Экраннан тыс: OpenAI мен экс-Apple дизайнерінің ЖИ-гаджеті несімен ерекше?

2007 жылы Стив Джобс алғашқы iPhone-мен кімге алғаш қоңырау шалғанын білесіз бе? Ол кезде Apple компаниясының өндірістік дизайн жөніндегі аға вице-президенті болған Джонатан «Джони» Айвқа. Ол компанияның басты өнімдерінің дизайнын жасап шыққан тұлға ретінде кең танылды. Ал 2019 жылы Apple-ден кеткен Айв осы аптада жаңалықтардың басты кейіпкеріне айналды. 21 мамырда OpenAI оның қатысуымен құрылған io стартапын 6,5 миллиард долларға сатып алғаны белгілі болды. Бұл мәміле Джони Айв пен OpenAI бас директоры Сэм Альтманның бірігіп төңкеріс жасайтын жаңа ЖИ құрылғысын әзірлеп жатқанын аңғартады. Бүгінде бүкіл әлем: «Бұл не болуы мүмкін?» – деген сұраққа жауап іздеуде.
Англиядан шыққан төңкерісші
Джони Айв – Лондон маңындағы Чингфорд қалашығында туған. Қолмен жұмыс істеуге және дизайнға деген сүйіспеншілік оған отбасынан дарыған: әкесі – күміс бұйым шебері, ал атасы – инженер болған.
Time журналына берген сирек сұхбатында Айв бала күнінде радиодан бастап сағатқа дейін түрлі құрылғыларды бөлшектеп, кейде қайта құрастыра алмай қалғанын айтады. «Заттардың не үшін қажет екенін, қалай жұмыс істейтінін, неден жасалатынын білгім келеді», – дейді ол.
Айв Apple-ге 1992 жылы келіп, 1997 жылы Стив Джобс компанияға қайта оралғанда аға вице-президент деңгейіне дейін көтерілді. Сол кездегі танымал жарқын әрі жартылай мөлдір iMac компьютерлерінің авторы да – дәл осы Айв. Кейін ол iPod, iPhone және iPad секілді Apple-дің барлық маңызды өнімдерінің дизайнын басқарды.
Time журналы Стив Джобс пен Айвтың серіктестігін «қазіргі капитализм тарихындағы ең креативті одақ» деп бағалады.
2011 жылы Джобс қайтыс болғаннан кейін Айв компанияда тағы сегіз жыл жұмыс істеп, 2019 жылы кеткені жайлы сыбыс шыққанда Apple-дің нарықтағы құны бірден 8 миллиард долларға төмендеді. Бірақ көп ұзамай акциялар қалпына келді, ал Айв тәуелсіз LoveFrom дизайн-бюросын басқарып, Apple-мен ынтымақтастығын жалғастырды.
Үшеуінің бірінде – iPhone феномені
Егер тұтынушылық технологиялар нарығындағы ең үлкен төңкерісті айту керек болса, ол сөзсіз – iPhone. Apple бәсекелестер үстемдік құрған салаға (мысалы, Nokia) батыл қадам жасап кірді. Бірақ олар жай ғана жаңа телефон шығарған жоқ, түбегейлі жаңа құрылғы ұсынды.
Техникалық жағынан қарасақ, алғашқы iPhone-да ешқандай мүлдем жаңа технология болмаған. Мысалы, сенсорлық экрандар 1965 жылдан бері белгілі, IBM алғашқы смартфонды 1994 жылы шығарған, ал Nokia 1997 жылы-ақ телефонына Snake ойынын орнатқан. 1999 жылы Kyocera Жапонияда GPS пен камерасы бар телефон жасап үлгерген.
Яғни, iPhone-ға дейін барлық технология бар болатын. Айырмашылық – олардың бәрін бір құрылғыда біріктіріп, бұрын-соңды болмаған қолданушылық тәжірибе ұсынуда еді.
iPhone жақсы дизайн арқылы жетістікке жетті. Олар физикалық батырмалардан да, стилустан да бас тартып, құрылғыны адамның табиғи қимылымен – саусақпен басқаруға мүмкіндік берді. Бұл шешім мобильді қосымшаларды дамытудың да жолын ашты.
Бір жылдан соң іске қосылған App Store экожүйесі сатылымның басты драйверіне айналды. Джобстың сөзімен айтсақ, iPhone – музыка мен видеоны ойнататын кең экранды плеер, телефон және интернетке шығатын құрылғы. Бірақ бастысы – олардың бәрін бір жерде біріктірумен қатар, қолдануға ыңғайлы дизайн жасауында еді.
Айв осылайша күрделі технологияны қарапайым етіп көрсетті. Сол себепті iPhone әлі де әлемдегі ең танымал құрылғылардың бірі: 2024 жылы Apple 331 миллион смартфон сатып, жаһандық нарықтың 23%-ын иеленіп отыр.
Ал енді ЖИ дәуірі басталды
2022 жылы OpenAI GPT чатботымен жасанды интеллект төңкерісін бастаған еді. Енді Сэм Альтман Джони Айвты командасына қосып отыр. Бұл серіктестік iPhone-ға тең революция әкелуі мүмкін бе? Қандай құрылғы болады? Ол смартфон ба, көзілдірік пе, басқа нәрсе ме?
Жауап әзірге құпия, бірақ OpenAI мен Айв біріксе, бұл – жай ғана гаджет емес, біздің экранға қарау тәсілімізді түбегейлі өзгертер құрылғы болуы мүмкін.
Жұмбақ құрылғы
Қазіргі уақытта бұл туралы ресми ақпарат өте аз. OpenAI сайтында жарияланған Сэм Альтман мен Джони Айвтің бірлескен мәлімдемесінде: «Компьютерлер енді көреді, ойланады және түсінеді. Осындай бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктерге қарамастан, біздің тәжірибеміз әлі де дәстүрлі өнімдер мен интерфейстер арқылы қалыптасып жатыр», – делінген.
Сондай-ақ олар бұл идеямен екі жылдан бері жұмыс істеп келе жатқандарын және «жаңа өнімдер қатарын әзірлеу, жобалау және өндіру» бойынша бірлесіп еңбек етіп жатқанын жеткізген.
Команда құрамына аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша үздік инженерлер, технологтар, физиктер, ғалымдар, зерттеушілер мен өнім және өндіріс саласындағы мамандар тартылғанын ескерсек, бұл жаңа өнімдер, сірә, заманауи жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін толық пайдалана алатын физикалық құрылғылар болуы мүмкін.
The Wall Street Journal деректеріне сүйенсек, жаңа құрылғы «тұтынушыны экран шегінен тыс әлемге шығарады». Газет Альтман мен Айв OpenAI қызметкерлеріне арналған жабық брифинг өткізгенін хабарлайды. Сол жерде олар ЖИ негізіндегі 100 миллион дана «серік құрылғы» жасап шығаруды жоспарлап отырғандарын айтқан. Бұл құрылғылар заманауи смартфон сияқты адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Альтманның үміті – осы жоба OpenAI құнын кем дегенде 1 триллион долларға арттырады.
Жаңа құрылғы адам өмір салты мен қоршаған ортаны толық түсіне алады, бірақ өзі көзге түспейді. Ол – бар болғаны қалтада немесе үстелде жататын шағын құрал. Айв пен Альтманның айтуынша, ол MacBook Pro мен iPhone жанындағы үшінші маңызды құрылғы болмақ. WSJ бұл құрылғының телефон да, көзілдірік те емес екенін нақтылайды.
2025 жылғы 22 мамырда танымал индустриялық сарапшы Мин-Чи Куо дереккөзіне сілтеме бермей отырып, құрылғы 2027 жылы шығарылады деп мәлімдеді (Bloomberg 2026 жыл дейді). Өндіріс орны ретінде Вьетнам таңдалуы мүмкін. Бұл АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қақтығысының ықтимал тәуекелдерінен қашу үшін.
Құрылғы шағын әрі стильді болады, iPod Shuffle сандық плеерін еске түсіруі мүмкін, оны мойынға тағып жүруге арналған. Ішіне камералар мен микрофондар орнатылады — олар айналаны бақылауға мүмкіндік береді, бірақ экран болмайды. Қажетті есептеулер мен мәліметтерді көрсету үшін құрылғы смартфон немесе компьютермен байланысады.
Басты сұлба осылай анықтала бастады. Мұндай идеялар бұған дейін де жүзеге асырылып көрген: мысалы, Apple-дің бұрынғы қызметкерлері жасап шығарған Humane AI Pin «ақылды белгісі» мен Rabbit r1 ЖИ көмекшісі. Екеуіне де Сэм Альтман инвестиция салған. Алайда The Verge шолушысы Дэвид Пирстің айтуынша, бұл құрылғылар шикі болды, жиі қателесті, ал нарық оларды қабылдамады.
«Бұл өте сәтсіз өнімдер болды. Онда жаңа ойлау тәсілдері, тың идеялар байқалмады», – деп келтіреді Bloomberg Джони Айвтің сөзін.
Әлемдік деңгейдегі дизайнер бұл жолы мүлде басқа деңгейде жұмыс істемек.
Келер күнге көзқарас
Британдық фантаст-жазушы Иэн Бэнкс 1980 жылдардың соңынан бастап «Мәдениет» туралы романдар сериясын жазған. Бұл — адамдар мен жасанды интеллекттердің бірлесіп өмір сүретін болашақ өркениеті. Интеллекттер автономды роботтарда (автономиктер), қалалық басқару орталықтарында (Түйіндер), ғарыш кемелерінде орналасқан. Олар ақылмен, әділетті және этикалық түрде басқаруға тырысады, күш көрсетуден гөрі сендіруді жөн көреді.
Мұндай әлемде әрбір азамат «терминал» деп аталатын құрылғыны өзімен бірге алып жүреді. Ол жергілікті ЖИ-мен байланысты қамтамасыз етеді.
«Мәдениетте оқиғалар кейіпкердің терминалын ұмытып кетуінен басталатын. Бұл ортағасырлық кейіпкердің орманға кіріп адасып кететін немесе көлігі түнгі жолда бұзылып қалатын сюжеті сияқты болатын.
Терминал — саусаққа тағатын сақина, түйме, білезік, қалам немесе басқа бірдеңе түрінде болуы мүмкін еді. Ол сізді бүкіл Мәдениетпен байланыстырып тұрды. Одан сұрау, тіпті айқайлау арқылы қалаған ақпаратыңызды алуға немесе көмек сұрауға болатын.
Адам жардан құлап бара жатқанда терминал оның жан дауысын Түйінге жеткізіп, ол терминалдың камерасын қосып, жағдайды бағалап, дер кезінде автономик жіберіп үлгеретін (ол ауада қағып алып қалатын).
Тіпті басы жұлынып кеткен адамның миын құтқару оқиғалары да болған. Терминал көмек шақырып, адамға жаңа дене өскенше бірнеше ай күту ғана қалған. Терминал — қауіпсіздік символы еді», — деп жазды Бэнкс 1988 жылғы «Ойыншы» романында.
Таныс па? Фантастикадағы болашақ күн өткен сайын шынайылыққа айналып келеді.








