Disney табысы құлады: стримингтегі өсім құтқара алмады

Disney қаржылық нәтижелері инвесторларға ұнамады: компанияның табысына телеарналардың әлсіз көрсеткіштері мен кинопрокаттағы сәтсіз маусым кері әсер етті. Ал стриминг бағытындағы өсім компания котировкасын ұстап тұруға жеткіліксіз болды. Тоқсандық есеп жарияланғаннан кейін Disney акциясы премаркетте арзандап кетті.
Егжей-тегжейлі
Disney-дің 2025 қаржы жылының 27 қыркүйекте аяқталған төртінші тоқсанындағы түзетілген пайдасы 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3% азайып, бір акцияға $1,11 болды, делінген компания есебінде. Ал Уолл-стрит сарапшылары бұдан да төмен ($1,05) күткен, деп жазды CNBC LSEG дерегіне сүйеніп. Таза пайда болса, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе өсіп, $1,44 млрд немесе бір акцияға $0,73 болды.
Ал табыс болжамды ақтамады: жылдық мәнде сәл қысқарып, $22,46 млрд болды. Сарапшылар орта есеппен $22,75 млрд күтті, деп атап өтті телеарна.
Ойын-сауық сегментінің табысы өткен жылмен салыстырғанда 6% азайды — бұған негізінен көрермендер санының құлдырауы және сәтсіз киномаусым әсер етті. Дәстүрлі ақылы ТВ пакеттерінен бас тартатын тұтынушылар көбейіп жатқандықтан, компанияның ең мықты бағыты стриминг болып қалды, деп түсіндірді CNBC. Disney телеарналарының операциялық пайдасы 21% қысқарса, стримингтегі пайда 39% өсті — оның ішінде жазылым бағасының көтерілуі есебінен. ABC сияқты эфирлік арналарды және FX тәрізді ақылы арналарды қамтитын телеарналардың жарнамалық табысы да азайды.
Disney флагмандық стриминг-сервісі Disney+ 3,8 млн ақылы жазылушы қосып, олардың жалпы санын 131,6 млн адамға жеткізді. Компанияға енді толықтай тиесілі Hulu платформасының абоненттері 64,1 млн болды. Бұл есеп — Disney стримингтік сервистерінің жазылушылар саны мен бір жазылушыдан түсетін орташа табысты (ARPU) жариялайтын соңғы есеп. Бұған дейін осындай мәліметтерді Netflix жариялауды тоқтатқан болатын.
Disney тематикалық парктері, курорттары, круиздері және тұтынушылық тауарлары кіретін «әсер» сегментінің табысы 6% өсті. Ал осы бизнес бойынша операциялық пайда 13% артып, рекордтық $1,9 млрд деңгейіне жетті.
Акция ахуалы
Үшінші қаржы тоқсанының есебі жарияланған кезде болғандай, кино сегментінің әлсіздігі мен дәстүрлі теледидар табысының азаюы стриминг бизнесі мен тематикалық парктердің оң нәтижелерін көлегейледі. 13 қарашада премаркетте Disney акциясы 3,6% құлады.
Уолл-стрит сарапшылары компания котировкасына қатысты әлі де оптимизм танытып отыр: MarketWatch дерегінше, 34 сарапшының 28-і бұл қағазды сатып алуға кеңес берді. Сатуға — тек 1 сарапшы кеңес берді. Орташа таргет котировкасының шамамен 17% өсетінін білдіреді.








