Tesla Маскқа $30 млрд көлемінде акциялар бермек. Бұл оны компанияда ұстап қалуы тиіс

Tesla-ның бас директоры Илон Маск компаниядан $30 млрд көлемінде акциялар пакетін алады. Бұл оны 2027 жылға дейін кем дегенде басшылық қызметте қалдыруды көздейді. Бұған дейін сот Масктың бонусын бұғаттағанымен, директорлар кеңесі кәсіпкердің үлесін «ерекше» деп танып, оны басшылықта қалдыру қажет деп шешті. Инвесторлар бұл шешімді қолдады. Қытайдағы сатылымның төмендегені туралы жаңалыққа қарамастан, акциялар өсті.
Егжей-тегжейлі
Tesla директорлар кеңесі компанияның бас директоры және миллиардер Илон Маскқа шамамен $30 млрд тұратын 96 миллион акцияны жаңа өтемақы келісімі аясында беру туралы шешімді мақұлдады. Tesla-ның мәліметінше шешім тек директорлар кеңесінің төрайымы Робин Денхолм мен оның тәуелсіз мүшесі Кэтлин Уилсон-Томпсон кірген арнайы комитеттің ұсынымы бойынша қабылданған.
Маск әр шектелген акция үшін бар болғаны $23,34 төлейді. Tesla бұл сома 2018 жылғы өтемақы пакетіндегі опциондарды іске асыру бағасына сәйкес келетінін түсіндірді. Қазіргі таңда Tesla акциялары биржада $300-ден жоғары саудалануда.
Tesla материалдарында айтылғандай, егер Маск осы уақытқа дейін бас директор қызметінде қалса, онда бұл акциялар 2027 жылғы 3 тамызда оның меншігіне өтеді.
«Біз бұл өтемақы Иллонды Tesla-да қалуға итермелеп, оның бірегей көшбасшылық қасиеттерін инвесторлар үшін акционерлік құнды арттыруға, сондай-ақ дарынды кадрларды тарту мен ұстап тұруға бағыттайды деп сенеміз. Нақтырақ айтсақ, Иллонның кетуі оның жеке дарынымен қатар, компанияға талантты қызметкерлерді тартып, ұстап тұратын көшбасшысынан айырылуды білдіреді», — делінген Tesla-ның акционерлерге жазған хатында.
«Менің ойымша Tesla-дағы менің бақылауым компанияның дұрыс бағытта дамуын қамтамасыз ететіндей жеткілікті болуы керек. Бірақ, егер мен есімнен танып қалсам, мені орнымнан алып тастауға болатындай шамада қалуы тиіс», — деді Маск дүйсенбі күнгі инвесторлармен конференц-колл барысында (Financial Times келтіреді).
Акциялардың жағдайы
4 тамыздағы саудада Tesla акциялары өткен аптадағы төрт күндік құлдыраудан кейін 3%-ға өсті. Жаңа бонус туралы ақпараттың бағамдарды қолдауы заңды — инвесторлар бұл өтемақы Маскты компанияда ұстап қалуға көмектеседі деп үміттенеді. Себебі ол бірнеше компанияны қатар басқарып, саяси партия құру жоспарларын да жүзеге асырып жүр, деп жазады Barron’s.
Акциялардың вестинг (меншікке өту) кестесіне сәйкес Маск алдағы бес жылда бас директор ретінде қала береді деп болжайды MarketWatch жариялаған Wedbush талдаушысы Дэн Айвз.
Маскқа берілген акциялар пакетін мақұлдау инвесторлардың Қытайдағы Tesla сатылымдарының төмендеуі туралы жаңалыққа көз жұмып қарауына да әсер етуде. Дүйсенбі күні Tesla шілдеде Қытайда өндірілген көліктер жеткізілімі 8,4%-ға азайғанын хабарлады.
Жыл басынан бері Tesla акциялары жеткізілімдердің азаюы мен Масктың саяси белсенділігіне қатысты алаңдаушылықтарға байланысты 25%-ға арзандады. Салыстыру үшін, S&P 500 индексі осы кезеңде 6,1%-ға өсті.
Мәселенің тарихы
Tesla мен Маск алты жылдан астам уақыт бойы оның еңбек өтемақысы жөніндегі сот ісіне тартылып келеді. 2018 жылы Tesla бірегей схема бекітті — Forbes рейтингінде әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Маск компаниядағы жалақысынан бас тартып, нақты мақсаттарға қол жеткізген жағдайда 12 акцияның опциондық пакетін алатын болды. Маск бұл опциондарды алу қажеттілігін Tesla-ны жасанды интеллект саласында кеңейту үшін бақылауды күшейту керек деп түсіндірген. Алайда, келісім акционерлер арасында наразылық тудырды, біреуі оны сотқа берді. 2024 жылғы қаңтарда сот директорлар кеңесі шешімді қабылдауда Масктың ықпалында болды деп танып, өтемақы пакетін жойды. Қазіргі уақытта бұл іс Делавэр штатының Жоғарғы сотында қаралуда. Егер апелляция қанағаттандырылса және жойылған өтемақы пакеті қалпына келсе, Масктың Tesla-дағы үлесі 13%-дан 20%-дан жоғары деңгейге дейін өседі, деп жазады FT.
Илон Маск компаниядан көбірек бақылау алмаса, оны тастап кететінін бірнеше рет ескерткен. Шілдеде Tesla соңғы 10 жылдағы «ең нашар тоқсан» туралы есеп берген соң, ол бұл ескертуін тағы қайталап, «белсенді акционерлер оны ығыстырып жіберуі мүмкін» екенін айтты.
Оның айтуынша, компанияға қысым көрсетіп отырған факторлар — АҚШ-та электромобильдер сатып алуға арналған субсидиялардың жойылуы мен автономды жүргізу технологияларын енгізудің баяулығы. 2025 жылдың басынан бері Tesla акциялары 20%-дан астам төмендеді, көктемдегі қысқа мерзімді өсімге қарамастан.
S&P Global Mobility жүргізген сауалнамаға сүйенсек, Маск Дональд Трампты президенттікке қолдап, оның әкімшілігінде мемлекеттік шығындарды қысқартуға кіріскеннен кейін Tesla-ға деген тұтынушы адалдығы АҚШ-та «соңғы жылдардағы ең төмен деңгейге» түскен. Егер 2023 жылдың маусымында Tesla иеленген үй шаруашылықтарының 73%-ы тағы бір Tesla сатып алуға дайын болса, 2025 жылдың наурызында (Маск мыңдаған мемлекеттік қызметкерді жұмыстан шығарғаннан кейін) бұл көрсеткіш 49,9%-ға дейін құлдыраған.








