Dollar Tree басты артықшылығынан айырылды: сарапшы акцияны сатуға кеңес берді

АҚШ-тағы арзан тауарлар сататын Dollar Tree дүкендер желісінің акциясына қатысты Jefferies сарапшылары теріс көзқарас танытты. Олардың пікірінше, компания негізгі артықшылықтарынан айырылған. Себебі өсіп жатқан бәсекелестік пен табыс маржасына қысым салдары әсер етіп отыр. Walmart пен Dollar General сияқты ірі ойыншылар клиенттерді тартып алып жатыр, ал бұрын қарапайым болған бизнес-модель қазір күрделене түскен.
Егжей-тегжейі
Barron’s басылымының жазуынша, Jefferies Dollar Tree акцияларының рейтингін «ұстау» (Hold) деңгейінен «сатуға» (Underperform) дейін төмендетті. Сарапшылар акцияның мақсатты бағасын $110-нан $70-ке дейін қысқартты. Бұл – 6 қазандағы сауда жабылуымен салыстырғанда 20%-дан астам төмендеу.
7 қазан күнгі саудада компания акциясы 2,3%-ға арзандады. Соңғы үш айда жалпы 18% жоғалтты. Дегенмен, биыл әлі де оң динамика сақталып отыр. Олай дейтін себебіміз, акция бағасы қаңтардан бері 14%-ға өскен.
Jefferies неге акцияның өсуіне сенбейді?
Сарапшылар мұндай шешімді бірнеше жағымсыз фактордың қосылуымен түсіндіреді. Dollar Tree бір мезетте бәсекелестік күшеюіне, Дональд Трамп енгізген тарифтердің қысымына және маржаның төмендеуіне тап болды, деп жазады Barron’s.
Jefferies зерттеуі бойынша, бірдей тауарлар сатып алынған жағдайда Walmart дүкеніндегі орташа чек Dollar Tree-мен салыстырғанда арзан болған. Ал Dollar Tree дүкендерінің 87%-ы АҚШ-та Walmart-тан бес миль қашықтықта орналасқан. 83%-ы Dollar General дүкендеріне жақын.
Сарапшы Кори Тарлоудың айтуынша, Dollar General $1 тұратын тауар санын 2000-ға дейін кеңейтіп, 5400-ден астам дүкенінде жаңа піскен азық-түлік сата бастады. Walmart ірі көлемдегі тауар айналымын және бірнеше арна арқылы сатуды тиімді пайдаланып отыр. Five Below болса, тұтынушыларға тосын «олжалар» ұсынатын жүйені дамытып, импульстік сауданы күшейтіп келеді.
Осындай жағдайға жауап ретінде Dollar Tree $3-тен $7-ге дейінгі бағалармен сатылатын көпдеңгейлі баға жүйесін енгізді. Бұл дүкен басқаруын қиындатып, сатып алу тәжірибесінің сапасын төмендетті. Осылайша, брендтің бұрынғы басты артықшылығы, яғни қарапайымдылық жоғалды, дейді Тарлоу. «Dollar Tree-дің бірегейлігі жойылып барады. Инфляция, менеджмент шешімдері мен тарифтер қарапайым бизнесті күрделі жүйеге айналдырды», — дейді ол.
Басқа сарапшылар не дейді?
Jefferies-тің сатуға берген кеңесі — Уолл-стриттегі сирек пікір. MarketWatch дерегінше, бар болғаны үш сарапшы ғана компанияға теріс көзқараста. 12 сарапшы акцияны сатып алуға кеңес берсе, тағы 12-сі портфельде ұстауды ұсынады. Жалпы болжамдар бойынша, акция бағасы 6 қазандағы деңгейден 30%-дан астам өсуі мүмкін.








