Goldman Sachs: 10 жылда S&P 500 көшбасшылығын жоғалтады. Инвесторлар не істеуі керек

Bloomberg-тің жазуынша, Уолл-стрит нарығындағы биылғы баяу өсімді дәл болжаған Goldman Sachs сарапшысы Питер Оппенгеймер алдағы онжылдықта АҚШ акциялары әлемдік нарықтардан қалып қояды деп есептейді.
Goldman сарапшылары инвесторларға АҚШ-тан тыс нарықтарға инвестицияны әртараптандыруды ұсынады. Себебі америкалық акциялардың бағасы тым жоғары, бұл олардың өсу мүмкіндігін шектейді.
Неліктен Goldman S&P 500 индексіне сенбейді?
Соңғы он жылда технологиялық акциялар мен ЖИ-ге деген қызығушылықтың арқасында S&P 500 алда келе жатқан еді. Бірақ биыл ол әлемдік нарықтардан қалып қойды: индекс 16% өскен, ал АҚШ-ты қоспағандағы MSCI индексі — 27%.
Қазір S&P 500 басқа нарықтармен салыстырғанда 50%-дан жоғары бағамен саудалануда. Goldman-ның айтуынша, соңғы онжылдықтағы өсімді қолдаған факторлар енді онша әсер етпейді.
Келесі жылы жаһандық компаниялардың табыс өсімі бір деңгейге түсуі мүмкін. Осы себепті S&P 500 инвесторлар үшін тартымдылығын жоғалтады. Индекстің болашақтағы P/E коэффициенті 23-ке жеткен. Бұл пандемиядан кейінгі ең жоғары көрсеткіштердің бірі және дотком дәуіріндегі рекордқа жақын.
Goldman болжамынша, алдағы он жылда S&P 500 индексінің жылдық орташа табысы 6,5% болады. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш.
Goldman Sachs қандай нарықтарға назар аударуға кеңес береді?
Оппенгеймер және оның командасы дамушы нарықтарда ЖІӨ өсімі және құрылымдық реформалар арқылы жақсы нәтиже болатынын айтады. ЖИ-дің ұзақмерзімді пайдасы тек америкалық технологиялармен шектелмейді.
Сарапшылар дамушы елдерде орташа жылдық өсім 10,9% болады деп болжайды. Негізгі үлесті Қытай мен Үндістандағы компания табысы қамтамасыз етеді. Азия (Жапониясыз) 10,3% өсім көрсетеді. Жапония жылына 8,2% өсім беруі мүмкін, оған инвесторларға төленетін төлемдерді арттыруға бағытталған реформалар көмектеседі. Еуропада бұл көрсеткіш 7,1% деңгейінде болады деп күтілуде.








