АҚШ-та Масктың рекордтық бонусына қарсы кампания басталды. Ол $1 трлн алуы мүмкін

АҚШ-та бірқатар кәсіподақтар мен ықпалды ұйымдар Илона Маскқа арналған жаңа сыйақы пакетін тоқтатуға бағытталған Take Back Tesla («Tesla-ны қайтарып алайық») атты кампаниялық сайтты іске қосты. Олар компания акционерлерін Масктың компенсациялық жоспарына қарсы дауыс беруге шақырады. Егер бұл бонус мақұлданса, Маск шамамен $1 трлн көлеміндегі акцияларды иеленіп, Tesla компаниясындағы үлесін күшейте алады. Мұндай шарттарға акционерлерге кеңес беретін екі ірі компания да қарсы шықты.
Егжей-тегжейлі
1,7 млн мүшесі бар American Federation of Teachers кәсіподағы және тұтынушылар құқығын қорғау мен корпоративтік жауапкершілікті арттырумен айналысатын Public Citizen коммерциялық емес ұйымы Take Back Tesla атты сайтты іске қосты, деп хабарлайды CNBC. Сайт электр көліктерін өндіруші компания акционерлерін бас директор Илон Маскқа ұсынылған $1 трлн көлеміндегі «асыра сілтенген» бонус пакетіне қарсы дауыс беруге шақырады. Бұл сыйақы жоспарын Маскқа компанияның директорлар кеңесі ұсынып отыр, ал дауыс беру 6 қарашада өтеді.
Take Back Tesla сайтына қатысушылар автоөндіруші компанияның акцияларына инвестиция салатын мемлекеттік зейнетақы және инвестициялық қорларды басқаратын тұлғаларға үндеу жолдап, бұл бонусты қабылдамауды талап етуді ұсынады. Ұйымдардың пікірінше Масктың соңғы әрекеттері «Tesla брендіне зиян келтіріп, оның компания басқаруына деген назарын әлсіретті». Ал ұсынылған сыйақы жоспары, олардың айтуынша, кәсіпкерді Tesla-ға басқа жобаларынан артық көңіл бөлуге міндеттемейді.
Коалиция құрамына Маскқа төленетін рекордтық бонустың қарсыластары ретінде тағы бірнеше ұйым кірді. Олардың қатарында Уолл-стритті қатаң реттеуді, тұтынушыларды қорғауды және қаржылық әділдікті қолдайтын Americans for Financial Reform атты азаматтық ұйымдар бірлестігі бар. Бұл бастаманы сондай-ақ Communication Workers of America кәсіподағы, People’s Action қозғалысы, Stop the Money Pipeline альянсы және басқа да ұйымдар қолдауда.
Тағы кім қарсы
Акционерлерге дауыс беру кезінде қандай шешім қабылдау керегін ұсынып, кеңес беретін екі жетекші компания, прокси-консультанттар деп аталатын компаниялар да, Масктың рекордтық өтемақысына қарсы шықты.
Glass Lewis & Co. компаниясы бұл жоспар акционерлердің үлесін азайту қаупін тудыратынын және оның басқа да күмәнді шарттары бар екенін атап өтті, деп жазады Bloomberg. Ал осыған ұқсас екінші кеңесші фирма — Institutional Shareholder Services (ISS) де қарсы позиция танытты. Мұндай кеңесшілер әсіресе пассивті қорлар арқылы активтерді басқаратын институционалдық инвесторлардың дауыс беруіне айтарлықтай ықпал етеді, деп түсіндіреді агенттік.
2018 жылы аталмыш екі компания Маскқа ұсынылған шамамен $56 млрд көлеміндегі алдыңғы өтемақы пакетін де қолдамауды ұсынған еді. Алайда сол кезде акционерлердің шамамен 75%-ы бұл жоспарды мақұлдады. Кейін бұл бонус сот шешімімен тоқтатылды, ал сот талқылауы әлі де жалғасып келеді.
Нью-Йорктың қаржылық бақылаушысы Брэд Лендер, басқаруындағы зейнетақы қоры $300 млрд активке ие, бұл жоспарға қарсы екенін мәлімдеді, деп жазады CNBC.
Оның айтуынша: «Жалпы алғанда, Tesla біз үшін табысты инвестиция болды, акциялары өсті, сол себепті біз оны сатпадық. Бірақ мен директорлар кеңесін жеткілікті тәуелсіз деп санамаймын, ал Маскты компания басшысы ретінде жұмыста жиі болмайтын жетекші деп есептеймін. Бұл пакет – акция бағасының тұрақсыздығы мен тұтынушылар сенімінің төмендеуінен кейінгі қысыммен жасалған талап сияқты», – деді ол.
Тамыз айындағы жағдай бойынша, Лендер басқаратын қорлардың Tesla акцияларындағы үлесі шамамен $1,1 млрд болған.
Кэти Вуд Маскты қолдады
Tesla компаниясының көпжылдық жанкүйері әрі инвесторы Кэти Вуд рекордтық сыйақы жоспарын қолдады. Ол компанияның акцияларын алғаш рет он жыл бұрын $13 бағамен сатып алған. ARK Invest қорының негізін қалаушы әрі бас директоры Вудтың айтуынша мәселе Tesla-да да, Маскты әлемдегі ең бай адамдардың біріне айналдыруда да емес. Оның пікірінше, проблема — осындай қарсылық кампанияларын ұйымдастыруға мүмкіндік беретін қаржылық жүйеде.
Вуд X әлеуметтік желісінде: «Прокси-консультанттардың әсері тым үлкен. Бұл — күйінішті жағдай, тіпті қауіпті десе болады», — деп жазды.
Маскқа қандай бонус ұсынылды
Илон Маскқа ұсынылған $1 трлн көлеміндегі акция түріндегі өтемақы жоспары 10 жылға есептелген. Осы кезең ішінде Маск жалақы да, ақшалай бонус та алмайды. Оның орнына ол белгілі бір мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізген сайын акция пакеттерін алуға мүмкіндік ие болады.
Financial Times талдауына сәйкес ең жоғары өтемақы — 423 млн акция — өте қиын шарттар орындалғанда ғана беріледі. Ол үшін Tesla-ның нарықтық капитализациясы қазіргі $1,5 трлн деңгейінен $8,5 трлн-ға дейін өсуі керек.
Сонымен қатар компания тағы 12 млн электр көлігін сатуы тиіс; автопилот жүйесіне 10 млн ақылы жазылым жинауы қажет; 1 млн роботакси тіркеп, оларды жолға шығару керек; жасанды интеллект негізіндегі 1 млн робот сатуы тиіс; ал түзетілген пайдасын 24 есеге өсіріп, $400 млрд-қа жеткізуі керек.
Сонымен қатар Reuters-тің талдауынша Маск ең ауқымды мақсаттарға жете алмаса да, ондаған миллиард доллар таба алады. Мысалы, ол бірқатар жеңілірек талаптарды орындау арқылы $50 млрд-тан астам бонус алуы мүмкін. Бұл көрсеткіш компания өнімдері немесе бизнес-моделіндегі түбегейлі өзгерістерді қажет етпеуі де ықтимал.
Егер ең жеңіл екі талап орындалса және компания акциялары біршама өссе, Маск $26 млрд ала алады. Бұл – әлемдегі ең жоғары жалақы алатын сегіз бас директордың барлық мансаптық табысын қосқаннан да көп, деп жазады Reuters. Олардың қатарында Meta басшысы Марк Цукерберг, Oracle негізін қалаушы Ларри Эллисон, Apple бас директоры Тим Кук және Nvidia жетекшісі Дженсен Хуанг бар.
Бұл сыйақы пакеті бойынша Маск алуы мүмкін қосымша акциялар оның Tesla-дағы үлесін кем дегенде 25%-ға дейін арттырады, деп хабарлады Bloomberg. Tesla компаниясының мәліметінше, дәл осы үлес көлемін Маск компанияда жұмысын жалғастыру шарты ретінде қойған.








