Eli Lilly акциялары бір жылдан астам уақыттан кейін жаңа рекорд орнатты

Қант диабеті мен артық салмаққа қарсы дәрілер нарығындағы жетекші фармацевтикалық компания Eli Lilly акциялары 10 қарашада тарихи максимумға жетті. Инвесторлар компанияның АҚШ үкіметімен жасасқан келісіміне деген көзқарасын өзгертті: енді оның семіздікке қарсы дәрілері Medicare сақтандыру бағдарламасына енгізіледі, ал компания бұған жауап ретінде бағаларды төмендетеді. Денсаулық сақтау және биотехнология саласына маманданған Leerink Partners сарапшылары бұл жаңалықты акцияларды сатып алуға жақсы себеп деп атады.
Егжей-тегжейі
10 қарашада Eli Lilly акциялары 4,57%-ға өсіп, 966,64 доллар деңгейінде жабылды. Бұл компания тарихындағы жаңа рекорд. Сауда барысында баға ең жоғары 981,99 доллар деңгейіне жетті. Бұған дейінгі рекорд 2024 жылдың 30 тамызында тіркелген болатын — 960,02 доллар, деп жазады Barron’s Dow Jones Market Data деректеріне сілтеме жасап.
Акциялар 7 қараша, жұма күнгі 1,4%-дық төмендеуден кейін тез өсім көрсетті. Инвесторлар мен сарапшылар компанияның АҚШ үкіметімен келісімін қайта бағалауда. Келісім аясында Zepbound және Mounjaro сияқты танымал дәрілердің бағасы төмендеп, олар Medicare бағдарламасына енгізіледі. Сонымен бірге, Eli Lilly дәрі-дәрмек импортына салынатын жаңа алымдардан үш жылдық жеңілдік алады, деп жазады Barron’s.
Даниялық бәсекелес Novo Nordisk, Wegovy және Ozempic дәрілерінің өндірушісі, өткен аптада АҚШ үкіметімен ұқсас келісімге қол қойды. Оның АҚШ-тағы депозитарлық қағаздары дүйсенбі күнгі саудада 0,6%-ға қымбаттады. Novo компаниясы бұл келісім 2026 жылы жаһандық сатылым өсіміне «шамалы теріс әсер етуі мүмкін» деп мәлімдеді. Ал Lilly әзірге келісімнің табысқа ықпалы туралы болжам бермеді.
Уолл-стрит келісімге қалай қарайды?
10 қарашада Leerink Partners компаниясының аналитигі Дэвид Райзингер Eli Lilly акцияларының рейтингін «бейтараптан» «жақсырақ өнім көрсетеді» (Outperform) деңгейіне көтеріп, мақсатты бағасын 886 доллардан 1104 долларға дейін арттырды. Жаңа мақсат соңғы жабылу бағасынан 14,2%-ға жоғары, деп хабарлайды Barron’s.
Райзингердің пікірінше, Medicare және Medicaid бағдарламалары арқылы пациенттердің семіздікке қарсы дәрілерге қолжетімділігі кеңейгеннен кейін Eli Lilly өнімдеріне сұраныс бірнеше толқынмен артады. Компанияның өз бағалауынша, Medicare келісімі АҚШ-тағы шамамен 40 миллион пациентке нарық ашады. Ббұл қазіргі 8,5 миллион адамнан төрт есе көп.
Компания жаңа дәрілерді де әзірлеуде — orforglipron (2027 жылы шығуы мүмкін), сондай-ақ eloralintide және retatrutide, олардың нақты мерзімі әзірге белгісіз. Райзингердің айтуынша, әрбір жаңа өнім «компанияның нарықтағы көшбасшылығын күшейтеді».
«Біз Lilly бизнесінің ауқымдылығы мен семіздікке қарсы дәрілер портфелінің өсуі арқасында “көлемге айырбас бағасы” стратегиясын сәтті іске асырып жатыр деп санаймыз», — деді сарапшы.
Ал Freedom Capital аналитигі Илья Зубков керісінше, дүйсенбіде акция рейтингін «сатып алудан» «ұстауға» (Hold) дейін төмендетті, бірақ мақсатты бағасын 750 доллардан 950 долларға дейін көтерді. Бұл 10 қарашадағы жабылу бағасынан 1,7%-ға төмен, деп жазады Barron’s. Зубковтың пікірінше, компания «тарихындағы ең сәтті тоқсандардың бірін» көрсетті, бірақ қазіргі жоғары бағалар мұқият әрі сақ көзқарас қажет етеді.
MarketWatch мәліметінше, Eli Lilly акцияларын бақылайтын 31 сарапшының 24-і оларды сатып алуды (Buy және Overweight), 6-ы ұстауды, ал тек 1-і сатуды ұсынады. Жалпы келісілген мақсатты баға 977,3 доллар, яғни бұл 10 қарашадағы жабылу бағасынан бар болғаны 1,1%-ға жоғары.








