БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Денсаулық сақтау секторы инвесторлар үшін «тыныш айлаққа» айналды

Яна  Закомолдина

Яна Закомолдина

Денсаулық сақтау секторы инвесторлар үшін «тыныш айлаққа» айналды

Қарашада денсаулық сақтау секторы АҚШ нарығындағы ең мықты бағыт болды. S&P 500 Health Care индексі 10% өсті, ал S&P 500 1%-дан көп төмендеді. Волатильдік күшейген тұста инвесторлар қымбат ЖИ акцияларынан қорғаныс активтеріне ауысуда. Хедж-фондар бұл үрдісті жылдамдатты. Goldman Sachs дерегінше, секторға ақша ағымы соңғы бес жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.

Егжей-тегжейі

Bloomberg мәліметінше, қарашада АҚШ нарығында айқын көшбасшы пайда болды. Денсаулық сақтау секторы. ЖИ компанияларына деген көзқарас қайта қаралып жатқан кезеңде S&P 500 Health Care индексі 25 қарашаға дейін ай басынан 10% көтерілді. Бұл — бенчмарктағы 11 сектордың ішіндегі ең жақсы нәтиже. Ал S&P 500 сол уақыт аралығында 1,1% төмендеді.

Секторға қызығушылықтың артуына нарықтағы жоғары волатильдік әсер етті. Күн ішіндегі күрт қозғалыстар қарашада қалыпты жағдайға айналды, деп жазады Bloomberg. Oracle мен Nvidia сияқты ЖИ көшбасшыларының акциялары қысымға ұшырады. Инвесторлар болашақ пайда қазіргі жоғары бағаларды ақтай ма деп күмәндануда. Тұтынушылық сектор да еңбек нарығының баяулауы және инфляцияның жоғары болуы себепті әлсіреді.

«Кейбір салаларда бағалар тым жоғары болғандықтан, ЖИ төңірегіндегі мүмкін көпіршікке алаңдаушылық артқандықтан инвесторлар арзан идеяларды іздей бастады», — дейді Alpine Woods Capital Investors бас стратегы Сара Хант.

Өсімнің себептері

Сектор өсімінің негізгі қозғаушысы — хедж-фондар. Goldman Sachs прайм-брокериджінің деректері бойынша, төрт апта қатарынан инвесторлар ең көп сатып алған акциялар — денсаулық сақтау секторына тиесілі. 17–23 қараша аралығындағы ақша ағыны кейінгі бес жылдағы рекорд болды. Инвестициялық қорлар да үлесін ұлғайтты. Олардың салымы сектордың S&P 500 ішіндегі жалпы салмағынан да жоғары.

Goldman Sachs бөлек есепте хедж-фондар төртінші тоқсанға денсаулық сақтау секторында он жылдағы ең үлкен үлеспен кіргенін айтты (2020 және 2023 жылдардың басындағы қысқа кезеңдерді есепке алмағанда). Үшінші тоқсанда басқарушылар бұл сектордағы үлесін 260 базистік пунктке арттырып, дәл сондай мөлшерге тұтынушылық тауарлар мен қызметтер секторындағы салымды қысқартты.

PivotalPath зерттеу деректері де күшті динамиканы растайды: денсаулық сақтау сегментіндегі хедж-фонд индексі қыркүйекке дейінгі үш айда 13% өсті. Бұған сәтті клиникалық сынақтар, ЖИ-дың дәрі зерттеуіне және әзірлеуге белсенді енгізілуі, сондай-ақ биотех және фармацевтикадағы мәмілелердің жандануы ықпал етті. «Фонд басқарушыларына қазір факторлардың жақсы үйлесімі ұнауда: сектор ішіндегі компаниялардың әртүрлі динамикасы, белсенді M&A және қолайлы реттеу жағдайы», — деді PivotalPath бас директоры Джонатан Кэплис.

Қай компаниялар ерекшеленді?

Сектордағы кейбір компаниялар одан да жоғары өсім көрсетті.

— Eli Lilly акциялары ай басынан 29% көтерілді. Осы өсімнің арқасында компанияның капитализациясы алғаш рет 1 трлн доллардан асты. Бұған негізінен арықтауға арналған препараттар нарығының тез кеңеюі түрткі болды.

— Merck қағаздары 23% қымбаттады. Keytruda онкопрепараты және кейінг сатып алулар мен клиникалық нәтижелер инвестор сенімін арттырды.

— Regeneron бағамдары 21% өсті. Реттеушілер көз торы ауруларын емдеуге арналған препараттың жоғары дозада өндірісін мақұлдады.

— Amgen акциялары 14% өсті — компанияның тоқсандық есебі сарапшылар болжамынан жақсы болды.

— Goldman «жұлдызы өсіп келе жатқан» компаниялар қатарына Alnylam Pharmaceuticals-ты қосты. Abivax, Natera және Cidara Therapeutics хедж-фондар жиі таңдайтын VIP-акциялар тізіміне енді.

Өсімге қарамастан, сектор әлі де салыстырмалы түрде арзан. Bloomberg сайтының жазуынша, ол 18,7 мультипликатормен саудаланып жатыр, ал кең нарықтағы көрсеткіш — 22,1.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары