Lilly мен Novo АҚШ-та семіздікке қарсы дәрілердің бағасын төмендетеді

Қант диабеті мен семіздікке қарсы дәрі шығаратын Eli Lilly мен Novo Nordisk АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігімен келісімге келді, деп хабарлады екі компания 6 қарашада. Келісім бойынша фармацевтикалық алпауыттар өздерінің танымал препараттарының бағасын төмендетуге міндеттенеді.
«Бұл — америкалық пациенттер үшін үлкен жеңіс. Миллиондаған адамның өмірін сақтап, денсаулығын жақсартады», — деді Трамп Ақ үйдегі баспасөз жиынында (Bloomberg келтіреді).
Eli Lilly мен Novo Nordisk не алады?
Келісім аясында компаниялар Трамптың дәрі-дәрмек импортына қатысты жаңа баж салығына үш жылға дейін жеңілдік алады. Бұл ақпарат екі компанияның ресми хабарламасында көрсетілген.
Бұдан бөлек, олардың салмақ түсіруге арналған дәрілері егде жастағы америкалықтарға арналған мемлекеттік медициналық сақтандыру — Medicare бағдарламасына енеді. Бұған дейін Medicare салмақ түсіруге арналған препараттарды қамтымаған. Енді 2026 жылдан бастап семіздікпен және оған байланысты аурулармен (мысалы, предиабет немесе жүрек жеткіліксіздігі) күресіп жатқан Medicare және Medicaid қатысушылары Zepbound және Wegovy инъекцияларын айына $245 бағамен ала алады. Medicare қатысушылары үшін бір айлық төлем $50 болады.
Lilly компаниясы Zepbound препаратының ең төмен дозасын қолма-қол төлеммен айына $299 бағамен тікелей сататынын мәлімдеді. Бұл баға бұған дейін LillyDirect платформасында да ұсынылған. Novo компаниясы Wegovy дәрісін өздерінің NovoCare платформасында айына $499 бағамен сатады.
Салыстырмалы түрде айтқанда, АҚШ-та бұл препараттардың қазіргі бөлшек бағасы айына $1000-нан асады, деп жазады Bloomberg.
Сондай-ақ, өндірушілер болашақта шығаратын таблетка түріндегі дәрілер үшін регуляторлар тарапынан жедел қарау құқығына ие болады. Егер мақұлданса, таблеткалардың төмен дозасы айына $149 болады. Екі компания да таблетка нұсқаларын 2026 жылы нарыққа шығаруды және оларды АҚШ-та өндіруді жоспарлап отыр.
Акциялар қалай өзгерді?
6 қарашада Нью-Йорк қор биржасындағы сауда кезінде Eli Lilly акциялары 2,6%-ға өсті. Ал Novo Nordisk акциялары 4%-ға арзандады — бұған компанияның 2025 жылға арналған табыс және операциялық пайда болжамын төртінші рет төмендетуі себеп болды.
Контекст
Bloomberg мәліметінше, Lilly мен Novo жасаған бұл келісім Pfizer, AstraZeneca және немістің Merck KGaA компанияларының да осындай қадамдарынан кейінгі әрекет болды. Олар да Трамп пен АҚШ денсаулық сақтау министрі Роберт Кеннеди-кіші тарапынан болатын қатаң реттеу мен сыннан қашуға тырысқан.








