Netflix Warner Bros-ты сатып алу туралы эксклюзивті келіссөз бастады

Netflix Warner Bros. Discovery-дің студиялық және стримингтік бизнесін сатып алу туралы эксклюзивті келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл мәміле медиаиндустриядағы күш тепе-теңдігін өзгертуі мүмкін. Голливудта бұл жаңалық наразылық тудырды — киноиндустрия өкілдері Конгресстен араласуды сұрап отыр. Олар нарықтың тым шоғырлануынан және киноиндустрияның дағдарысқа ұшырауынан қауіптенеді. Кей сарапшылар да мәміленің Netflix акцияларына қысым түсіруі мүмкін дейді.
Егжей-тегжейлі
Бірнеше ақпарат көздері Netflix Warner Bros. Discovery-дің киностудияларын, ТВ бөлімшелерін және стриминг активтерін сатып алу бойынша эксклюзивті келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Бұл мәртебе келіссөз кезінде Warner Bros. басқа ұсыныстарды қарастырмайтынын білдіреді.
Reuters дерегінше, Netflix ең жоғары қаржылай ұсыныс жасаған. Сатып алу бағасы — акцияға $28, яғни нарық бағасынан жоғары. 4 желтоқсанда Warner Bros. акциялары $24,54 бағасымен жабылды, ал 5 желтоқсанда пре-маркетте тағы 3,8% өсті. Бұған дейін Netflix мәміленің 85% бөлігін қолма-қол төлей алады деп хабарланған.
Мәміле туралы ресми хабарлама жақын күндері жариялануы мүмкін.
Netflix те, Warner Bros. та ақпарат агенттіктеріне пікір бермеді.
Бұл не өзгертеді
Егер Netflix Warner Bros. активтерін алса, стриминг нарығы айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Мысалы, Netflix пен HBO Max-ты бір жазылымға біріктіру пайдаланушылар үшін арзандау болуы ықтимал.
Reuters мәліметінше, егер реттеушілер мәмілені бұғаттаса, Netflix $5 млрд айыппұл төлеуге келісіп отыр.
Бұл жаңалық Голливудта дүрбелең тудырды — саланың ықпалды тұлғалары АҚШ Конгресіне хат жолдап, мәмілені тоқтатуды сұрады. Олардың айтуынша, бұл бәсекелестікті әлсіретеді, кинотеатр релиздерін қысқартады, контенттің әртүрлілігін азайтады және жаңа қысқартуларға әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар, осы активке үміткер Paramount Netflix-ті қолдады деп Warner Bros-ты айыптады және тәуелсіз комитет құруды талап етті. Paramount бүкіл Warner Bros. Discovery-ді — Discovery арналары, CNN және басқа да активтермен — $60 млрд-қа сатып алуды ұсынған. Бірақ бұл ұсыныс қабылданбады.
Соңғы 3 айда Warner Bros. акциялары екі есе өсті, енді компанияның нарықтық бағасы шамамен $60 млрд.
Сарапшылар не дейді
Brown Advisory сарапшыларының пікірінше Warner Bros. Discovery мен Paramount бірігуі мүмкін деген жаңалық Netflix акцияларына бұған дейін қысым жасаған. Соңғы айда Netflix акциялары 5% төмендеді.
Motley Fool және Morningstar сарапшылары Netflix үшін сатып алу құны тым қымбат болуы мүмкін деп есептейді. Олардың ойынша, бұл компанияның қаржылық жағдайына кері әсер етеді.
Paramount үшін, керісінше, HBO Max-пен бірігу пайдалы болуы мүмкін.
Аудиториялардың айтарлықтай қабаттасуына байланысты сарапшылар біріктірілген стриминг табысы төмендеуі мүмкін дейді, егер Netflix жазылым бағасын көтермесе немесе сервистерді бөлек қалдырмаса — бірақ бұл болжам өте әлсіз сценарий.
Morningstar қорытыныдысы: Егер Netflix Warner Bros-ты сатып алса, оның акцияларының әділ бағасы төмендеуі мүмкін. Paramount үшін нәтиже мәміле бағасына байланысты.








