Deutsche Bank: Пауэлл кетсе нарыққа қандай тәуекел туындайды?

Deutsche Bank АҚШ ФРЖ төрағасы Джером Пауэлдің отставкаға кету мүмкіндігін жақын айларда болатын ең ірі бағаланбаған тәуекелдердің бірі деп атады. Банк сарапшысының айтуынша, егер Дональд Трамп Пауэлді өкілеттік мерзімі аяқталмай тұрып қызметтен босатса, бұл жағдай доллардың және АҚШ мемлекеттік облигациялардың құлдырауына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, инфляцияға қатысты күтулер артады, ал реттеушінің тәуелсіздігіне деген сенім үзіледі.
Егжей-тегжейлі
Deutsche Bank валюта нарығын зерттеу бөлімінің басшысы Георгиос Саравелос Трамптың Пауэлді қызметтен босату тәуекелін инвесторлар шын мәнінде бағаламай отыр деп есептейді, деп хабарлайды Business Insider. Қазір нарықтар мұндай сценарийдің ықтималдығын небәрі 19% деп болжайды, деп жазады Polymarket. Трамп пен Пауэлл арасындағы келіспеушіліктер бұрыннан бар: бұрынғы президент ФРЖ-ге мөлшерлемелерді төмендетуді талап етіп, Пауэллді бұл шешімді қабылдамағаны үшін бірнеше рет ашық сынаған.
Өткен аптада жағдай ушыға түсті. Трамп әкімшілігінің өкілі Рассел Воут Пауэллді ФРЖ ғимаратының жөндеуіне $700 млн артық шығын жұмсады деп айыптап, оның қызметін тексеруді ұсынды. Пауэллді сынағандардың қатарында осы лауазымға үміткерлер де бар, деп хабарлайды Yahoo Finance.
АҚШ Ұлттық экономикалық кеңесінің төрағасы Кевин Хассет Трамп әкімшілігі Пауэллді мерзімінен бұрын жұмыстан босатуға заңды негіз бар-жоғын зерттеп жатқанын айтты. Ал ФРЖ басқарушылар кеңесінің бұрынғы мүшесі Кевин Уорш бұл реновация жобасын Федрезервтің дұрыс бағыттан тайғанының көрінісі деп атады.
Deutsche Bank сарапшылары мұндай мәлімдемелерді елемеуге болмайтынын ескертеді.Трамп Пауэллдің өкілеттік мерзімі аяқталмай тұрып оны орнынан алып тастап, өз кандидатын тағайындау туралы бұған дейін де ойланған, деп атап өтті Seeking Alpha.
Егер Трамп Пауэллді қызметтен босатса не болмақ?
Deutsche Bank сарапшысы Георгиос Саравелостың пікірінше, егер Трамп Джером Пауэллді қызметтен босатса, бұл ФРЖ-дің тәуелсіздігіне жасалған соққы ретінде қабылданады, ал бұл өз кезегінде АҚШ-тың бүкіл қаржы жүйесіне қысым жасап, әлемдік нарықтарға да әсер етеді, деп жазады Fortune. Саравелос мұндай жағдайдың салдары 1970-жылдардағыдан әлдеқайда ауыр болуы мүмкін екенін ескертеді. Ол кезде АҚШ президенті Ричард Никсон Федрезерв жұмысына араласқан және оның тағайындауымен келген Артур Бернс мөлшерлемелерді төмендетуге басымдық берген. Соның салдарынан онжылдық бойы созылған стагфляция орын алған. Қазір АҚШ-тағы бюджет тапшылығы мен сауда балансының тапшылығы артып отыр, нарықтар ашық және валюта бағамы еркін өзгермелі жүйеде. Сондықтан жаһандық сілкіністердің қаупі әлдеқайда жоғары, дейді сарапшы.
Пауэлл отставкаға кетсе, ең алғашқы дабыл — доллар бағамының күрт құлдырауы болуы мүмкін. 2024 жылдың алғашқы жартысында АҚШ валютасы шамамен 10%-ға әлсіреген, бұл — соңғы жылдардағы ең нашар нәтиже. Deutsche Bank бағалауынша, ФРЖ басшысы қызметінен кеткен күннің ертеңінде доллар бағамы қосымша кемінде 3–4% төмендеуі мүмкін, ал АҚШ облигацияларының кірістілігі 30–40 базистік пунктке өседі, әсіресе ұзақ мерзімді қағаздар бойынша.
«Несие құны бір күнде-ақ артып, инфляция жеделдейді — бұл Трамптың ФРЖ-ны сынап, қол жеткізгісі келген нәтижесіне кері әсер. Орталық банктердің тәуелсіздігін жоғалту салдарынан, төтенше жағдайларда, валюта мен қарыз нарығы бір мезгілде құлдырап кетуі мүмкін, өйткені инфляциялық күтулер күшейеді, нақты кірістілік төмендейді, ал тәуекел премиялары өседі. Бұл — институционалдық тұрақтылыққа нұқсан келтіретін факторлар», – деп атап өтті Саравелос. Ол сондай-ақ қазіргі таңда да саяси тәуекелдер болмаса да, облигациялардың кірістілігі АҚШ-тағы өсіп жатқан бюджет тапшылығы салдарынан қысымға ұшырап жатқанын еске салды. Сондықтан Пауэллдің отставкасы жағдайды одан әрі ушықтырып, нарықтарда бұрын-соңды болмаған ауқымды және күрт қозғалыстарға алып келуі мүмкін.
Deutsche Bank сарапшысының пікірінше, нарықтың бұдан кейінгі реакциясы ФРЖ-нің қалған мүшелері реттеуші органның тәуелсіздігі мен Пауэллдің мұрагерінің айналасына топтаса ала ма — соған байланысты болады, дейді сарапшы.
Оның айтуынша, тіпті Пауэлл қызметінде қала берсе де, оның Трамппен арадағы конфликт ұзаққа созылатын белгісіздік тудырады. Сондықтан алдағы айларда доллар бағамы мен АҚШ трежерилерінің кірістілігіне тәуекелге байланысты қосымша премия енгізіліп, олардың динамикасы кез келген экономикалық деректер мен ФРЖ шешімдеріне ерекше сезімтал болады.
Мөлшерлеменің жай-күйі
Маусым айында АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені қатарынан төртінші рет өзгеріссіз қалдырды, бірақ биыл екі рет төмендетуді болжаған. ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл реттеушіге Трамп енгізген кедендік баждардың экономикаға әсерін толық түсіну үшін жаз айларындағы инфляция бойынша жаңа деректерді күту қажет екенін қайталап айтты. АҚШ ФРЖ мөлшерлемесіне қатысты нарықтық күтулерді бақылауға арналған CME FedWatch сервисінің дерегінше, трейдерлердің 95%-ы шілдедегі алдағы отырыста реттеуші мөлшерлемені қайтадан өзгеріссіз қалдырады деп санайды.








