісті тез арада арттыра алатын жалғыз шешім ретінде қарастырылады.
Robeco портфелін басқарушы Роман Бонер Reuters-ке берген сұхбатында: «Дата-орталықтарға электр 2–3 жыл ішінде қажет болады. Сондықтан қанша жаңартылатын қуат салуға мүмкіндік болса, сонша салынады. Өйткені бұл — ең арзан энергия көзі әрі ең тез тұрғызылатын инфрақұрылым», — деді.
Сектордың қайта жандануы
MSCI Global Alternative Energy индексі 2021 жылғы қаңтардағы ең жоғарғы деңгейінен екі есеге төмендеген еді. Алайда 2025 жылдың III тоқсанында ол 17%-ға өсті — бұл 2020 жылдың соңынан бергі ең үздік нәтижесі. Өсім көлемі АҚШ-тың S&P 500 индексінің өсімінен екі есе жоғары болды. Құрама Штаттардың күн энергетикасы саласындағы First Solar компаниясының акциялары үшінші тоқсанда 33%-ға қымбаттаса, португалдық EDP Renovaveis акциялары 18%-ға өсті.
First Solar бойынша сарапшылардың орташа мақсатты бағасы $240,82 болса, акция бағасы қазір $247,69 (27 қазан). Сарапшылардың 37-сінің 32-сі «сатып алуға» кеңес беріп отыр. EDP Renovaveis бойынша орташа мақсатты баға €12,88 деңгейінде — ағымдағы бағаға жақын. Сарапшылардың 11-і — «сатып алу», тағы 11-і — «ұстай тұру», екеуі — «нарықтан төмен» деп бағалайды.
Акциялар бағасының соңғы айларда өсуіне қарамастан, MSCI Global Alternative Energy индексі MSCI World индексімен салыстырғанда 40% дисконпен саудалануда (бірнеше ай бұрын айырмашылық 67% болған). Соңғы 10 жылда аталған индекс көбінесе 7,4% премиямен саудаланғанын Reuters атап өтеді. Индекстегі компаниялардың бағасы болжамды пайдаға шаққанда (P/E) 14,6 болса, MSCI World индексінде бұл көрсеткіш 20,4.
Guinness Asset Management компаниясының жасыл энергетика қорларын басқаратын Джонатан Уэгхорнның пікірінше ЖЭК компанияларының, әсіресе дата-орталықтар мен ЖИ үшін энергия жеткізетіндердің, сондай-ақ электр желілерін қамтамасыз ететіндердің табысы өседі: «Сала енді ғана жанданып келеді, ал нарық оған жауап беруде», — дейді ол.
BlackRock-тың Бишопы да табыс туралы болжамдардың өсуін күтеді, ал бұл әдетте бағамдарды қолдайды.
Сектор ауқымды инвестицияларды қажет етеді, сондықтан оны жетекші орталық банктердің ақша-кредит саясатын жұмсартуы да қолдауда. Соңғы жылдары пайыздық мөлшерлемелердің көтерілуі қарыз жүктемесін ұлғайтып, компания акцияларының құлдырауына себеп болған еді.
Секторға тікелей инвестициялар қорлары белсенді кіре бастады. Қазан айының басында Brookfield Asset Management компаниясы таза энергетикаға көшу қорына $20 млрд тартқанын хабарлады — бұл бағыттағы әлемдегі ең ірі қор болды. Сонымен қатар Resolution Investors $1 млрд жинауды мақсат еткен жаһандық климаттық акциялар қорын құрмақ.
Brookfield Asset Management президенті Коннор Тески: «Энергияға сұраныс жылдам қарқынмен өсіп келеді, оған ЖИ ғана емес, өнеркәсіп пен көлікті электрлендіру де ықпал етуде. Мұндай жағдайда энергетикаға инвестиция жасауда «бәрін және бірден» қағидатын ұстану қажет. Бірақ басымдық төмен көміртекті ресурстарға беріледі», — деді.








