Екі аналитик «радардан тыс» стриминг компаниясының акцияларын сатып алуды ұсынды

Barron’s «радардан тыс ойыншы» деп атаған шағын стриминг компаниясы Roku 11 желтоқсанда Уолл-стриттің бірден екі аналитигінен «сатып алу» ұсынысын алды. Биыл компания акциялары 40%-дан аса өсіп үлгерді, әрі бұл қарқын сақталады деп санайды Jefferies және Wedbush сарапшылары. Көп инвестор осы өсімді байқамай, нарықтан тыс қалып қойғанын жазады басылым.
Jefferies ұсынысы
Jefferies аналитигі Джеймс Хини Roku акцияларының рейтингін «бейтараптан» «сатып алуға» көтерді және мақсатты бағасын $100-ден $135-ке дейін өсірді. Бұл — Уолл-стриттегі ең жоғары таргеттердің бірі және 11 желтоқсандағы бағаға қатысты 27% өсу потенциалын білдіреді. Хини Roku-ды 2026 жылға арналған шағын және орта интернет-компаниялар ішіндегі басты таңдауы деп атады.
Аналитиктің айтуынша Roku-дың негізгі артықшылығы — шығындарды тиімді басқаруда. Оған қоса, компанияның қаржылық көрсеткіштері жақсарып келеді және бизнесінің негізі мықты. Бұл 2026 жылы капитализацияның өсіміне қолдау бере алады. Хини Roku платформасын «әлі толық монетизацияланбаған, қосымша табыс әкелетін көптеген тетіктері бар» деп сипаттады.
Ол Roku табысы алдағы жылдары тұрақты түрде екі таңбалы өсім көрсетеді деп күтеді. Jefferies-тің оптимистік болжамы бойынша, 2026 жылы кіріс 20% өседі (консенсус — 15%). Соңғы тоқсанда табыс жылдық есеппен 17% артқан. EBITDA өсімі де Уолл-стрит орташа бағасынан 25% жоғары болуы мүмкін.
Компания үшін маңызды драйверлердің бірі — Amazon-пен серіктестікті кеңейту. Бұл маркетологтарға Amazon-ның жарнама сатып алу жүйесі арқылы Roku пайдаланушыларын қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 2026 жылғы АҚШ аралық сайлаулары алдындағы саяси жарнама да өсім береді.
Wedbush ұсынысы
Wedbush Securities Roku-ды өздерінің «Үздік идеялар тізіміне» қосты. Олар да «сатып алу» рейтингін растады және мақсатты бағасын $115-тен $130-ға көтерді — бұл қазіргі бағадан 23% жоғары.
Wedbush сарапшыларының пікірінше, Roku — ұзақмерзімді трендтің бенефициары. Адамдар кабельді ТВ-дан бас тартып, смарт-телевизияға көшіп жатыр, ал жарнама бюджеттері де осы бағытқа ауысуда. Потенциалды бәсекелестердің бірі Amazon бәсекелесуден гөрі серіктестікті таңдады, ал Google да сол жолды таңдауы мүмкін дейді аналитиктер.
Roku жарнама берушілерді тартудың жаңа жолдарын да табуда: мысалы, шағын және орта бизнеске арналған өз жарнама менеджерін іске қосты және көрермендерді тікелей тауарлармен байланыстыратын интерактивті форматтар ұсынды.
Wedbush пікірінше, компания жүргізіп жатқан құрылымдық өзгерістер 2026–2027 жылдары табыстың жедел өсуіне негіз болады.
Компанияның жағдайы
Roku стриминг платформалары арасындағы «соғысқа» қатыспайды, бірақ жеңімпаздар үшін маңызды тарату арнасына айналды. Компания стриминг құрылғыларын шығарады және өз операциялық жүйесін ТВ өндірушілерге лицензиялайды. Ал пайдаланушылар Roku арқылы Netflix, Paramount Plus сияқты сервистерді көреді. Негізгі табыс көзі — жарнама және жазылымдар.
11 желтоқсанда акциялар 0,9% өсті, ал жыл басынан бері +43%. Салыстыру үшін, Nasdaq Composite сол кезеңде 22% өскен. Бірақ Roku котировкалары әлі де 2021 жылғы пандемия кезіндегі рекордтық бағадан 75% төмен.
Уолл-стрит аналитиктерінің орташа мақсатты бағасы алдағы 12 айда шамамен 8,5% өсу потенциалын көрсетеді.








