The Motley Fool Баффет стилін ұстанатындар үшін үш ЖИ акциясын атады

Инвестициялық аналитика мен қаржылық кеңес беруге маманданған The Motley Fool қызметі Уоррен Баффет стратегиясын ұстанатын инвесторларға арналған үш жасанды интеллект компаниясын таңдады. Баффет құндылыққа негізделген тәсілдің жақтаушысы ретінде танымал: оның пікірінше, өте тиімді бағамен орташа компанияны сатып алғаннан гөрі, әділ бағада мықты компанияны алған дұрыс. Алайда ЖИ-дың жаппай дамыған дәуірінде бұл қағиданы ұстану оңай емес: қызып тұрған нарықта бағаланбаған акцияларды табу – қиынның қиыны. Соған қарамастан, мұндай компаниялар бар. Қай акциялар тізімге енгенін төменде баяндаймыз.
Тізімге енген компаниялар:
— Micron Technology – жад пен мәлімет сақтау құрылғыларына маманданған компания. Биылғы жылдың басынан бері Micron акциялары 37%-ға өсті, ал АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 небәрі 2%-ға ғана жоғарылады. 2024 жылы Micron нарықтағы ең ықшам жад чипін алғаш болып таныстырды. Кішкентай көлем чип ішіне көбірек компонент орналастыруға мүмкіндік береді, бұл құрылғыларды жылдамырақ әрі қуаттырақ етеді. Әсіресе ЖИ-ды қолдайтын мобильді шешімдер үшін бұл өте маңызды. Micron өнімдеріне жасанды интеллект саласында сұраныс жылдам артып келеді: 2024 қаржы жылының екінші тоқсанында HBM чиптерінен (жоғары өткізу қабілетті жады) түскен табыс алғаш рет 1 миллиард доллардан асты. Осы тоқсандағы жалпы табыс 8,1 миллиард долларды құрады (былтырғы 5,8 млрд-қа қарағанда 40%-ға көп), ал таза пайда екі есеге өсіп, 1,6 миллиард долларға жетті.
— Тағы бір компания – Dell Technologies, серверлер, дербес компьютерлер және жасанды интеллект жүйелерін құруға арналған басқа да жабдықтарды сатады. Биылғы жылдың басынан бері Dell акциялары 3%-дан астамға арзандағанымен, Уолл-стрит сарапшылары олар кемінде 25%-ға өседі деп болжайды. Dell клиенттерінің қатарында ЖИ-компаниясы CoreWeave бар. Жоғары бәсекеге қарамастан, ЖИ-жабдықтарына сұраныс қарқынды өсуде, ал Dell өз нарық үлесін белсенді түрде арттырып жатыр, деп жазады The Motley Fool. 2025 қаржы жылының бірінші тоқсанында Dell-дің табысы 5%-ға өсіп, 23,4 миллиард долларға жетті. «ИИ-ға бейімделген серверлерге сұраныс ерекше жоғары болды», – деп мәлімдеді операциялық директор Джефф Кларк. Тек бірінші тоқсанның өзінде ЖИ-жабдықтарына түскен тапсырыстар 12,1 миллиард доллардан асып түсті. Бұл бүкіл 2025 қаржы жылындағы жеткізілімдердің жиынтық көлемінен көп. 2026 қаржы жылында Dell-дің табысы 101 миллиард долларға жетеді деп күтілуде (былтыр – 95,6 млрд).
— Үшінші компания – Alphabet (Google-дың бас компаниясы). Оның акциялары биылғы жылдың басынан бері 6%-ға төмендеді, бірақ Уолл-стрит сарапшылары олардың 13%-ға дейін өсу әлеуетін байқап отыр. Компания өз ЖИ-шешімдерін жасап, оларды Google Search пен Google Cloud секілді көптеген өнімдерге енгізді, бұл өз кезегінде табысқа оң әсерін беріп отыр. Іздеу жүйесіне жасанды интеллект енгізу қолданушылар белсенділігін арттырды, нәтижесінде 2025 жылдың бірінші тоқсанында Google-дың табысы 50,7 миллиард долларға жетті (2024 жылы – 46,2 млрд). Google Cloud табысы да жылдық есеппен 28%-ға өсіп, 9,6 миллиард доллардан 12,3 миллиардқа жетті. Alphabet-тің жалпы тоқсандық табысы 90,2 миллиард доллар болды (былтырғы 80,5 млрд-қа қарағанда), ал бір акцияға шаққандағы пайда 1,89 доллардан 2,81 долларға артты.
Alphabet акциялары АҚШ билігі қозғаған екі антимонополиялық іс бойынша жеңілген соң қысымға ұшырады, бірақ компанияның бас директоры Сундар Пичаи бұл шешімдерге шағымдануға болатынын, ал сот процестері бірнеше жылға созылуы мүмкін екенін атап өтті. Осы уақыт ішінде Alphabet өз бизнесінің өсуін жалғастыра бермек. Оған ЖИ үлкен серпін беруде. 2025 жылы компания жасанды интеллекттің технологиялық инфрақұрылымына 75 миллиард доллар инвестиция салмақ. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,5 миллиардқа көп.
The Motley Fool атап өткендей, Micron, Dell және Alphabet – ондаған жылдық тарихы бар, тұрақты бизнесі мен дамыған ЖИ-бөлімшелері бар компаниялар. Олар дивиденд төлейді және Баффет жақсы көретін «тамаша компаниялар» бейнесіне дәл келеді. Бұл компаниялардың болашақтағы табысқа шаққандағы баға көрсеткіші (P/E) – 12 мен 18 аралығында, ал Nvidia мен Microsoft сияқты алыптарда бұл көрсеткіш 33–35-ке дейін барады. Яғни, салыстырмалы түрде төмен мультипликатор бұл үш компанияның акцияларын Баффеттің ұзақ мерзімді стратегиясын ұстанатын, ақылға қонымды бағада инвестиция жасағысы келетін инвесторлар үшін тиімді таңдау етеді.








