«Ең қиыны артта»: Сарапшылар Nike акцияларының рейтингін және бағасын көтерді

Спорттық аяқ киім мен киім өндіруші Nike компаниясының тоқсандық есебі Уолл-стриттің күткенінен жақсы шықты. Сарапшылар табыстың төмендеуін «ауыр» болады деп болжаған еді, алайда нақты сандар олардың болжамынан әлдеқайда жақсы. Бұл нарыққа сенім ұялатты. Осыған байланысты HSBC бастаған бірнеше сарапшы Nike акцияларының рейтингін және мақсатты бағасын көтерді. Жұма күні сауда кезінде компания акциялары 18%-ға қымбаттады.
Егжей-тегжейі
HSBC сарапшысы Эрван Рамбур Nike-тің төртінші қаржы тоқсанындағы жақсы нәтижелерінен кейін акциялардың рейтингін Hold-тен Buy-ға көтерді. CNBC мәліметінше, банк Nike қағаздарын сатып алуға алғаш рет үш жарым жылдан кейін кеңес берді. Рамбур сондай-ақ акциялардың мақсатты бағасын 60 доллардан 80 долларға дейін көтерді. Бұл 26 маусымдағы жабылу бағасынан 28% жоғары.
2025 жылдың 31 мамырында аяқталған төртінші тоқсандық есепте Nike табыс 12%-ға төмендеп, 11,1 миллиард долларға жеткенін хабарлады. LSEG сарапшылары 10,72 миллиард доллар күтті. Таза табыс бір акцияға 0,14 доллар болды, бұл Уолл-стрит болжаған 0,13 доллардан жоғары. Компания сонымен бірге Дональд Трамп енгізген Қытайдан импортқа 30% кеден салығы салдарынан 1 миллиард доллар жоғалтатынын хабарлады. Nike-тің өндірістік қуаттарының көпшілігі Азияда орналасқан.
Компания ағымдағы тоқсанда табыс шамамен 4–7% төмендеп, жалпы маржа 350–425 базистік пунктке азаяды деп күтеді. Бұл қысымның 100 пункті кеден салығына байланысты.
Рамбур CNBC келтірген жазбасында: «Бұл өзгеріс бұрыннан күтілген еді, біздің ойымызша, бұрылыс нүктесі енді келді. Біз Nike жақын болашақта сатылым мен маржа жағынан қалпына келуге бағыт алғанын дәлелдейтін айқын белгілерді көріп отырмыз», – деді.
Сарапшы жыл соңына қарай сатылым динамикасының жақсаруы мен маржаға қысымның бәсеңдеуін күтеді. Ол компания басшылығының сапаға мән беретінін және интернет-дүкендегі бағаны толық деңгейде ұстайтын стратегиясын қолдайды. Бұл ұзақ мерзімде табысқа оң әсер етуі мүмкін.
Дегенмен Рамбур компания қалпына келуде тым оптимистік көзқарастан сақ болуға шақырды. Ол V-типті, яғни күрт секіретін өсім күтудің орынсыз екенін айтты. Қазіргі өсу Nike логотипіне ұқсас қисық сызықпен өрбитін шығар деді. Жеңілдіктер, Қытайдағы әлсіз сатылым және кеден салығы қазіргі тоқсанды күрделендіреді. HSBC мәліметінше, кеден салығының әсері уақыт өте келе жұмсартылуы мүмкін.
Басқа сарапшылар не дейді?
— JPMorgan Nike акцияларының мақсатты бағасын 56 доллардан 64 долларға көтеріп, бейтарап рейтингті сақтады. Банк пікірінше, компания болжамы сұраныстың аздап қалпына келгенін көрсетеді.
— Bank of America «ең ауыр кезең артта қалды» деп есептейді. Банк 2026 қаржы жылының екінші жартысында сатылымның қайта өсетініне сенеді. Табыс болжамын 1,6 долларға дейін төмендетсе де, акция бағасын 84 долларға дейін көтеріп, сатып алуға кеңес берді.
— Jefferies те сатып алуға кеңес беріп, мақсатты бағаны 115 доллар деп белгілейді. Олар Nike бас директоры Эллиотт Хиллдің артық қорларды жоюдағы нақты әрекеттерін құптайды. Сонымен бірге Amazon-мен серіктестікті қайта жандандыру және дистрибьюторлармен қатынасты жақсарту компанияның көтерме сауда стратегиясын нығайтқанын айтады. Бұл келесі тоқсандарда тапсырыс көлемі мен сатылымды арттырып, 2025 жылғы төмен база аясында жақсы есеп беруге сеп болады.
— Bernstein Nike қағаздарына Outperform (нарықтан жоғары) деген рейтинг беріп, 85 долларлық мақсатты бағаны бекітті. Сарапшылар компания қоймаларын тазалап, тапсырыс көлемін арттырғанын атап өтті. Олар мұны трансформацияның ең ауыр кезеңі аяқталғанының белгісі деп есептейді.
Дегенмен сарапшылар Nike жайлы тарихтың әлі толық айқын еместігін ескертеді. Әсіресе Lifestyle сегменті мен Jordan суббрендіне қатысты сұрақтар бар. Bernstein болжамынша, компанияның табысы 2026 жылдың алғашқы жартысында өсе бастайды. Акциялар баяу, бірақ тұрақты түрде жоғары көтеріледі. 2027 жылға қарай компания бір акцияға 2,9 доллар пайда табуы мүмкін және маржа 10%-ға жетуі ықтимал.
MarketWatch дерегінше, Nike акцияларын 42 сарапшы бақылап отыр. Олардың 20-сы сатып алуға кеңес береді, 20-сы портфельде ұстау керек десе, тек екеуі сатуға шақырады. Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы – 72,9 доллар, бұл 26 маусымдағы жабылу бағасынан 17% жоғары. 27 маусымдағы саудада Nike акциялары 18%-ға өсіп, 74,2 долларға жетті. Бұл – наурыз ортасынан бергі ең жоғары баға.








