БастыSmall Caps
Бөлісу

«Деректер — біздегі ең құнды ресурс»: Brag House зумерлерге арналған ойындар туралы

Анастасия Скрынникова

Анастасия Скрынникова

Oninvest тілшісі
«Деректер — біздегі ең құнды ресурс»: Brag House зумерлерге арналған ойындар туралы

«Егер Discord, Instagram, Twitch пен DraftKings бірігіп бала туатын болса — ол Brag House болар еді»: дәл осылай бұл компанияны оның тең құрылтайшысы Лавелл Хуан Маллой ІІ сипаттайды. Ол Oninvest-ке Нью-Йорктегі LD Micro форумының алаңында сұхбат берді.

Brag House — бұл студенттерге арналған киберспорттық платформа, онда олар өзара жарыса алады, стримдер жүргізіп, тіпті виртуалды валютада бәстесе алады. 2025 жылдың наурызында компания IPO-ға шықты.

Америкалық киберспорттық сервис қандай бизнес-модельмен жұмыс істейді?

Орындалмаған арман

Лавелл Хуан Маллой ІІ Нью-Йорктен шыққан, бірақ Техас университетінде оқыған. Оның ең үлкен құмарлығы — спорт болған: университет командасында бейсбол ойнаған, кәсіби спортшы болуды армандаған. Сол кездерді еске алып, ол Техас университетінің студенттеріне тән Hook 'em Horns деп аталатын «ешкі» белгісін көрсетеді.

Бірақ жарақат оның спорттық мансабын жалғастыруына мүмкіндік бермеді. «Мен күйзелісте болдым, маған көмектескен нәрсенің бірі — бейнеойындар», — деп еске алады ол.

Нәтижесінде Маллой Уолл-стритте корпоративтік заңгер болып жұмыс істеді, бірақ спорт тақырыбын ол ешқашан ұмытпады. 2014 жылы университеттегі достарымен — АҚШ-тың Ұлттық футбол лигасында (NFL) ойнаған кәсіби спортшылармен бірге ол WollerMalloy Management Group атты маркетингтік компания құрды. Компания спортшыларға маркетингтік келісімшарттар жасауға көмектесті. 2017 жылы компания сатылып кетті, мәміле жайлы егжей-тегжей айтылмайды. Маллойдың айтуынша, бұл оның алғашқы капиталы болды.

Футбол командасынан киберспортқа

Оның екінші жобасы да спортпен байланысты болды. «Бір танысым: «Эй, Лавелл, мүмкін саған футбол командасын сатып алу қызықты шығар?» — деп сұрады. Мен футболды жек көрем, ештеңе түсінбеймін», — дейді кәсіпкер күліп.

Соған қарамастан, ол команданы сатып алып, Нью-Джерсидің португал ауданының балаларын жинады. «Олар ойнағанда, бүкіл ауданды дүркірететін. Әрине, әркім өз ауданынан шыққан баланы қолдағысы келеді», — дейді Маллой. 2018 жылы ол команданы «жеті таңбалы» сомаға сатып жіберді. «Екі баланы Португалияға ойнауға жібердім. Бұл — өмірімдегі ең керемет тәжірибе», — дейді ол.

Зумерлерге арналған киберспорт

Осыдан кейін ол заңгерлік жұмысын тастап, толықтай спорт бизнесіне ойысады. Ол кезде студенттер арасында танымал болған NCAA Football бейнеойыны нарықтан кеткен еді. Бұл ойын АҚШ-тың жоғары оқу орындары лигасындағы шынайы спортшылардың есімдері мен бейнелері пайдаланылатын ойын болатын. Бірақ ойынның иесі Electronic Arts компаниясы студенттік спорт федерациясымен келісімге келе алмай, кетіп қалды. «Electronic Arts-тың есеп беруіне қарағанда, олар гейминг пен колледж спортынан миллиардтаған табыс тапқан. Бірақ сол ойындарынан оңайлықпен бас тартты», — дейді Маллой.

2018 жылы ол студенттік спорт, әлеуметтік өзара әрекет және геймингті біріктіретін цифрлық платформаны құруға шешім қабылдайды. «Жұмыс істей бастағанда менің аудиториям — осы үш нәрсені де жақсы көретін Z ұрпағы екенін түсіндім», — дейді ол.

Сөйтіп Brag House пайда болды — ойыншылар Brag деп аталатын ойдан шығарылған валютаға бәстесіп, бірге ойнай алатын жоба.

Техниканы меңгерген бас директор

Стриминг сервисін құру оңай болмады. «Мен ең мықты украиналық бағдарламашылармен жұмыс істедім, бірақ барлығы бұл ұзақ уақытты қажет ететінін айтты. Бір сәтте мен шаршап кеттім де, техниканы өзім үйреніп алам деп шештім — Колумбия университетінде фулстек-әзірлеуші мамандығын алдым», — дейді Маллой. Ол кодты өзі жазуды жоспарламаған, тек процесті түсінгісі келген.

Компанияда бастапқыда үш-ақ адам болған. Бірінші қосылған — Дэниел Лейбович, ол да тең құрылтайшы болды. Колумбия университетінің қаржы мамандығын бітірген, жылжымайтын мүлік, киберқауіпсіздік және ІТ салаларында жұмыс істеген. «Біз — бір-бірімізге қарама-қайшымыз: мен кең ойлаймын, идея тастаймын, ал Дэниел үшін әрбір ұсақ-түйек маңызды», — дейді Маллой.

Техникалық сұрақтарды шешетін тағы бір қызметкер болған, ал қалған жұмыстар аутсорсқа берілді.

Алғашқы қолданушылар мен инвестициялар

2019 жыл бойы команда платформаны әзірлеуге және өнімді сынауға арнады. Маллой мен Лейбович барлық шығынды өздері көтерді — бағдарламашылар жалдап, серверлер үшін ақша төлеп, болашақ амбассадорлармен жұмыс істеді.

Сервис 2020 жылдың наурызында, пандемия кезінде іске қосылды. Алғашқы қолданушыларды Handshake қосымшасы арқылы іздеген: Маллой онда Brag House-ты насихаттай алатын студенттерді шақырды. Шамамен 100 сұхбат жүргізіп, әртүрлі университеттерден 6 студентті амбассадор етіп алды. Олар алғашқы аудиторияны тартты.

«Бізде шынайы адамдар болды — мысалы, университет командаларында ойнайтын спортшылар. Адамдар өздеріне ұқсас адамдарды тыңдайды», — дейді Маллой. Оның ойынша танымал блогерлерге қарағанда, қарапайым студенттер Z ұрпағына жақсы әсер етеді. «Сенің достарың интернеттегі біреуге қарағанда саған көбірек сенеді», — дейді ол.

Маллой өзіне бір жыл уақыт берді: егер сол мерзімде инвесторлар табылмаса, жобаны тоқтататынын айтты. «Егер уақыт шектеуін қоймасаң, сен ақшаң таусылғанша арманыңды қуып жүре бересің», — дейді ол.

Сөйтіп, жүздеген инвестормен кездесіп, ешкімнен қаржы ала алмаған. «Күйзеліске ұшырадым, өзіме берген уақыт таяуға жақын еді», — дейді ол.

2020 жылдың жазында алғашқы инвестор табылды — Food & Fun Ventures венчурлік қорының негізін қалаушы Фредерик Адлер. Қанша инвестиция салғаны айтылмайды. Crunchbase деректеріне қарағанда, бұл $300 мың болуы мүмкін. Осы қаржы Brag House-тың өмір сүруіне мүмкіндік берді.

Brag House қалай жұмыс істейді

Алғашқы инвестициядан кейін компания табыс табуға бет бұрды. Бірінші табыс көзі — жарнама. 2024 жылғы есепте компания студент жастағы тұтынушыларға, геймерлерге және фанаттарға қызығатын жарнама берушілермен жұмыс істеуге тырысатыны жазылған.

Алғашқы жарнама беруші — Moroch маркетинг агенттігі. Олар арқылы Brag House McDonald’s пен Coca-Cola демеушілігімен турнирлер өткізді.

Маллойдың айтуынша Brag House жарнамалары өте тиімді: қолданушылар турнирлерді орта есеппен 19 минут көреді, бұл саладағы орташа көрсеткіштен (11 минут) 1,7 есе көп.

Екінші табыс көзі — колледж студенттері арасындағы турнирлерді ұйымдастыру. Brag House корпоративтік клиенттермен келісімшартқа отырып, турнирлер өткізеді — бір реттік немесе бірнеше турнир бір пакетте. Компания бүкіл процесті өзі атқарады: жоспарлау, маркетинг, ойыншыларды жинау, трансляция.

Қазір негізгі табыс осы бағыттан түсіп жатыр. Бес жылда компания 27 турнир өткізген, оның 7-ін Fortune 500 компаниялары демеуші болған. Жалпы табыс — $667 мың, делінген қаржылық есепте.

2025 жылдың наурызында Brag House Learfield компаниясымен жаңа серіктестікке қол қойды. Ол 200-ден астам америкалық университеттердің спорт маркетингімен айналысады. Флорида университетінің футбол командасымен бірге олар 17 мамырда Fortnite бойынша бейсбол стиліндегі турнир өткізді.

IPO-ға шығу

Crunchbase деректері бойынша бүгінге дейін компания $4 млн инвестиция тартты. Pre-seed раундқа Фредерик Адлер қатысқан, ал келесі раундта, 2022 жылдың басында, венчурлік қорлар $2 млн құйған. 2022 жылдың соңында Brag House $1,7 млн айырбасталатын облигациялар шығарды. «Бізде екі таңдау болды: жекеменшік болып қалып, облигацияларды пайызымен бірге өтеу немесе биржаға шығып, сол арқылы қарыздарды өтеу. Біз екінші жолды таңдадық», — деді Маллой Oninvest-ке.

2022 жылдың 14 ақпанында компания IPO-ға шығу туралы өтініштің қара нұсқасын жариялады. Алайда Украинадағы соғыс басталған соң, IPO нарығы тоқырап, инвестициялық келіссөздер мен жарнамалық серіктестіктер де тоқтап қалды.

Сол себепті компания IPO жоспарын кейінге қалдырды. Сонымен қатар, қызметкерлердің жартысынан көбін қысқартуға мәжбүр болды. «Стартап ретінде біз әдеттегі қателікке ұрындық: тым көп адамды жұмысқа алдық», — деп мойындайды Маллой. Қазір командада тек жеті тұрақты қызметкер бар.

Тек 2024 жылдың жазында Brag House Nasdaq-та 1,6 млн акцияны $5 бағамен орналастыру жоспарымен проспект жариялады. Компания IPO арқылы $8 млн тартқысы келді.

Алайда нақты нәтижелер сәл төмен болды: 2025 жылдың 7 наурызында Brag House Nasdaq-та IPO өткізіп, 1,475 млн акцияны $4 бағамен орналастырып, $6 млн-ға жуық қаржы тартты. Қосымша орналастыруды ескерсек, жалпы тартылған қаражат көлемі $6,7 млн болды.

Компания мәліметінше, Маллой мен Лейбович компания акцияларының шамамен 13%-ына ие.

Наурыз айында акция бағасы бір ай ішінде 50%-дан аса өсіп, $6,96 деңгейіне жетті. Алайда 1 сәуірде акция бағасы бір күнде 80%-дан артық құлдырап, $1,27 болды.

14 мамырда компания өзін «шортсыз сату» (naked short selling) құрбаны деп мәлімдеді.

Әдеттегі шорт кезінде инвестор акцияны брокерден қарызға алып сатады да, кейін арзандағанда қайта сатып алып, брокерге қайтарады. Айырмашылықтан пайда табады.

Ал шортсыз сату кезінде инвестор иелігінде жоқ акцияны сатады, ал сауда жүйесі оны уақытында тексеріп үлгермейді. Бірнеше күн ішінде бұл инвестор сатып алушыға акцияны жеткізуі керек. Егер акция бағасы төмендесе, ол акцияны арзанға сатып алып, мәмілені табыспен жаба алады. Ал егер жеткізу жүзеге аспаса, «жеткізілмеген мәміле» (failure to deliver) тіркеледі.

Brag House-тың айтуынша 1 сәуірдегі сауда көлемі IPO кезінде орналастырылған акция көлемінен үш есе көп болған. Сонымен қатар, компания күтілген жеткізулер көлемін байқамаған. Мәміле жеткізуіндегі іркілістер 2025 жылдың наурыз айының соңында және сәуірдің бірінші аптасында жиі байқалған. Бұл туралы компания АҚШ-тың бағалы қағаздар жөніндегі комиссиясы мен Nasdaq-қа хабарлады.

Содан бері акция бағасы қалпына келмеді: 4 маусымда акция $0,60 деңгейінде жабылды. Nasdaq ережелеріне сәйкес, акция бағасы 30 күн қатарынан $1-ден төмен болса, компания делистингке ілінеді. Алайда эмитенттерде бағаны қалпына келтіру үшін жарты жыл уақыт бар. Маллойдың айтуынша, үшінші тоқсанның есебі компания акцияларына «жаңа серпін береді».

Болашақ жоспарлар

2023 жылы компанияның табысы $366,4 мың болды, ал таза шығыны — $4,7 млн. 2024 жылғы табыс бар болғаны $105 болды, ал таза шығын $3,3 млн-ға дейін қысқарды. Компания мұны турнир белсенділігінің төмендеуімен түсіндіреді.

Биыл Brag House табыс көздерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін платформа бес деңгейлі жазылым жүйесін енгізбек. Жазылым бағасы әлі нақты бекітілмегенімен, алғашқы жария есебінде бұл аралық $2,99–$7,99 деп көрсетілген. Мысалы, Twitch-тің жазылым бағасы $4,99–$24,99 аралығында.

Табыс арттырудың тағы бір жолы — пайдаланушылар туралы деректерді брендтерге сату. «Деректер — біздегі ең құнды дүние… Көп компанияда тек пассивті деректер бар: пайдаланушы қайда, сайтта қанша уақыт өткізеді. Ал біз пайдаланушының жарнамаға қалай жауап беретініне дейін болжай аламыз», — дейді Лавелл Маллой.

2026 жылдың басында Brag House деректер платформасын іске қоспақ. Бұл платформа Brag House қолданушыларынан алынған анонимді, агрегатталған деректерге негізделген болады және оған корпоративтік клиенттер ақылы түрде қол жеткізе алады. Маллойдың пікірінше, дәл осы платформа компанияға ең көп табыс әкеледі.

Бұл платформаны машиналық оқыту негізінде деректерді жинап, талдайтын бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейтін Artemis компаниясы жасайды. Қызметінің өтеуі ретінде Artemis Brag House-тың 937 500 қарапайым акциясын иеленді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары