«Ең маңызды кезең енді басталады»: Tesla есебі алдында Уолл-стритті не алаңдатуда?

Tesla электромобиль өндірушісі өткен тоқсан бойынша рекордтық жеткізілім жасағанын хабарлаған соң сарапшылар одан мықты нәтиже күтуде. Tesla-ға сұраныстың күрт өсуіне электрокар сатып алуға берілетін салықтық жеңілдіктердің мерзімінің аяқталуы әсер етті. Алайда, ағымдағы тоқсанда компания қиындықтарға тап болуы мүмкін. Электрокар нарығының баяулауына байланысты инвесторлар назары Илон Масктың стратегиясына ауып отыр — ол Tesla-ны автокөлік өндірушіден жасанды интеллект саласындағы ірі ойыншыға айналдыруды көздеп, басты ставканы роботакси мен адам тәрізді роботтардың дамуына арнап отыр.
Егжей-тегжейлі
Tesla үшінші тоқсанға арналған есебін 22 қазанда, АҚШ-тағы негізгі сауда аяқталғаннан кейін жариялайды және онда жақсы нәтижелер көрсетуі мүмкін, деп болжады Уолл-стрит сарапшылары. Сарапшылардың бұл үміті электрокарларға деген сұраныстың артуымен байланысты — америкалық сатып алушылар қыркүйекте мерзімі аяқталған салықтық жеңілдіктерді пайдаланып қалуға тырысқан, деп хабарлады Bloomberg.
Сарапшылардың болжамынша, Tesla табысы алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 17% өсіп, $26,4 млрд-қа жетуі мүмкін, — деп хабарлайды MarketWatch FactSet дерегіне сілтеме жасап. Бір акцияға шаққандағы түзетілген пайда консенсус бағалауы бойынша $0,55 болады — бұл өткен тоқсаннан 38% жоғары, бірақ жылдық мәнде 24% төмен. Таза пайда шамамен $1,8 млрд деңгейінде күтілуде, ал бұл 2024 жылдың үшінші тоқсанындағы $2,2 млрд-пен салыстырғанда аз. Bloomberg атап өткендей, Tesla пайдасының азаюы күтпеген жағдай емес — компания нәтижелері соңғы бірнеше жыл бойы төмендеп келеді, дегенмен акцияының бағасы өсуін жалғастыруда.
Қазанның басында Tesla үшінші тоқсандағы рекордтық жеткізілімдер туралы хабарлаған — барлығы 497 099 көлік, бұл Уолл-стрит сарапшыларының 456 000 бірлік болжамынан жоғары. Негізгі сатылымды Model Y мен Model 3 қамтамасыз етті, ал Model X, Model S және Cybertruck үлгілерінің жалпы жеткізілімі 16 000-нан аз болды. Алайда салықтық жеңілдіктер мерзімі аяқталған соң, электрокарларға сұраныс төмендеуі мүмкін, деп жазады MarketWatch. Сатып алушыларды сақтап қалу үшін компания жаңа, қолжетімді нұсқаларды ұсынғанымен, олардың бағасы күтілгеннен жоғары болып шыққан.
Уолл-стритте не айтылды?
Инвесторлар мен сарапшылардың назары қазір Tesla-ның болашақ жоспарларына және Илон Масктың көзқарасына ауып отыр, дейді MarketWatch. Нарық қатысушыларын компанияның электрокар нарығындағы басымдығын сақтай ала ма, және сонымен қатар инвесторлар мен трейдерлердің назарын автокөлік сатылымынан Tesla-ның жасанды интеллект саласындағы болашағына — автономды жүргізу мен адамтектес роботтарға бағыттай ала ма, деген сұрақтар қызықтырады.
Futurum Group зерттеу компаниясының бас директоры Дэниел Ньюманның айтуынша, «Tesla тарихы тек бір тоқсанның нәтижесімен емес, компанияның болашақта да жаңашылдықты жалғастыра алуына деген сеніммен байланысты», — деп келтіреді оның сөзін Bloomberg
«Біз әлі де сенімдіміз: Tesla-ның өсім тарихындағы ең маңызды кезең дәл қазір — жасанды интеллекттен басталып жатыр», — дейді Уолл-стриттің танымал технооптимисі, Wedbush сарапшысы Дэн Айвз. Оның айтуынша, Tesla компаниясының ағымдағы бағалауы $1,5 трлн болса, ол келесі жылдың басына қарай $2 трлн-ға, ал 2026 жылдың соңына дейін $3 трлн-ға дейін өсуі мүмкін — бұл робот-таксилердің жаппай өндірісінің арқасында жүзеге асады.
Алайда, барлығы мұндай оптимизмді бөлісе бермейді. CFRA Research сарапшысы Гаррет Нельсонның пікірінше, Tesla-ның жетістіктері әсерлі болғанымен, Илон Маск тым үлкен уәделер беріп, робот-такси желісінің қысқа мерзімді өсіміне қатысты шынайы емес күтулер қалыптастыруы мүмкін. Сондай-ақ, ол ел көлемінде робот-такси бағдарламасын жылдам іске қосу кезінде сот істерінің тым жоғары тәуекелі барын атап өтті. Осы себепті өткен айда сарапшы Tesla акциясының рейтингін «ұстап тұрудан» («Hold») «сатуға» («Sell») дейін төмендеткен.
«Нарық Tesla-ны жай ғана автокомпания емес, одан да ауқымды нәрсе ретінде қабылдап отыр, — деді Bloomberg-ке Siebert Financial инвестициялар жөніндегі директоры Марк Малек. — Бірақ, ақыр соңында, ол бәрібір көлік өндіруші компания. Егер ол таза жасанды интеллект компаниясы болса, оны бағалау әлдеқайда оңай болар еді».
«Қазір Microsoft пен Nvidia сияқты компаниялар жасанды интеллекттен нақты табыс таба бастады, ал Tesla-ның бағалауы — оның автономды жүргізу мен робототехника есебінен кімге айнала алатынына негізделіп отыр, — дейді Roundhill Financial бас директоры Дэйв Мацца. — Дәл осы көзқарас пен оны жүзеге асыру арасындағы алшақтық компанияның келесі даму кезеңін айқындайды».
Кей сарапшылардың пікірінше, компанияның электрокар жеткізілімі осы айдың өзінде күрт төмендеуі мүмкін, себебі арзанырақ үлгілерді шығару жоспары инвесторлар мен нарық тарапынан ерекше қызығушылықпен қабылданбады. Мысалы, Barclays сарапшысы Дэн Левидің бағалауынша, Tesla-ның төртінші тоқсандағы сатылымы шамамен 425 000 көлікті құрайды, ал Уолл-стрит консенсус-болжамы — 448 000 дана, деп хабарлайды Bloomberg.
«Төртінші тоқсандағы сатылым әлсіз көрінеді. Мүмкін, жағдайды сипаттайтын ең дұрыс сөз — кенет құлдырау», — деп ескертті Bloomberg Intelligence сарапшысы Стив Мэн.








