Paramount Warner Bros үшін Netflix-тен асып түсті: Уолл-стрит не дейді?

Paramount-қа тиесілі Skydance студиясы Warner Bros. Discovery (WBD) компаниясын сатып алу бойынша жаңа ұсыныс жасады. Бұл компания — «Тақтар ойыны», «Гарри Поттер» және «Сақиналар әміршісі» сияқты танымал жобалардың құқық иесі. Paramount акцияның әрбір данасына $30 ұсынды. Бұл — Netflix-тің бұрын ұсыныс білдіріп, Warner келісім берген бағасынан жоғары. Netflix Warner-дің бизнесінің бір бөлігін $27,75 бағамен сатып алуға келіскен болатын.
Егжей-тегжейі
Paramount бас директоры Дэвид Эллисон баспасөз мәлімдемесінде былай деді:
«WBD акционерлері біздің тиімдірек ұсынысымызды қарауға лайық. Біз бүкіл компанияны қолма-қол ақшаға сатып алуды ұсынып отырмыз. Бұл — Warner Bros. Discovery директорлар кеңесіне бұған дейін жеке жолданған шарттармен бірдей. Біздің ұсыныс жоғары баға, нақты кепілдік және мәмілені тез аяқтау мүмкіндігін береді», — деді ол.
Netflix тек Warner компаниясының Голливуд студиялары мен стриминг қызметін сатып алуды көздесе, Paramount бүкіл компанияны иемденгісі келеді. Bloomberg жазуынша, Warner 2024 жылдың қазан айында сатылымға шығатынын хабарлап, Netflix және Comcast компанияларымен бірнеше келіссөз раундтарын өткізген.
5 желтоқсандағы Netflix-пен келісім аясында Warner Bros. CNN, TNT және Discovery Channel секілді кабельдік арналары бар бөлімін бөлек құрылымға бөліп шығаратын болды. Бұл өзгеріс бірігу аяқталғанға дейін іске асады.
Netflix пен Warner арасындағы мәміле жалпы $72 млрд деп бағаланып отыр. Ал дүйсенбі күні Paramount өз ұсынысының WBD акционерлеріне Netflix-ке қарағанда $18 млрд артық пайда әкелетінін мәлімдеді.
Компания сондай-ақ, оның ұсынысы монополияға қарсы реттеушілер тарапынан мақұлдану ықтималдығы жоғары екенін айтты. Себебі Netflix-тің нарықтағы үлесі Paramount+ платформасына қарағанда әлдеқайда көп.
«Біз бастаған істі соңына дейін жеткізгіміз келеді», — деді Дэвид Эллисон CNBC эфирінде.
Егер Warner Netflix-пен жасалған келісімді тоқтатса, онда компания $2,8 млрд көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады, деп жазады Bloomberg. Әдетте, мұндай жағдайда айыппұлды жаңа сатып алушы төлейді.
Өз кезегінде Netflix те мәміле сәтсіз аяқталса немесе реттеушілер келісімді мақұлдамаса, Warner Bros.-қа $5,8 млрд төлеуге міндеттелген.
Сарапшылар не дейді?
Emarketer аналитигі Росс Бенестің айтуынша, Warner Bros. Discovery-ді сатып алу процесі әлі де аяқталған жоқ.
«Қазір Netflix көш бастап тұр, бірақ бұл жарыстың аяғына дейін талай бұрылыстар болады. Paramount акционерлерге, реттеушілер мен саясаткерлерге жүгініп, Netflix-пен мәмілені қиындатуға тырысады. Бұл тартыс ұзаққа созылуы мүмкін», — деді ол Bloomberg-ке берген сұхбатында.
IG Group-тың аға сарапшысы Крис Бичем Reuters агенттігіне берген пікірінде, Paramount өз жағдайын мықты деп санайды және WBD-ді сатып алудың тиімділігі оған тағы бір мәрте талпынуға тұрарлық екенін айтты.
«Енді Netflix қысқа мерзімді акционерлік ауыртпалықты көтеріп, өз ұсынысын одан әрі жақсартуға дайын ба, соны көруіміз керек», — деді Бичем.
Quilter Cheviot компаниясының технология саласындағы зерттеу жетекшісі Бен Бэрринджердің айтуынша, Paramount бұл мәмілеге Netflix-ке қарағанда көбірек мұқтаж.
«Бұл фактор Paramount-тың Warner Bros.-қа берген бағасына әсер еткен болуы мүмкін. Paramount — әлі де дәстүрлі медиа компания, ал қазіргі заманда бәсекеге қабілетті болу үшін көлем жетіспейді. Сол себепті, дәл осындай ауқымды бірігу – Disney-мен бәсекелесу үшін жақсы мүмкіндік», — деді сарапшы Reuters-ке.
Huber Research Partners сарапшысы Крейг Хубер Paramount-тың Warner Bros.-ты сатып алу үшін қарыз алу жоспарына сақ болу керектігін ескертті.
«Медиа саласындағы акциялар үшін қарыз – сенімді құрал емес. Мысалы, CBS пен Viacom бірігуі нәтижелі болды ма?», — деді ол.
8 желтоқсандағы саудада: Warner Bros. акциялары бір мезетте 8%-ға дейін қымбаттап, 2022 жылдың ақпанынан бергі ең жоғары деңгейге жетті, Paramount акциялары да 9%-ға дейін өсті, Netflix акциялары керісінше, шамамен 5%-ға төмендеді.








