Уолл-стрит Nike-тің ауыр тоқсандық есебін күтуде. Инвесторлар алаңдауы керек пе?

Спорттық аяқ киім мен киім өндіруші Nike 26 маусымда өткен тоқсандағы табысының 15% төмендегені туралы есеп беруі мүмкін — бұған баж салығының өсуі мен ескі ассортиментке жасалған үлкен жеңілдіктер себеп, деп болжайды сарапшылар. Дегенмен, Уолл-стрит Nike үшін ең қиын кезең артта қалды деп үміттенеді: ауыр қаржы жылы аяқталып, жаңа бас директор Эллиотт Хиллдің бастамалары алғашқы нәтижесін бере бастады, деп жазады Barron's.
Егжей-тегжейлі
Jefferies сарапшысы Рэндалл Кониктің пікірінше, 2025 жылдың 31 мамырында аяқталған Nike-тің төртінші тоқсанның есебі «ауыр» болады, деп жазады Barron’s. Бірақ сарапшы Nike ең төменгі деңгейге жетті және қалпына келе бастайды деп есептейді.
«Төртінші тоқсан — маңызды бетбұрыс кезеңі. Компания артық қорлардан арылуды жалғастырып, сауда арналарына тәртіп орнатып жатыр. 2026 жылға арналған болжам әлдеқашан төмен, сондықтан әлсіз көрсеткіштер акция бағасына қосылып қойған. Біз қорларды сатуда, жаңа өнімдерді шығаруда және көтерме әріптестермен байланысты қалпына келтіруде прогресті көріп отырмыз — бұл біз үшін маңызды бағыттар», — деп жазды Коник.
FactSet дерегі бойынша, сарапшылар тоқсандық табыс өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 15% төмендеп, $10,7 млрд-қа жетуі мүмкін деп күтуде. Пайда бір акцияға $1,01-ден $0,13-ке дейін төмендейді.
Жыл басынан бері Nike акциялары 18%, ал соңғы 12 айда 34% төмендеді. Дегенмен есеп жарияланар алдындағы бейсенбі күнгі саудада компанияның котировкалары 2,5% өсті.
Компания қандай мәселеге тап болды?
Placer.ai дерегі бойынша, соңғы сегіз айда Nike дүкендеріне келушілер саны үздіксіз азайып келеді, дегенмен төмендеу қарқыны біршама бәсеңдеген. Компания жаңа модельдерді шығарар алдында қоймаларды босату үшін ауқымды жеңілдіктер жариялады. Бірақ Evercore сарапшыларының пікірінше, бұл процесс «күткеннен әлдеқайда күрделі» болып шыққан, сондықтан компанияның табысы әлі де төмендей беруі мүмкін, деп жазады CNBC.
Nike сонымен қатар АҚШ-тың Қытайдан әкелетін тауарларға баж салығын 30%-ға дейін көтеруінің салдарынан зардап шегуде, себебі компанияның аяқ киімдерінің басым бөлігі Азияда өндіріледі. Сонымен қатар, Ким Кардашьянның Skims брендімен бірлескен алғашқы өнімі, осы тоқсанда шығуы тиіс болғанымен, жыл соңына қалдырылды, деп хабарлады бұрын CNBC.
Evercore атап өткендей, Nike үшін маңызды Қытай нарығындағы жағдай да нашарлап, инвесторлар арасындағы көңіл-күйге кері әсер етуде.
Дегенмен банк жағымды тұстарды да атап өтеді: инновациялық дизайны бар жаңа өнімдер тұтынушылардың назарын аударуда, ал жақында әртүрлі санаттағы өнімдердің бағасының өсуі баж салығынан келген шығынды өтеуі мүмкін — әрине, бұл клиенттерді үркітпесе ғана.
Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда тұтынушылардың көңіл-күйі біршама жақсарған, және сәуір айының салыстырмалы түрдегі жақсы сатылымы Nike-ке пайдалы болуы мүмкін еді — себебі көптеген тұтынушылар бағалардың өсуінен қауіптеніп, тауарларды алдын ала сатып алған. Бірақ бұл әсер ұзаққа созылмады: мамырда АҚШ-та бөлшек сауда күтілгеннен де төмен түсіп кетті.
Nike қандай шара қолданады?
Nike-тің қаржы директоры Мэттью Френд көктемде төртінші тоқсанның жаңа басшы Эллиотт Хиллдің стратегиясының тиімділігін көрсететін маңызды кезең болатынын айтты. Оның сөзінше, дәл осы тоқсанда Win Now бағдарламасының әсері айқын көрініп, табыс пен маржаға түсетін қысым біртіндеп азая бастайды.
Эллиотт Хилл сондай-ақ бұрынғы басшы Джон Донахью кезінде үзілген көтерме әріптестермен байланысты қалпына келтіріп, спорттық инновацияларға инвестиция салуды қолға алды. Ол басқару командасында үлкен құрылымды өзгерістер жүргізді — қазаннан бері ондаған топ-менеджер тағайындалып, жоғарылады. TD Cowen сарапшысы Джон Кернанның айтуынша, бұл соңғы онжылдықтағы ең ауқымды кадрлық қайта құру, деп жазады Barron's.
Nike сонымен қатар кейбір өнімдерінің, әсіресе $100-дан жоғары тұратын аяқ киімдерінің бағасын өсірді. Мамырда дүкендерге келушілер саны бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 3,2% ғана төмендеді, ал сәуірде бұл көрсеткіш 10,2%, наурызда 8,2% болған еді. Онлайн-трафиктің динамикасы да байқалады, ал тұтынушылар Vomero 18 және Pegasus Premium сияқты жаңа өнімдерді жақсы қабылдауда, деп атап өтеді Raymond James сарапшысы Рик Патель.
«Бұл Nike үшін сатылымның ең төменгі тұсы артта қалғанын көрсетеді», — деп жазады ол Barron's-ке берген түсініктемесінде. Сарапшы Nike акцияларына «ұстап тұру» рейтингін берген.
Жалпы Nike акцияларын бақылайтын 42 сарапшының 19-ы сатып алуды, 21-і ұстап тұруды, тек екі сарапшы ғана сатуды ұсынады. Уолл-стриттің орташа мақсатты бағасы — бір акцияға $71,1, бұл 25 маусымдағы жабылу бағасынан 17% жоғары.








