Dell табыс пен пайдаға қатысты болжамын аяқ асты жақсартты. Акциялар қымбаттады

Компьютер, сервер және жасанды интеллект жүйелеріне арналған құрылғылар шығаратын Dell Technologies компаниясы сарапшылармен кездесу кезінде ұзақмерзімді болжамын айтарлықтай жақсартты. Енді компания 2030 жылға дейін жыл сайынғы табысы 7–9% өседі деп күтуде. Бұған дейін бұл көрсеткіш 3–4% болады деп болжаған. Басшылықтың айтуынша, акцияға шаққандағы түзетілген пайда жылына кемінде 15% өседі. Бұрын бұл өсім 8% болады деп жоспарланған еді, деп еске салады Barron's.
Dell акциялары 7 қазан күні сауда ашылғанда бірден 5% қымбаттап, бір қағаз $150-дан асты. Бұл — 2024 жылдың мамырынан бергі ең жоғары деңгей, деп хабарлайды CNBC. Жыл басынан бері компания құны шамамен 27% артқан.
Dell бұл болжамды жақсартуды технологиялар өте жылдам дамып жатқан қазіргі кезеңде компанияның мүмкіндіктерді тиімді пайдалануымен байланыстырды. Әсіресе жасанды интеллект саласы ерекше қарқын алып отыр. «Клиенттер ЖИ шешімдерін, есептеу ресурстарын, дерек сақтау жүйелері мен желілік технологияларды қалайды. Біз осы сұранысты табыс пен тұрақты ақша ағынына айналдырып отырмыз. Бұл қаражаттың басым бөлігін акционерлерге қайтарамыз. Жасанды интеллект бизнес пен мемлекеттік құрылымдарға кеңінен енген сайын, біз үшін үлкен мүмкіндіктер ашылып жатыр», — деді компания басшысы Майкл Делл.
Dell 80%-дан астам түзетілген еркін ақша ағынын акционерлерге бағыттайтынын растады. Бұл қаражат дивидендтерді арттыру мен акцияларды кері сатып алу арқылы қайтарылады.








