Netflix акциялары 15%-ға арзандады: сатып алуға қолайлы сәт пе?

Netflix акциялары маусым айының соңында жеткен тарихи максимумнан кейін 15%-ға төмендеді. Бұл құлдыраудың жартысынан көбі компанияның қазан айының соңында Бразилиядағы салықтық шығындар туралы күтпеген мәлімдемесінен кейін орын алды, бұл фактор үшінші тоқсандағы табысқа кері әсерін тигізді. MoffettNathanson талдаушысы Роберт Фишман Netflix инвесторлары үшін үш «аюлы» сценарийді атап өтті, алайда компания акцияларының өсуіне сенім білдіріп отыр.
Егжей-тегжейлі
«Біз акциялардың соңғы төмендеуін Netflix өсімінің келесі кезеңіне қатысуға мүдделі инвесторлар үшін тиімді мүмкіндік деп санаймыз», — деп келтіреді MarketWatch Фишманның талдау жазбасын. Дегенмен, ол клиенттеріне Netflix-тің өсу перспективаларына қауіп төндіруі мүмкін үш «аюлы» сценарий туралы ескерткен.
Үш «аюлы» сценарий
Біріншіден, Фишман пайдаланушылар белсенділігінің баяулау белгілерін атап өтті. АҚШ-та Netflix-тің стримингтік контентті қарау уақытындағы үлесі биылғы жылдың алғашқы жартысында өзгеріссіз қалды. Ал YouTube Google-ға тиесілі тегін видеоплатформа — бұл көрсеткіш бойынша Netflix-тен озып, өсуін жалғастыруда. Соған қарамастан, сарапшының айтуынша Netflix ақылы стриминг қызметтер нарығында әлі де айқын көшбасшы болып қала береді.
Екіншіден, Фишман Netflix-тің бірігу және сатып алу (M&A) саясатына қатысты риторикасының өзгеруі стриминг алпыбының контент ауқымын кеңейту кезінде қиындықтарға тап болғанын көрсетуі мүмкін деп есептейді. Бұрын Netflix ірі сатып алулардан бойын аулақ ұстайтын, алайда қазір Warner Bros. Discovery-дің студиялары мен стриминг бизнесін сатып алуға дайындалып отыр. «Мұндай мәміле Netflix-тің қаржылық теңгеріміне айтарлықтай салмақ түсіріп, ұсыныс құрылымына қарай акционерлердің үлестерін азайтуы ықтимал», — деп ескертеді MoffettNathanson талдаушысы.
Үшінші «аюлы» сценарийде, егер Warner Bros. Discovery басқа бәсекелес компанияға өтсе, жаңа иесі Netflix-ке өз фильмдері мен сериалдарын көрсету құқығын сатудан бас тартуы мүмкін. Дегенмен, Фишман атап өткендей, Netflix пайдаланушыларының қызығушылығын арттыратын басты фактор — компанияның өз контенті болып қала береді.
Өсу әлеуеті қандай?
Тәуекелдерге қарамастан, MoffettNathanson Netflix акциялары бойынша «сатып алу» (Buy) ұсынымын және акцияға $1400 мақсатты баға деңгейін сақтап отыр — бұл нарықтағы орташа көрсеткіштен жоғары. Бұл болжам 12 қарашадағы жабылу бағасымен салыстырғанда шамамен 21% өсу әлеуетін білдіреді. Фишманның пікірінше үш «аюлы» сценарий де жағымсыз болғанымен, Netflix үшін шешуші қауіп төндірмейді. Компанияның әрі қарай өсу мүмкіндігі жоғары — бұл тікелей спорт трансляциялары сегментінде және жарнама бағытын кеңейтуде байқалады.
FactSet-тің деректері бойынша Уолл-стрит аналитиктерінің көпшілігі де Netflix акцияларын сатып алуға кеңес береді. Соңғы үш айда сарапшылардың көңіл-күйі айтарлықтай жақсарған: Buy және Overweight рейтингтерінің саны 34-тен 38-ге дейін өскен, ал бейтарап (Hold) рейтингтер 19-дан 13-ке дейін азайған. Скептиктер азшылықта қалды — бар болғаны екі сарапшы ғана Sell және Underweight ұсынымдарын берген. Орташа мақсатты баға — акцияға $1366,5, бұл қазіргі деңгейден шамамен 18% өсу әлеуетін көрсетеді.








