Хедж-қорлар үлкен үміт артып отырған бес акция

MarketBeat 2025 жылдың бірінші тоқсанында ең ірі хедж-қорлар көп үміт артқан бес акцияны атады. Бұл тізімге ірі, жалғыз немесе инвестициялық стратегияның бағыты өзгергенін білдіретін маңызды сатып алулар кірді.
Қорлардың мәмілелер жөніндегі есептерде активтері $100 млн-нан асатын басқарушылардың ұзақмерзімді позициялары көрсетілген — олар «ақылды капиталдың» қайда бағыт алғанын және қандай идеялар қолдау тапқанын анықтауға көмектеседі. Мысалы, Билл Экман мен Майкл Бьюрридің таңдауы жетілген, кейде төмен бағаланған бизнеске деген қызығушылықты білдіреді. Ал Broadcom-ды сатып алған Дэвид Теппердің әрекеті басқа технологиялық алпауыттардағы позицияларын қысқартумен қатар орын алғаны үшін ерекше маңызды.
Uber: Билл Экман жетілген компанияға инвестиция салды
2025 жылдың алғашқы тоқсанында Билл Экман басқаратын Pershing Square қоры Uber Technologies компаниясының 30,3 млн акциясын сатып алғанын растады. Бұл позицияның жалпы құны шамамен $2,3 млрд және қазіргі уақытта Экман портфеліндегі ең ірі инвестициялардың бірі болып отыр.
Экман X әлеуметтік желісінде Uber-ді «әлемдегі ең жақсы басқарылатын әрі сапалы бизнестердің бірі» деп атап, оның ішкі құнына қатысты «айтарлықтай жеңілдікпен» сатылып жатқанын айтты. Оның айтуынша 2017 жылы CEO Дара Хосровшахи келгеннен кейін компания табысты әрі ақшалай ағын әкелетін өсу машинасына айналды. Биыл Uber акциялары 40% өсіп, мамыр айының ортасында жеткен тарихи максимумға жақындап тұр.
Экман менеджменті мықты, тұрақты ақша ағыны бар және құрылымдық түрде төмен бағаланған жетілген компанияға үміт артып отыр. Бұл – ірі басқарушылар тек өсу емес, сапа мен бағаның тепе-теңдігін іздейтіндігінің мысалы болса керек.
Estée Lauder: Майкл Бьюрри бір ғана активке назар аударды
2025 жылдың бірінші тоқсанында Scion Asset Management басқарушысы Майкл Бьюрри күтпеген қадам жасады: барлық ұзын позицияларын жауып, портфелінде тек бір ғана акция — Estée Lauder компаниясының құнды қағаздарын қалдырды. Бұл «аюлы» позициясымен белгілі әрі төмен бағаланған активтерге салым жасайтын инвестор тарапынан жасалған батыл қадам, деп бағалады MarketBeat. Қор қазіргі таңда косметика мен жеке гигиена тауарларын өндірушінің 200 мың акциясын ұстап отыр. Қалғанының бәрі — нарық құлдыраса пайда әкелетін, тәуекелдерді хеджирлеу үшін қолданылатын пут-опциондар.
Estée Lauder ұзаққа созылған төмендеуде: биыл акциялар 8,4% құлдырады, ал максимумдардан 53% төмен тұр. Бұған Қытайдағы әлсіз сату көрсеткіштері, табыстың азаюы, логистикалық қиындықтар және премиум сегментке қысым себеп болған. Соған қарамастан, Бьюрри бұл компанияға саналы түрде үміт артып отыр. Бұл — оның стиліне сай: уақытша сенімсіздікке ұшыраған, бірақ қалпына келу әлеуеті бар активтерді іздеу.
Егер Бьюрри портфелінде тек бір акцияны қалдырса, ол оның әлеуетіне толық сенімді дегенді білдіреді. Бұл — белгілі инвестор Стэнли Дракенмиллердің стратегиясын еске салады: құлдыраудан өткен, бірақ қалпына келу мен өсу әлеуеті бар компанияларға назар аудару.
Dollar Tree: Дэвид Эйнхорн жағдайы қиын, бірақ әлеуеті бар компанияға үміт артты
Greenlight Capital қорының басшысы Дэвид Эйнхорн Dollar Tree дисконт-дүкендер желісінің 436 мың акциясын $32,8 млн-ға сатып алды. Бұл — оның тоқсандағы жалғыз жаңа мәмілесі. Эйнхорн көбіне «қиын жағдайдағы» компанияларға инвестиция салады, олар кейін бұрылыс нүктесіне жетуі мүмкін.
Dollar Tree жағдайы Estée Lauder-ге ұқсас: ритейлер бірнеше дағдарысты бастан кешірді, бірақ қазір операциялық және басқарушылық реформалар жүргізілуде — CEO ауысты, логистика жаңартылып, баға саясаты қайта қаралып жатыр. Инфляция мен кедендік баж салықтардының өсуі аясында америкалық тұтынушылар арзандатылған форматқа көшуде — осы трендтен DLTR секілді желілер ұтуы мүмкін, деп жазады MarketBeat.
Жыл басынан бері Dollar Tree акциялары 21% өсті, бірақ сарапшылар оны әлі де даулы актив деп санайды: компанияның базасы күрделі, бірақ егер қайта құрылымдау сәтті өтсе, өсу әлеуеті бар.
DocuSign: Стэнли Дракенмиллер өнімнің қажеттілігіне сенім артты
Аты аңызға айналған макроинвестор Стэнли Дракенмиллердің Duquesne Family Office қоры 2025 жылдың бірінші тоқсанында DocuSign компаниясының 1,07 млн акциясын сатып алды. Позицияның жалпы құны шамамен $87,5 млн.
Цифрлық қолтаңба саласындағы көшбасшы DocuSign пандемиядан кейін сұраныстың төмендеуімен бетпе-бет келді: клиенттер азайды, кіріс азайды. Акциялар бұрынғы максимумнан 50%-дан көпке түсіп кетті. Алайда өткен жылдың ортасынан бастап олар қайта көтеріле бастады — соңғы 12 айда 56% өсті, бірақ биыл аздаған минуста. Мұндай сәтте сатып алу — компанияның цифрлық құжат айналымы саласындағы ұзақмерзімді маңыздылығына сенім білдіру және нарықтағы көңіл-күй өзгергенде трендтің өзгеру мүмкіндігін болжау, деп жазады MarketBeat.
Broadcom: Дэвид Теппер ЖИ инфрақұрылымына инвестиция салды
2025 жылдың бірінші тоқсанында миллиардер Дэвид Теппер басқаратын Appaloosa Management қоры Broadcom компаниясының 130 мың акциясын сатып алды. Ең қызығы — ол бұл қадамды Nvidia, Microsoft және Amazon секілді өзге технологиялық алпауыттардағы позицияларын қысқарту аясында жасады.
Теппер — не төмендеген, бірақ сапалы активтерді, не болашақ көшбасшыларды сатып алатын басқарушы ретінде танымал. Broadcom мысалында — бұл екіншісі. Компания мамандандырылған чиптер, деректер орталықтарына арналған жабдықтар, корпоративтік бағдарламалық қамтамасыз ету мен смартфон модульдерін шығарады. Оның акциялары жылдық максимумдарға жақын және тұрақтылық көрсетіп отыр, бұл өз кезегінде инвесторлардың бизнеске деген сенімінің жоғары екенін білдіруі мүмкін. Теппердің сатып алуы «бұқалық» сценарийді күшейтеді, бірақ MarketBeat бағалау көрсеткіші айтарлықтай өскеннен кейін тым жоғары көрінуі мүмкін екенін ескертеді.








