Eli Lilly арықтататын таблеткасына қатысты сынақтың маңызды кезеңін сәтті аяқтады

Америкалық фармацевтикалық алып Eli Lilly диабетке шалдыққан әрі артық салмағы бар адамдарға арналған эксперименттік арықтататын таблеткасының клиникалық сынағының нәтижесін жариялады. Сынақтың негізгі кезеңін сәтті өту компанияға реттеушілерге мақұлдау алу үшін өтініш беруге жол ашады. Осы жаңалықтан кейін Lilly акциялары шамамен 5% қымбаттады, ал бәсекелесі Novo Nordisk қағаздары төмендеді.
Егжей-тегжейі
Eli Lilly-дің орфорглипрон (orforglipron) деп аталатын арықтататын таблеткасы клиникалық сынақтың маңызды кезеңін ойдағыдай аяқтады. Препарат 2-типті диабеті бар және артық салмағы бар науқастарда салмақты 10,5%-ға дейін азайтты. Bloomberg жазғандай, бұл топқа әдетте салмақ тастау қиынға соғады.
Lilly Cardiometabolic Health бөлімінің президенті Кеннет Кастер: «Кәдімгі жағдайда мұнда көбірек қиындықтар күтеміз. Бірақ алынған деректер шынымен үміттендіреді», — деді.
Нәтижелерге сәйкес, төмен доза 5,5% салмақ азайтуға, орташа доза — 7,8%-ға, ал ең жоғарғы доза — 10,5%-ға жеткізді. Плацебо тобында бұл көрсеткіш небәрі 2,2% болды. Сондай-ақ қандағы қант деңгейі 1,3–1,8%-ға төмендеді. Жанама әсерлерге байланысты 10,6% науқас емдеуді тоқтатты. Негізінен бұл жеңіл және орташа асқазан-ішек мәселелері: жүрек айну, құсу және диарея. Плацебо тобында мұндай жағдай 4,6%-ды құрады.
Сынақтың сәтті өтуі компанияға 2025 жылдың соңына дейін мақұлдау алу үшін өтініш беруге мүмкіндік береді. «Нәтижелерді ескере отырып, біз мүмкіндігінше жылдам әрекет етеміз. Әр елде өтініш беріп, науқастардың қажеттілігін қанағаттандыруға дайынбыз. Егер препарат мақұлданса, күніне бір рет қабылданатын ыңғайлы таблетка ұсына аламыз», — деді Кеннет Кастер.
Акциялардың реакциясы
26 тамыздағы саудада Eli Lilly акциялары 5%-ға жуық қымбаттап, 728,7 долларға жетті. Бұл — 6 тамыздан бергі ең жоғарғы көрсеткіш. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны шамамен 6%-ға артты. Ал АҚШ-тың негізгі индексі S&P 500 осы кезеңде 9%-дан астам өсті.
Lilly-дің басты бәсекелесі Novo Nordisk акциялары Копенгагендегі саудада 4%-ға төмендеді. Жыл басынан бері Ozempic өндірушісінің нарықтық құны 43%-дан астам қысқарды.
Контекст
Бұл хабар Eli Lilly үш апта бұрын диабеті жоқ адамдарға жүргізген сынақ нәтижесін жариялағаннан кейін шықты. Ол кезде препараттың ең жоғарғы дозасы 72 апта ішінде салмақты 12,4%-ға азайтқан, ал плацебо тобында 0,9% болған. Бірақ бұл нәтиже инвесторларды қанағаттандырмай, компания акциялары бір күнде 15%-ға құлдырады. Сарапшылар мұны Novo Nordisk позициясының күшеюі деп бағалады. Оның Wegovy таблетка түріндегі препараты орта есеппен 16,6% салмақ азайтуға мүмкіндік берген.
CNBC дерегінше, Lilly мен Novo Nordisk-тің инъекциялық дәрілері қазірдің өзінде семіздікті емдеу тәсілін өзгертіп жатыр. Бірақ дәл таблетка нұсқалары жаппай нарыққа шығудың кілті болуы мүмкін. Сарапшылардың бағалауынша, бұл нарық 2030 жылдардың басына қарай 95–150 млрд долларға дейін өсуі ықтимал.
Қазір ең танымал дәрілер тек инъекциялық түрде шығарылады. Ал таблетка жасау оңай әрі қабылдау ыңғайлы, сондықтан жаңа миллиондаған науқастарға жол ашуы мүмкін. Бүгінде мұндай емді шамамен 8 млн адам қолданады. Lilly өкілі Кеннет Кастердің айтуынша, мұндай дәріні пайдалана алатындардың әлеуетті саны 170 млн-ға дейін жетуі мүмкін.








