Eli Lilly гендік инженерия стартабын сатып алды. Бұл инвесторларға нені аңғартты?

Eli Lilly атты ірі фармацевтикалық компания Verve Therapeutics биотехнологиялық стартапын шамамен 1,3 млрд долларға сатып алуға келісім жасасты. Бұл баға Verve-тің нарықтағы құнынан шамамен 67 пайызға жоғары. Бұл мәміле арқылы Eli Lilly жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған гендік терапия бағдарламасын толық бақылауына алады. Аталған бағдарламаны компания осыған дейін Verve-пен бірлесіп әзірлеген. Артық салмақ пен қант диабетін емдеуге арналған танымал Zepbound және Mounjaro препараттарын өндіретін америкалық компания өз табысын осы екі өнімге тәуелді етпеу үшін өнім түрлерін көбейтуді көздейді. Сарапшылардың пікірінше, бұл келісім жалпы гендік инженерия саласына да оң әсер етуі мүмкін.
Егжей-тегжейі
Әлемдегі ең қымбат фармацевтикалық компания саналатын Eli Lilly жүрек-қан тамырлары ауруларына қарсы гендік технологияларды әзірлейтін Verve Therapeutics стартапын сатып алатынын мәлімдеді.
Мәміле сомасы 1,3 млрд долларға дейін жетуі мүмкін. Eli Lilly Verve-тің барлық айналымдағы акциясын әрқайсысын 10,5 доллардан сатып алады. Бұл — 16 маусым күнгі жабылу бағасынан 67,5 пайыз жоғары және шамамен 1 млрд доллар. Қалған 300 млн доллар (әр акцияға 3 доллар) Verve клиникалық сынақтарда белгілі бір нәтижелерге жеткен жағдайда төленеді. Келісімді биылғы үшінші тоқсанда аяқтау жоспарланған.
Bloomberg агенттігінің жазуынша, бұл сатып алу Eli Lilly компаниясына Verve-пен әріптестік аясында бірлесіп қаржыландырған бағдарламаны толық иеленуге мүмкіндік береді. Екі компания 2023 жылдан бастап атеросклерозға әкелетін негізгі қауіп факторларының бірі — липопротеин(a) деңгейін төмендетуге бағытталған гендік терапияны бірлесіп әзірлеп жатыр. Lilly компаниясының диабет пен метаболизм саласындағы зерттеулер жөніндегі вице-президенті Рут Хименo мұндай терапия адам ағзасында тікелей қолданылатын алғашқы гендік редакциялау әдісі болуы мүмкін екенін айтты.
Неге бұл маңызды?
Eli Lilly-дің басты табыс көзі — артық салмағы бар адамдарға арналған Zepbound препараты. Бұл дәрі дат компаниясы Novo Nordisk шығарған Wegovy препаратымен бәсекелес. Zepbound-қа берілген патенттің мерзімі 10 жылдан кейін аяқталады. Бірақ компания қазірден бастап табыс көзін әртараптандыру үшін болашағы зор жобаларға инвестиция салып жатыр, деп жазады Bloomberg. Мысалы, қаңтарда Eli Lilly қатерлі ісікке қарсы дәрі әзірлеп жатқан Scorpion Therapeutics компаниясына 2,5 млрд доллар, ал мамырда ауырсынуды басатын дәрілер әзірлейтін SiteOne Therapeutics компаниясына 1 млрд доллар төлеуге келіскен.
Eli Lilly мен Verve арасындағы бұрыннан бар әріптестік және соңғы клиникалық сынақтардың жақсы нәтижелері аясында бұл мәміле қисынды көрінеді, дейді BMO Capital Markets сарапшысы Костас Бильоурис. Оның айтуынша, келісім гендік редакциялау саласының дамуына да оң ықпал етуі мүмкін.
— Verve-ті сатып алу фармацевтика саласының гендік редакциялау нарығына тек серіктестік арқылы емес, тікелей инвестиция салуға дайын екенін көрсететін қуатты белгі болуы мүмкін. Бұл технологияның коммерциялық әлеуеті бар екенін аңғартады, — деді Бильоурис Barron’s басылымына.
Акциялардағы өзгеріс
Verve компаниясын сатып алу туралы хабар шыққаннан кейін, оның акциялары 17 маусымдағы саудада 77 пайызға өсіп, 11,1 долларға жетті.
Ал Eli Lilly акцияларының бағасы сейсенбі күнгі саудада өзгерген жоқ деуге болады. Жыл басынан бері компанияның нарықтық құны 4,6 пайызға артқан. Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-тың негізгі S&P 500 индексі осы аралықта 2,6 пайызға ғана өскен.
MarketWatch мәліметінше, 31 сарапшының 25-і Eli Lilly акциясын сатып алуға кеңес береді. Үшеуі — бейтарап (ұстап тұру) позицияда, ал екеуі ғана сатуға кеңес берген. Уолл-стриттегі орташа болжам бойынша, компания акциясының құны 987,2 доллар болады деп күтілуде. Бұл 16 маусымдағы жабылу бағасынан 20 пайызға жоғары.








